• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Қараша, 2020

Креативті экономика дегеніміз не?

1320 рет
көрсетілді

«Bolashaq» қауымдастығы­­ның ұйым­дастыруымен «Жастар ­жә­не инно­вациялар» онлайн фору­мы өтті.

 

Жастардың өзін-өзі тануы үшін жағ­дай жасау, инновациялар арқылы жастарды елдегі, кәсіпкерліктегі және қоғамдағы мәселелерді шешуге жұмыл­дыру, сонымен қатар іскерлік ойлау мен кәсіпкерлік дағдыларды дамыту мақсатында өткен жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Centrasia Group компаниясының басқар­ма төрағасы Алмас Құдайберген, Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығы төрағасының орынбасары Ернар Құрмашев, KEREMET Holding заң фирмасының негізін қалаушы, өнер саласындағы Арбитраж өкілі Жібек Қараманова, Dasco Consulting Group бас­қарушы серіктесі Дәрмен Сәдуақасов, «ADILI» брендінің негізін салушы Әсел Әділ, Shoqan Suits ерлер киімінің қазақстандық брендінің иесі Ұлықбек Шәріпов, «Жас заңгерлер палатасы» ҚБ төр­ағасы Сағидолла Баймұрат, жас­тар ұйымдары өкілдері мен студенттер қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен өт­кен форум қатысушылары екі күн бойы жұмыс істеді. Талқылаулармен қатар «Креативті индустриялар экономикалық дамудың жаңа драйвері» және «Made in KZ» панельдік сессиялары, «Қазақстанда бизнесті қалай ашуға және жүргізуге болады», «Заңгерден 5 кеңес» тренингтері, «Бизнес білім және болашағы» шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Жастармен кездесуде Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­­лова елдің экономикалық өсуі үшін креа­­тивті индустрияның маңыз­дылы­ғын атап өтті. «Креативті индустрия – бү­гінде әлемдік экономиканың ең да­мушы секторларының бірі. Бұл сала бүкіл әлемде ІЖӨ-нің шамамен 3%-ын­ құрайды. Креативті индустрия дұ­­­рыс жолға қойылса, өнімдер тек ішкі нарықта емес сыртқы нарыққа да шығады. Индустрияда жұмыспен қам­­тылғандар саны үнемі өсіп келеді. Олар­дың жұмысы жарнама, сәулет, өнер, қол­өнер, дизайн, сән, кино, IT, телевидение және радио салаларына қатысты. Дәл осы салалар креативті экономиканың маңызды құрамдас бөлігі.

АҚШ-тағы Голливуд, Италия сияқты мысалдарды бәрі біледі. Оңтүстік Корея медиа-ойын-сауық нарығының көлемі бойынша әлемде жетінші орынға шықты, ал оның креативті индустрия өнімдерін экспорттаудан түскен табысы өткен жылы 12 миллиард АҚШ долларынан асты», дейді министр.

Сонымен қатар креативті экономика саласындағы мәселелерге тоқталды. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, креативті кәсіпкерлер – шағын және орта бизнес өкілдері. Ал олар бизнесін дамыту үшін несие алуда қиындыққа тап болады. «Бізге креативті индустрия өкілдері үшін қаржыға қолжетімділік мәселесін жолға қою қажет. Мұны субсидиялар, төмен пайыздық несиелер, гранттар арқылы жеңілдетуге болады. Жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге өздерінің креативті идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін венчурлық қорлар ашу керек», деді министр.

«Ішкі нарықтағы оң өзгерістерді жоқ­қа шығаруға болмайды. Қазақстандық­тар бірте-бірте отандық кино тамашалап, өзіміздің орындаушыларды тыңдай бастады. Бірақ мұнымен шектеліп қал­­­май, креативті өнімдерді экспорттау туралы да ойлану керек. Ол үшін олар­­­дың халықаралық кино және му­зыка фес­тивальдеріне қатысуын қам­тамасыз ету қажет. Отандық таланттар­ды дәріптеуге және оларға сыртқы нарыққа шығуға, шетелде жанкүйерлер мен жан­күйерлерді табуға көмектесу керек», деді А.Райымқұлова.

Ұлттық киноны қолдау мемлекет­тік орталығы төрағасының орынбасары Ернар Құрмашев қазақстандық кинематограф пен анимацияның креативті индустриядағы перспективаларын атап өтті. «Менің ойымша, қазақстандық кинематограф пен анимацияның болашағы зор. Олар – локомотив ретінде бүкіл елдің креативті экономикасын ілгерілетуші негіз. Бұл сала кино әдебиет, сурет, музыка, сән, заманауи орындаушылық және қолөнер сияқты шығармашылық салаларды біріктіреді. Отандық кино және анимация индустриясының дамуы IT-саласына да оң әсерін тигізуде», деп атап өтті Ернар Құрмашев. Сонымен бірге қалаларда креативті экономиканы дамыту бойынша жоспарын ортаға салып, кревтивті экономика инфрақұрылымын кітапханалар жұмысын дамытудан бас­тағанын айтты. «Кітапханаларды тиімді пайдалану керегін түсіндік. Әртүрлі үйірмелер ашып, жиындар өткізуді жөн көрдік. Алайда кітапханалар жиын өткізу үшін қолайсыз. Өйткені көп жағдайда ғимараттар кішкентай. Одан кейін ше­берлік сыныптарын, үлкен шаралар өткізу үшін арнайы хабтар аштық. Әр ауданда 8 хабтан болса деген жоспар бар. Жақында алғашқы хабтың жұмыстары аяқталып, жұмысын бастайды. Мұнда креативті кәсіпкерлер үшін жұмыс істейтін орындар да болады. Креативті индустрия парктерін ашу да жоспарда бар», дейді ол.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, креативті тап өзімен бір­ге экономиканың көптеген саласын дамытуға инновациялық тәсілдер ұсы­нады. «Мысалы, туризм барлық шығар­машылық саламен тығыз байланысты. Қарапайым мысал келтірсем, кино дұрыс дамып, экспортқа шығарылатын болса, біздің елімізге туристік ағынды едәуір арттыра алады», дейді.

Хабтар мәселесіне тоқталған министр Сеул қаласындағы хабтардың жұ­мысы туралы айтып өтті. «Бүгінде бү­кіл әлемде креативті кластерлер, хабтар құрылуда. Білім беру, креативті бизнес, мемлекет өкілдері бір жерде және өзара тығыз іс-қимылда жұмыс істейді. Сеулдегі хаб жақсы нәтиже көрсетуде. Осындай креативті кластерлерді құру Қазақстандағы креативті экономиканың дамуына елеулі серпін береді», деді.

Аталған саланы қолдау шараларына тоқтала келе, креативті кәсіпкерлердің бір-бірімен байланыста болу маңызын айтып өтті. «Суретшілердің кинематографистермен және музыканттармен тікелей қарым-қатынасы, зияткерлік тандемі тиімді коммерциялық өнімдер жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз», деді министр.

KEREMET Holding заң фирмасының негізін қалаушы Жібек Қараманованың айтуынша, арт-нарықтың өз ерекшелігі бар екенін, ал Қазақстанда ол өзінің да­муының бастапқы сатысында екенін түсіну қажет.

«Жастар және инновациялар» он­лайн-форумының қорытындысы бойынша іс-шараға 20-дан астам спикер мен түрлі салалардан 500-ге жуық қатысушы қатысты. Спикерлер жаңа технологиялар, саясат, бизнес және әлеуметтік медиа салаларындағы білімдерімен бөлісіп, инновациялар мен бизнес процестерін жетілдіру бойынша тәжірибелерімен және тиімді тетіктерімен алмасты.