Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсыруы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Өйткені Кеңес өкіметінің 1920-1950 жылдардағы асыра сілтеп, озбырлықпен жүргізген саясатын әшкерелейтін тарихи әділдік шаң басқан құжаттар архив қорларында ашылмай жатыр. Ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін қайта саралап, зерделейтін уақыт жетті.
Бұл – бүгінгі дәуірдің талабы. Сол себептен алда атқарылатын игі істер мен шаралардың бастауында архивтің құпия қорларындағы ақтаңдақтар ақиқатын аршып алып, ғылыми тұрғыда жүйелі зерттеп-зерделеу, саралап-тұжырымдау бағытындағы кешенді жұмыстарды қолға алу міндеті тұр.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары жүргізе бастаған елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нәтижелеріне қазақ даласында да халық наразылығы туды. Мұның басты себептерінің бірі ғасырлар бойы қалыптасқан өндіріс құрал-жабдықтарына жекеменшікке негізделген қоғамдық қатынастарды түбегейлі қирату болды. Елдегі коммунистік партияның солақай саясаты, ашаршылық пен жоқшылық, орынсыз айыптаулар, күштеп ұжымдастыру, тонау, ойдан шығарылған ауыр салықтар, малды заңсыз тәркілеу, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі мен жүгенсіздігі, осылардың барлығы жинақтала келіп, қарапайым адамдардың заңды ашу-ызасын туғызды. Қоғамда жеңіске жеткен пролетариат диктатурасының ызғарлы аязы қақап тұрды. Кеңес өкіметі өз саясатында басқаша мақсат-мүддені көздеді. Жарқын болашаққа бастап баратын «кемеңгер» партияның жүргізіп отырған саясатында сөз бен іс қабыспады.
Орынбор губерниясы РКП (б) органы «Коммунар» газетінің 1920 жылғы 2 қазан күнгі сенбілік санында Е.Плюдов «К всекиргизкому съезду» деген шағын мақаласында: «Многие именно из киргизких представителей, особенно так называемого «Алаш Ординского» толка, забывают главные предпосылки, с которыми революционный пролетариат, в лице коммунистической партии, подходит к осуществлению принципа самоопределения национальностей: «Советская власть и диктатура пролетариата». И как бы ни было трудно – киргизский народ с помощью революционного пролетариата РСФСР перейдет к нему, как к единственному залогу своего освобождения», деп кесіп-пішіп пікір білдіреді. Ал ақиқатында өмір шындығы басқаша болатын. Таптық мемлекеттің нышаны орақ пен балға арасында бүкіл жүйеге қарсы еркін ойлы азаматтар мен қарапайым қоғам мүшелерінің өмір сүру құқығы үшін жанталасы мен жанайқайы «өте құпия», «құпия» бұрыштамалары соғылып, архивтің арнайы құпия қорларына жіберілді. Сондай құжаттардың кейбірі жойылды.
1921-1930 жылдары Батыс Қазақстан аймағында Кеңес өкіметінің саясатына қарсы іс-қимылдар жүргізген «бандылар» мен «қарақшылар» тобы туралы мәліметтер Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің 1588 қор, №28 істегі құжаттарда сақтаулы екен. Ондағы деректер Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары ел ішінде «банды», «қарақшы» атанған топтар туралы сараң да жартымсыз материалдарды кездестіруге болады. Бір ерекшелігі, жаңа өкіметтің саясатына қарсылар Қазақстанның барлық аймағында іс-әрекет еткендігі жөніндегі мәліметтер архив қорларында сақталған тарихи құжаттарда хатталған. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенттік архиві (ҚР ПА) қорында көптеген дерек кездеседі. Осы деректерде 1928-1929 жылдары Ақмола, Орал, Адай, Сырдария, Гурьев округтерінде, 1931 жылы Ақсу, Қордай, Талдықорған, Қаратал, Қастек, Орал, Сырдария, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Күршім, Зыряновск, Қарқаралы және Түркістан аудандары территориясында кеңес органдары ірілі-ұсақты «бандылар», «қарақшылар», «бүлікшілер» тобы деп айдар таққан топтар әрекет еткені жөніндегі мәліметтер Бірлескен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) БКП (б) Қазақ Өлкелік Комитетіне жіберіп отырған аса құпия оперативті барлау хабарларында көрсетілген. Бұл топтардың ізіне түскен Қызыл армияның арнаулы бөлімдерінің отрядтары мұздай қаруланып, даланы кезіп жүрді. Мұндай шағын топтар бұрынғы Орал губерниясының Гурьев уезінің, кейін округ аумағында іс-қимылдарымен көзге түсті. Сол тұста қарсылық білдірушілердің көпшілігі винтовка, револьвер, шиті мылтық, қылыш, қанжар сияқты қарулармен қаруланды. Бұл Азамат соғысы жылдары Орал казак әскерінің ең ақырғы атаманы, генерал В.Толстовтың армиясы Қызыл армия бөлімдерінің соққысынан шегінген тұста тастап кеткен қару-жарақтар болатын. Тастап кеткен карулар жергілікті халық қолына түсті.
