• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қараша, 2020

Вирус құрсауындағы Еуропа

155 рет
көрсетілді

Қазан айының соңы мен қарашаның басында Еуропадағы бірқатар мемлекет жаңа карантин талаптарын таныс­тырып, төтенше жағдай жариялады. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, аймақтағы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап арта түскен, ауруханалар науқастарға қайта толған.

Францияда екінші жалпы­ұлттық карантин жарияланды. 30 қазанда үкімет азаматтарға аса үлкен қа­жет­тіліксіз үйден шығуға тыйым сал­ды. Бұл жо­лы да наурыздағы ка­ран­тин­дегідей жазбаша рұқсаты бол­майынша, далада жүруге шек­теу қойылды. Дүкендер, мейрам­ха­налар мен мектептер жұмы­сын тоқтатты. Бұл шектеу­лер әзірге 1 жел­тоқсанға дейін бекі­тілген. Алай­да Бесінші республика үкіметі жағдай түзел­месе, шек­теу­лерді ұзартуды жоспарлап отыр.

Ал Германия 2 қарашадан бастап жаңа ережелер енгізді. Елде кинотеа­трлар, театрлар, спорт залдары мен мейрамханалар жабылды. Үлкен жиындарға тыйым салынды. Яғни 10-нан артық адам жиналған жиын ұйымдастырушыларына айып­пұл салынатыны ескертілді. Дегенмен мектептер жұмысын жалғастыруда. Балабақшалар да балдырғандарға ашық.

Жаңа ережелер дүкендер мен шаштараздарға қатысты болмай шықты. Олар адам санын шамадан асырмай жұмыс істей алады. Үкімет қаулысына сәйкес Германия халқы жаңа ережелерді 30 қарашаға дейін сақтауы тиіс.

Италия карантин режімі өзгере­тінін кеше хабарлады. Жұмысын тоқтатпаған музейлер бүгіннен бас­тап өнерсүйер қауымды қуанта алмайтын болды. Жаңа ережеге сай мемлекет қызыл, қызғылт және жасыл аймақтарға бөлінеді. Әр түске сай шектеулер де алуан. Мәселен, қызыл аймақ – вирус жұқтыру қаупі жоғары елді мекендер. Онда барлық қоғамдық орын жабылған. Қызғылт зонадағы шаштараздар мен кейбір дүкендер ашық. Ал жасыл зонадағы қоғамдық орын­дар 18:00-ге дейін жұмыс істей алады. Дегенмен той, жер­леу рәсімін өт­кізуге тыйым бар. Мектептер ашық, деген­мен жоғары сынып оқу­шылары адам санын көбейтпес үшін қашықтан оқуға көшкен. Бар­лық жерде медициналық маска тағып жүру міндеттелген.

Испания да көршілес елдер­мен ілесіп жаңа ережелерді та­ныстырды. Мемлекетте комен­данттық сағат жарияланды. 25 қазаннан бас­тап Испания хал­қы 23:00 мен 06:00 арасында кө­шеге шықпайды. Жұмыс­қа барып-келу, дәріхана мен дүкенге шығудан басқаға рұқсат жоқ. Үкімет мәлімдемесіне сенсек, жаңа ереже келер жылдың мамы­рына дейін күшін жоғалт­пайды. Алтаудан артық адам қатысатын жиынға айыппұл салынады. Әйтсе де жоғарыда айтылған ережелер Канар аралдарында міндетті емес.

Бельгия үкіметі азаматтарына қатаң шектеу қойған жоқ. Мұндағы қоғамдық орындар желтоқсанның ортасына дейін кешкі онға дейін жұмыс істей ала­ды. Күзгі каникул қара­ша­ның ортасына дейін ұзар­тыл­ды. Үйден жұмыс істеуге кеңес берілгенімен, жұмысқа бару­ға ты­йым салынбаған. Во­ло­ния мен ел астанасы Брюс­сель­де 22:00 мен 06:00 арасын­да көше­де себепсіз жүруге болмайды.

Рождестволық фестиваль­дар мен жәрмеңкелер өткізіл­мейтін болды. Сол себепті Еу­ро­па асыға күтетін Рож­дест­во биыл бұрынғыдан өз­геше болғалы тұр. Спорттық жа­рыс­тар мен жанкүйерлер де қапа­лы. Өйткені ондай жиын­дарға үкімет әлі де рұқсат бермей отыр.

Португалия 121 муниципа­ли­­те­тінің қауіпті аймаққа айнал­ғанын мәлімдеді. Оларда халықтың 70 пайызы шо­ғырланған. Сондықтан халыққа себепсіз үйден шығуға болмайды. Мерекелік шараларға да тыйым салынды, діни мерекелер де тойланбайды. Қоғамдық орындар жұмысын тоқтатқанын айтпағанда, жанармай құю стансалары да кешкі сегізге дейін жұмыс істей алады.

Нидерланд үкіметі үйге келе­тін қонақ санына да шектеу қойды. Бұдан былай үйге үш адамнан артық келуге тыйым салынған. Сыртта төрт адам­нан артық жиналуға бол­май­ды. Мектептер, хауыздар жұ­мы­­сын жалғастырып жатыр. 18-ге толмаған балалар спорт­тық жарыс­тар­ға қатыса алады, спорт­пен ай­налысуға шектеу жоқ.

Чехия Еуроодақтағы каран­тин жариялаған алғашқы ел болып отыр. Бұған дейін шек­теу­лердің 3 қарашаға дейін болатынын айтса, жақында оның 20 қарашаға дейін ұзартылғаны мәлім болды.

Данияда жағдай тұрақты бол­ғанымен, қоғамдық орында жи­налуға рұқсат етілген адам саны 50-ден 10-ға қысқартылды. Елде сағат 22:00-ден кейін алкоголь өнімдері са­тылмайды. Медициналық мас­ка тағу бәріне міндеттелді. Жаңа ережелерді қаңтарға дейін сақтау талап етілген.

Швецияның вирустың тара­луы­на қарсы шаралар қол­дан­бағаны одақтас мемлекеттердің үрейін туғызғаны мәлім. Көр­шілес елдер сынағанымен қой­май, Швеция азаматтарын елдеріне кіргізуден бас тартты.

Үкімет әлеуметтік қашық­тық сынды қорғаныс шараларын жария­ламағанмен, азамат­тар өз қалауымен 2 метр ара қа­шықтық сақтап, кейбір құры­лымдар қашықтан жұмыс іс­теуге көшті. Соңғы статистика ел­дегі науқастар санының арт­қанын көрсетіп отыр, алайда жағдай басқа елдердегідей ауыр емес. Үкімет әлі де маска тағуды міндеттемесе де, мейрам­ханаларда бір үстелде 8 адам­­нан артық жиналуға тыйы­м салды. Елдегі 21 аймақ­тың үшеуінде, атап айтар болсақ, ел астанасы Стокгольм мен Гетеборг және Маль­ме тұрғындарына қоғамдық кө­лік­терден бас тарту, үлкен сауда орталықтарына, музейлер мен концерттерге бармау сияқты кеңестер берілген.