Дәл осы сұхбат елдегі тағы бір қанды оқиғаға себеп болады. Қазанның 29-ы Франция қарулы күштері Нотр-Дам шіркеуінде үш адамның өліміне себепкер болған 21 жастағы Тунис азаматын қолға түсірді.
Италия арқылы Францияға жеткен жас жігіт шіркеуде пышақпен екі адамның басын кесіп, үшіншісін бірнеше рет жарақаттайды. Үшеуі де оқиға орнында көз жұмды. Басылымдардың жазуынша, Франция президенті сөз бостандығын жалау етіп, мұсылмандардың құқығын таптауда. Елдегі келеңсіздіктердің басы қазан айының ортасында басталған-ды. Париж колледждерінің бірінде сөз бостандығы тақырыбын түсіндірген мұғалім сабақ кезінде оқушыларға Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) карикатурасын көрсетті. Көп ұзамай Ресейде туған чешен ұлтының өкілі Twitter-дегі парақшасында мұғалімді өлтіргенін және жауапкершілікті өз мойнына алатынын жазады.
Одан бөлек қазан айында Франция бойынша 5 қылмыс тіркелді. Үкімет Ница, Авиньон, Лион мен Парижде тіркелген оқиғаларды радикалды исламшылардың әрекеті деп топшылайды. Жалпы, Макронның соңғы сұхбаты тек Франциядағы мұсылмандардың емес, бірқатар ислам мемлекеттерінің шамына тиген сыңайлы. Өйткені Пәкістан, Ливан, Түркия, Палестинада белсенділер алаңға шығып, Макронның суреті мен Франция байрағын өртеген.