Жасыратыны жоқ, ақпарат заманында мобильді қосымшалардың рөлі зор. Apple және Google қолданушылары осы жылдың үшінші тоқсанында рекордтық 33 млрд бағдарлама жүктеп, 28 млрд доллар қаржы жұмсаған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 20% артық. Бұған себеп – әлемді індет жайлап, оқшауланған жұрттың интернет арқылы байланыс орнатуы.
Өзіміз кезінде геолокация қосу, кейбір медиафайлға рұқсат беру сияқты талай мобильді қосымшаға есікті ашып бердік. Шетелдік Clario компаниясы ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша мобильді қосымшаларға зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесінде біз пайдаланатын Facebook, Instagram қосымшасы өз қолданушысы жайлы ең көп ақпарат жинайды екен. Одан кейінгі орында – Tinder қосымшасы.
Бұл қосымшалар телефон, пошта, геолокация, үй адресі, салмағыңыз, бойыңыз, туыстарыңыз, достарыңыз, сіз қызықтыратын посттар, дауыс хабарламалары – барлық қажетті ақпаратты өзінің серверлеріне сақтап отырады. Мұның бәрін не істейді дейсіз? Бұл ақпарат – үлкен Big Data, көп ақша. Адамдардың қызығушылығын білген компаниялар өзі немесе өзге компаниямен келісіп, сіз ұнатқан тауарларды, коммерциялық ұсыныстарды алдыңызға шығара береді. Осындай қажетсіз жарнамаларға жем болмау үшін программаға рұқсат берудің алдында өзіңізге не керегін біліп, саралап алған жөн.
Sophos компаниясының сарапшылары Apple Store жүйесінде Fleeceware типіндегі алаяқтықпен айналысатын қосымшалардың бар екенін анықтады. Fleeceware қосымшаларын жүктегенде қолданушыға белгілі бір сынақ мерзімін белгілейді. Қолданушы мобильді қосымшаны өз телефонында өшіргенімен, жүйеде саңылауларды тауып, пайдаланушының шотынан ақша шығарып отырған.
Кейбір мобильді қосымшалар шпиондық құрылғы тәрізді телефонда сіз терген мәтіндерді өзіне сақтап, ұзақ уақыт өткен соң ақпаратты өз пайдасына асыруы мүмкін. Сондықтан ресми App Store, Play Market-тe жүктелген мобильді қосымшаларға досыңдай сене берудің қажеті жоқ.
IBM компаниясының мамандары өздерінің жылдық «Cost of a Data Breach Report» есебінде хакерлердің іс-әрекетінен 500 компания мен ұйым деректерінің жарияға шығып кетуін зерттеді. Зерттеу нәтижесі бойынша әр ақпараттың қолды болуы компанияға шамамен $3,86 млн шығын келтіргенін анықтады.
ХХI ғасырдың басты байлығы ақпарат болғандықтан, өзіңізге және өзіңіз істеп жүрген мекемеге шығын келтірмеу үшін мобильді қосымшаларды жүктер алдында зерделеп алған жөн.
Ғасыр ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ,
ІТ маманы