Қазіргі кезде пилоттық жобаға 9 мың оқушы қатысуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық брифингте "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі "Z" ұрпақ - ең ақылды буын. Көп нәрсемен шұғылданады. Осыған орай, балаларға лайық жобалар ұсынылуда.
"Жалпы, әлемнің мықты университеттерінің барлығы ең бірінші баланың терең ойына қарайды. Бұл кітап оқу арқылы болады. Қазіргі пандемия кезінде "Кітап" мобильдік қосымшасы әзірленді. Бұл "Z" тың ең үлкен проблемасы – қызығушылығы мен мотивациясын оятуға бағытталған жоба. Олар – ең алғашқы цифрлық әлемнің тұрғыны. Виртуалды әлемнің адамы. Бұл буынға беретін контент онлайн болмаса жетістікке жету мүмкін емес", дейді спикер.
"Кітап" жобасы осы балалардың қабілеттерін, ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Бала үйінде әке-шешесінің бақылауымен күніне 20 минут кітап оқиды және күнделікті жетістігін көре алады. Мәліметтер оқушылар, сыныптар, жалпы, Қазақстан бойынша ұсынылады. Ойын тұрғысында әзірленген жобаның 6 деңгейі бар. Әр деңгейде ұпай беріледі. Ай соңында қорытынды шығарылып, баланың деңгейі анықталады. Сыйлықтар беріледі.
Тағы бір қосымша "Талап" деп аталады. Онда бала өз алдына күндік, апталық және айлық мақсаттар қояды. Осы онлайн қосымшалар арқылы баланың, ата-ананың белсенділігін тіркеледі.