• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қазан, 2020

Волонтерлік қозғалыстың келешегі кемел

781 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған болатын. Осы жылдың аясында елімізде талай іс-шараның атқарылғаны белгілі. Әсіресе коронавирус пандемиясы белең алған тұста волонтерлер қиындықты еңсеруге жан-жақты қолдау көрсетті. Елімізде волонтерлік қозғалыстың дамуы және болашағы жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Анапияұлы Тлеповпен сұхбаттасқан едік. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялау туралы шешімі елімізде волонтерлік қозғалыстың дамуына қаншалықты серпіліс берді?

– Жалпы, «волонтер» дейміз, «ерік­тілер» дейміз... Бұл түсініктер біздің сөздік қорымызға жақында ғана еніп жатқандай. Кейбіреулер «әлемдік үрдіс болғаннан кейін, қалмау керек, әйтеуір...» деп те жатады. Бірақ жақы­ныңа жанашыр болу – біздің ежелден бері дәстүрімізде бар дүние. Мәселен, «асар» деген ұғымды барша қазақ жақсы біледі. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды  халқымыз асарлатып атқаратын. Яки, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұранмен жаныңдағы адамға, тұтас қауымға көмектесу. Нақты іспен, ортақ күшпен ғана емес, ізгі ниетпен, тілектес көңілмен қолдау.

Сондықтан да, ел Президенті: «Ерік­тілік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет»,  деп, 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған болатын.

Әрине, осы сәттен бастап қоғамымыз да, адамымыз да бірден «волонтер» атанып, жұмысқа белсене араласып кетті дегеннен аулақпын. Елді мұндай игі бастамаға ұйыту үшін үлкен жұмыс атқарылды. Волонтерлер қозғалысын дамыту, оның мәртебесі мен беделін көтеру үшін көптеген іс-шаралар қолға алынды. Үкімет тарапынан арнайы Жоспар да қабылданды. Алайда пандемияға байланысты бірқатар бағыттарды өзгертуге тура келді. Онлайн форматқа ауысқаны бар, кейінге қалдырылғаны бар...

Десе де, «көптігің жиналғанда емес, қиналғанда көрінеді» деген емес пе. Айтып келмеген індет елдің ұйысуына, әсіресе, ерікті азаматтарымыздың ұйымдасып, белсенділігінің артуына себепші болды. Мысалы, биылғы жылы волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есеге артқан, яғни жыл басында – 224 ұйым болса, қазіргі таңда – 568 ұйымды құрады. Ал волонтерлердің саны 2,5 есеге ұлғайып, 70 мың адамға жетті. Волонтерлердің ең көп саны Ақтөбе  (13794), Батыс Қазақстан  (8008), Жамбыл (6784) және Павлодар  (6401) облыстарында тіркелген.

Ол да болса, мемлекеттің осы бағыт­та пандемияға дейін жасаған жағдайы­ның арқасында деп білемін. Атап айтқанда, волонтерлік қызмет туралы заң қабылданып, құқықтық реттеу тетігі бекітілді. Өңірлерде волонтерлер штабы ашылып, қоғам тарапынан қолдауды қажет ететін салаларға ел азаматтары, жастар жұмылдырылды. Мәселен, бір ғана экологиялық «Таза Қазақстан» акциясына 300 мың адам қатысқан болатын. Арысты қалпына келтіруде жүздеген жас волонтердің белсенділігін көрдік. Мұнымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде 7 мыңнан астам волонтер қызмет атқарды.

Мұның бәрі – осы волонтерлік қоз­ғалысқа деген қызығушылықтан ту­ған көрініс. Жақсылыққа жаны құмар жандар кәрі-жасқа, ер-әйелге бөлінбейді. Бұл немқұрайдылыққа қас, ауызбіршілікке жақ, надандыққа жау, адамдыққа дос азаматтарға ғана бұйыратын қасиет.

– Волонтерлік саланы қолдауда мемлекеттің үлесі қандай?

– Баланы ата-ана, азаматты қоғам, қоғам­ды заман тәрбиелейді. Ал заман­ның қандай болуы – сол заманның заңын жасайтын мемлекетке байланысты. Сондықтан да қоғамдағы қайсы бір игі­лікті істің баянды болуында мемлекеттің үлесі зор.

Ал енді, волонтерлер қозғалысын қолдау – ең алдымен мемлекеттік мүдде. Өйткені санасы сауатты, жүрегі ашық, жаны жомарт азаматтар – кез келген елдің ертеңі. Баға жетпес байлығы һәм тірек болар әлеуеті. Жаңа айтып отырмын, мұндай қолдаудың ең маңыздысы оларға тиісті жағдай жасау. Айталық, білім беру, әдістемелік және ақпараттық тұрғыда, сондай-ақ жабдықтармен қамтамасыз етуде көмек көрсету.

Өздеріңізге мәлім, жыл басталғаннан-ақ ел Президенті волонтерлердің респуб­ликалық кеңсесін іске қосты. Оған ілесе көп ұзамай 17 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс жасай бастады.

Оның негізгі міндеті – қоғамдағы түрлі мәселелерге, көмек қолын қажет ететін сұрақтарға мониторинг жасау арқылы орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің, бизнес-құрылымдар мен волонтерлік ұйымдардың жобалары мен бастамаларын үйлестіру.

Әрине, мемлекеттік қолдау тек осымен шектелмейді. Бір ғана мысал. Біздің министрлігіміздің өз бастамасымен Bilim, Saýlyq, Sabaqtastyq, Taza Álem, Asyl mura, Qamqor, Úmit атты 7 жалпыұлттық жоба іске асуда. Нәтижелері жоқ емес. Осы уақытқа дейін түрлі консультациялық, оқыту-әдістемелік көмек көрсету үшін волон­терлерді қолдау орталықтары ашылып, 5600-ден астам волонтер оқу­дан өтті, 50 волонтерлік бастамашылар тобы жасақталып, 500-ден астам шағын грант бөлінді. Әрбір гранттың сомасы 300 мың теңгені құрайды.

Сөз жоқ, бұл ауқымды көмек. Бірақ мұндай мемлекеттік қолдаудың өзі волонтерлердің барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жергілікті жерлердегі әкімдіктер тарапынан да мүмкіндігінше осындай бастамалар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұдан бөлек, 2019 жылдан бері «Жастар жылы» аясында студенттерді әлеуметтік және қоғамдық пайдалы қызметке кеңінен тартуға бағытталған «Әлеуметтік студенттік несие» деген жоба іске асып жатқандығы белгілі. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арасындағы ортақ меморандум аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта өзгерте алады.

Айталық, жоғары оқу орнында оқитын, сонымен бірге волонтерлік қыз­метке белсенді араласып жүрген жас­тарға әлеуметтік студенттік кредиттің мына­дай түрлері ұсынылады: 20 сағат­тық қызметі үшін 20 000 теңгеге кредит; 50 сағат қызметі үшін 50 000 теңгеге кредит.

Біреуге, бәлкім, аз көрінер. Десе де, жылдық жинағы жаман болмайды. Ең бастысы – жас жүрек өзінің қоғамға қажеттігін, еңбегінің маңыздылығын сезеді.

– Пандемиямен күресте волонтерлер алдыңғы шепте болғанын жақсы білеміз. Осы жөнінде айтып берсеңіз?

– Бауыржан Момышұлының: «Жиыр­ма – ерлік көрсететін жас» деген сөзі бар. Міне, осы қанатты қағиданы биыл «Жиырма – ерлік көрсететін жыл» деп өзгерте айтсақ, батыр бабамыздың аруағы разы болар деп ойлаймын. Өйт­кені шы­нында да көпшілікке көрінбей-ақ өзінің «азаматтық ерлігін» жасаған волон­терлер өте көп болды.

Олар ең қиын кезде алға шығып, дәрігерлер, әскери және полицейлермен қатар халыққа ақысыз көмек көрсетті. Осы аралықта шектеулерге байланысты өмірдің қыспағында қалған 959 мыңнан астам азаматқа қолұшын созды.

Күні-түні ауруханаларда кезекшілік етіп, кислород баллондарын тасыған жігіт­тер мен қыздардың еңбегін мақ­таныш­пен айтуға болады. Өздерінің денсау­лығына төнген қауіп-қатерге қара­мастан, олар ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.

«Борышына адал болсын, үйіне алаңдамасын» деп медицина қыз­меткерлерінің отбасыларына көмек көрсетіп, олардың балаларына ыстық тамақ тасығандар да болды. Ерлік емей немене? Әрине, ерлік. Бойға жігер, кеудеге рух беретін дүниелер. Сондықтан өз кезегімізде біз оларды жай үлгі ретінде емес, көріп, көңілге түйетін өнеге ретін­де дәріптеуге тырысамыз.

– 2016 жылы волонтерлік саланы реттейтін арнайы заңнама қабыл­данды. Биыл Президент волонтерлерді қолдау шараларын заңнамаға енгізуді тапсырды. Бұл бағытта қандай жұ­мыс­тар атқарылып жатыр?

– Қоғам қолдаған істің бәрі игі. Ал мемлекет оның басты қамқоршысы. Содан болар – Мемлекет басшысының осындай маңызды шешімі көпшіліктің көңілінен шықты.