Бірақ Кеңес өкіметі кезінде бұл қарудың бірқатарын халықтан жинап алды. Дегенмен кейбір тұрғындар қолға түскен қаруларын тапсырмай, сақтап қалған. Кейін сол қаруларды пайдаланды. Сақадай сай қаруланған үкіметтің арнаулы отрядтарына шағын топтардың табанды түрде қарсылық көрсетуі мүмкін емес еді. Өйткені олар елден жырақта құм-қияларда, тау бөктерлері мен шатқалдарда, үңгірлерде жасырынып, қиын жағдайларда күн көрді. Қарсылық білдірушілер елге тізесі батқан шолақ белсенділер мен қызметін асыра пайдаланған милиция қызметкерлерінің жазасын берді.
Біз архив деректерінен қарсылық білдірген топтардың бірлі-екілі басшылары туралы деректі ғана білеміз. Ал олармен қоян-қолтық бірге жүрген азаматтар туралы мәліметтер әлі де толық ашыла қойған жоқ. Осы орайда архив деректерінен алған мәліметтердегі кейбір азаматтардың есімдерін атап өткеніміз жөн шығар. Мәселен, Айтқали Абылаев – тағдыры күрделі тұлғаның бірі. Ол Орал облысы, Жымпиты уезінде дүниеге келген. Алашорда қозғалысының көрнекті өкілі. Батыс Алашорда офицері, қазақтың алғашқы ұлттық әскери мамандарының бірінен саналады. Ақпан төңкерісі қарсаңында Орал реальдық әскери училищесін бітірген. 1918 жылы жазда ІV Қазақ Орал облыстық съезінің қарарымен гимназияларда, реальдық училищеде, мұғалімдер мектебінде және уездік-орыс-қазақ мектептерінде орыс азаматтық білімін алған қазақ жастарынан әскери командалық құрамын әзірлеу мақсатында бұрынғы орыс армиясының үлгісімен Ойыл уәлаяты үкіметі Жымпитыда ашқан қазақтың тұңғыш ұлттық әскери мектебі – алты айлық Ойыл уәлаяты юнкерлік мектебінің алғашқы түлектерінің бірі.
Алаш милициясының құрамында әскер жасақтауға қатысып, халық арасынан әскерге қажетті салық жинаушы жүздікке жетекшілік еткен. 1918 жылы Жымпитыдағы Алаш гарнизонын басқарды. Большевизмге қарсы күресуге қатысты құрылған комиссияның құрамында болды. 1919 жылы Қызыл армия құрамындағы В.Чапаев дивизиясының 443-бекініс батальонын қолға түсіру операциясына қатысты. 1920 жылы Орал губерниясының несие мекемесінде, 1930 жылы Түркістанда түрлі қызметтер атқарды. 1934 жылы Алматыда Алаш офицері ретінде тұтқындалды. 1936 жылы Орал қаласына айдалып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаһарлы 1937 жылы ату жазасына кесілді. Алайда ақтаңдақ жылдардың құрбаны болған арыс бүгінге дейін ақталған жоқ.
Орал губерниясындағы Гурьев округі, Қаракөл болысы, Тайсойған құмында Құныскерей (архив қорларында Құдысгерей деп жазылған) Қожахметов тобында Ерболат Қожыбаев, Мұса Қондыбаев, Есқали Барсиков, Сатай Бергиев, Күнатар Бекбембетов, Елмағамбет Ізмағамбетов,Телеу Истамбетов, Мәмбетов (есімі аталмаған), Ихсан Қожасов, Қали Қожанов, Кенжаев, Жүке Аймағамбетов болды. Бір назар аударатын жайт, аталған архив дерегінде Құныскерей Қожахметовті бұрынғы Алашорда офицері деп көрсетеді. Өкіметтің жазалаушы органдары тарапынан қарсы шыққан азаматтардың жазасын ауырлату мақсатында барлық пәлені үйіп-төгіп, қосып жазу тәсілдерді қолданылғаны ақиқат. Бұл да сондай қитұрқы әрекеттердің бір шарасы болар. Артынан түскен қуғыннан ығысып, Маңғыстауға қарай бет түзеген. Кейін Адай көтерілісіне қатысып, жауларының зәре-құтын қашырған айлакерлігімен көзге түскен Құныскерейдің Кеңес өкіметі орнаған кезде жұмысқа белсене кірісіп, еңбек сіңіріп, ауылдық кеңестің төрағасы болғаны белгілі. Жергілікті өкіметтің жүргізіп отырған озбырлығына ашықтан-ашық қарсылық білдірген азамат. Өкінішке қарай, кейін оған жала жабылып, өкімет тарапынан қуғынсүргінге, қудалау мен түрткіге ұшырайды. Ақырында өкіметтің «жауы» атанды.