Оның үстіне, халықаралық зерттеу­лерге сәйкес, Қазақстан азаматтық бел­сен­­ділік деңгейі аз, оның ішінде волон­­терлік қозғалысы бәсең елдер қатарына кіреді. Оған себеп, азамат­тардың волонтерлік қызметке қатысуы үшін ынталандыру мен волонтерлік мәдениет­ті дамытудың жеткіліксіздігі. Мәсе­лен, волонтерлік қызметті еңбек өтілі ретінде есепке алу, көтермелеу және ілгерілету жүйесінің заңдық тұрғыда бекітілген құқықтық механизмдерінің болмауы.

Ендігі жерде осы талаптар, яғни аза­мат­тардың волонтерлік жұмысын ең­бек кітапшасына міндетті түрде тір­кеу, волонтерлікпен айналысқан жас­тарға университетке, колледжге түсу кезін­де бірқатар басымдықтар беру, волон­терлердің өмірін сақтандыру сияқ­ты міндеттер заңда көрініс табатын болады.

Бұл мақсатта «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлер қызметі бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жо­басы­ның тұжырымдамасы әзірленіп, тиісті мақұлдамасын алды. Қазіргі уақыт­та жұмыс тобы бұл бағытта тиісті шара­ларды жүргізіп жатыр.

– Волонтер жылы қарсаңында қазақ­­стандық волонтерлерді шет­ел­дер­де тәжірибе алмасуға жіберу көз­дел­­ген болатын. Осы жоспар қанша­лық­ты іске асты?

– Волонтер жылы шеңберінде жасалған келісімге сай еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының қарамағына 7 волон­терді біржылдық тәжірибе жинақтауға жіберу үшін қаржыландыру мәселесін қолға алған болатын.

Бұл ретте, іріктеуден озып шыққан отан­дастарымызды БҰҰ-ның Йордания, Таиланд, Түркия мен Кениядағы волон­терлік топтарына қосу жоспарланып та қойған. Алайда әлем елдеріндегі карантиндік шектеулерге байланысты тек қана 4 азаматымыз Түркиядағы БҰҰ Даму бағдарламасының құрылымын­дағы волонтерлік қызметтеріне кірісті. Қалғандары әзірше онлайн режімде қызметтерін атқаруда. Бұдан бөлек, шетелде білім алып жатқан қазақстандық студенттер сол елдегі түрлі волонтерлік жобаларға қатысып, алған тәжірибелерін еліміздің жастары арасында да бөлісіп жүргенін атап өткен жөн.

Әлбетте, бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

– Волонтер жылы шеңберінде волонтерлердің жекелеген еңбегін көтермелеу үшін қандай іс-шаралар қарастырылған?

– Материалдық жағын меңзеп отырсаңыз, ол туралы жоғарыда арнайы гранттар жайлы айтып өттім. Десе де, бұл волонтердің өзіне емес, жасап жатқан ісіне жұмсалатын қаражат.

Сөз жоқ, волонтерлік тегін жасалатын, өтеусіз қызмет. Бірақ «алмақтың да, салмағы бар».  Әрбір игі іс үшін ал­ғыс естісең мерейің тасып қалатыны рас. Сондықтан волонтерлік қызмет атқа­рып, қиындықтардан қаймықпай өтіп жүрген азаматтардың еңбегі міндет­ті түрде ескеріледі.

Өздеріңіз білесіздер, осы мақсатта Президент тапсырмасымен «Халық алғысы» атты дәрежесі биік медаль тағайындалды. Жақында қайырымдылық жасап, волонтерлік көмек көрсеткен 5000-нан астам азамат осы медальмен марапатталды.

Бұдан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жыл волонтері» сый­лығын тағайындауға арналған халық­аралық байқау жариялады. Байқаудың мақсаты – жалпы адамзат үшін пайдалы міндеттер атқарып жүрген Үздік волонтерлерді көтермелеу.

Байқау шарттары біздің министр­ліктің интернет-ресурстарында орналас­тырылған. Кез келген волонтерлік салаға қатысы бар азамат байқауға қатыса алады. Қорытындысы Волонтер жылының жабылу рәсімінде анықталады.

Осы тектес көтермелеу іс-шаралары барлық өңірлерде жүргізілуде.

– Қазақстандағы волонтерліктің келешегі қандай?

– Сұрағыңызға бірауыз сөзбен жауап берер болсам, күмән жоқ, бұл қозға­лыс­тың біздің елдегі келешегі кемел. Өйт­кені оған бізде барлық мүмкіндіктер бар. Бұ­рыннан қалған дәстүрлі салтымыз да, жа­нашыр ел-жұртымыз да, жасампаз бас­тама да, қажетті заңнама да – осыған негіз.  

Ең бастысы, азаматтарымыздың шын ниеті бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»