Архив құжаттарында жиі кездесетін есімдердің бірі – Ерғали Аязбаев. Сол бір кезеңде ол губерния аймағында ақындығы, серілігі, батырлығымен әрі барымташылығымен танылған. Бірақ кедей-кепшіктен лақ тартып алыпты дегенді естіген жан жоқ. Аталған арыс туралы алғашқы деректер жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Соңғы ерлік» атты деректі повесінде кездеседі. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жергілікті жерде құрылған қызыл отрядты басқарған. Кейін жергілікті қызыл белсенділердің асыра сілтеу саясатына наразылық танытқан ол қолына қару алуға мәжбүр болды. Архив қорындағы құжаттарда Е.Аязбаевты Бөкей губерниясының Таловка уезіндегі Махмуд Мангышевтың бандасының мүшесі деп көрсетеді. Е.Аязбаевтың тобында Абдолла Ізбасаров, Құттыбаев, Демеу Құттығұлов, Салық Сәбитов, Димитрий Сидров, Микам Кішкінбаев, Жұмабай Аязбаев сияқты азаматтардың болғандығы туралы мәліметтер архивте сақталған құжаттарда хатталған.
Сондай-ақ өкімет саясатына қарсы топтың бірін бұрынғы Гурьев уезінің милиция бастығы Хабибай Әлжанов та басқарған. Архив деректерінде оны Алашорда әскерінің юнкері деп көрсеткен. Ғазиз Азимуханов бұрынғы ақ гвардияшы офицер, Жанысқали Мұқашев (Гурьев уездік милиция басқармасының көмекшісі, 1924 жылы бұрынғы Алашорда офицері ретінде жұмыстан шығарылған), Отарғазы Кутебаев милиция қызметінен патша өкіметі тұсында полиция қызметінде болғандығы анықталып, жұмыстан шығарылған. Ілбішін уезіне қарасты Индер болысының №4 ауылында Нұрсұлтан Қожахмедов, Адай округінің Ақкөл мекенінде Құрмаш Акдомбаев (Атамбаев), Гурьев уезі Ракуша болысының №7 ауылында Ауданбай Осанов басқарған топта Қали Бақбаев, Қадырғали Мандығалиев болған. Уезд аумағында Бекет Дыбысов, Құттыгерей Дыбысов, Редут болысының Сарайшық ауылдық кеңесінен Абдрахман Попилов, Еспол болысының тұрғыны Төлеген Дүйсенғалиев, Жем болысының №5 ауылында Құрманғали Нұрлыбаев басқарған шағын топтар кеңес органдары қызметкерлеріне шабуыл жасады.
Кеңес елінің алқызыл туындағы жұмысшы балғасы мен шаруа орағы белгісі арасында қалған Алаш қайраткерлері мен мыңдаған қарапайым тұрғындар «халық жауы», «жапон-герман тыңшысы», «банды-қарақшы» деген желеумен жазықсыз тұтқындалды. Солардың бәрі итжеккенге айдалып, атылып кетті. Елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі жолындағы күресте өмірі мен идеясы кеңестік орақпен орылып, «бесжылдықтар» балғасымен мылжаланып, қызыл қанға батқаны өкінішті-ақ. Қоғам және мемлекет қайраткерлерін негізсіз айыптау, өз құқығы үшін бас көтерген шаруалар мен жекелеген азаматтардың, байлардың дүние-мүлкін тәркілеу кезінде адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді. Енді қазақ ұлтына жасалған осынау нәубетке жаңаша көзқараспен саяси баға беріліп, тарихи әділдік қалпына келтірілсе, бұл бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағының арыстар аруағы алдындағы адалдығы болар еді.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы