• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 10 Қараша, 2020

Өлімді мазақ ету

425 рет
көрсетілді

Триллер жанрының шебері атанған Хичкок «Фильм жер сілкінісінен басталып, содан кейін шиеленіс күшейуі керек», дейді. Көрерменін қорқыта отырып күлдіретін, сөйте тұра қайтадан үрей құшағынан босатпайтын «Жаным, сен сенбейсің!» фильмі тың тақырыпқа жол ашып берді.

Жуырда аталған қазақстандық фильм XXIX «Киношок» ашық кинофестивалінде бас жүлде иеле­ніп, «Үздік сценарий» аталы­мына және баспасөз жүлдесіне лайық деп танылған еді. Көктемде үлкен экранға жол тартқан фильм тұсаукесері карантин уағына тап келіп, көбіміз көріп үлгермей қал­ғанбыз. Қара комедия жанрын­да бас-аяғы бүтін, ал­ғаш рет тү­сірілген фильм қазақ кино­сын­­дағы жаңа белес ретінде баға­ланып отыр.

Art Dealers шығармашылық тобының қатысуымен түсірілген фильмнің режиссері Ернар Нұр­ғалиев, операторы Азамат Дула­тов, продюсерлері Тимур Шев­ченко мен Жандос Айбасов.

Сюжет желісі бойынша тұң­ғыш баласын күтіп жүрген ерлі-зайыптылардың әдепкі өмір салтынан басталады. Бас кейіпкер Дастан (Данияр Алшынов) әйе­лінен (Әсел Қалиева) бір күнге бол­са да қашып кетуді ойлап, дос­тарымен балыққа кетеді. Аяқ астынан пәлеге ұшырамағанда, бәлкім, керемет демалып та келген болар ма еді. Міне, біз күткен шиеленіс осы тұстан басталады.

Картина қара комедияның та­биғатына тән аңқау, аңғал, ұр­да-жық кейіпкерлер моделінен ал­шақтамайды. Карикатуралық бей­нелердің жұлдызын жаққан актерлік құрам режиссер талабынан толық шыққан деуге негіз бар. Бұған дейін тарихи фильмдерде, драмалық бейнелерде көрініп келген Дулыға Ақмолданың нанымды ойынымен қазақ киносында жаңа кейіпкердің тұсауы кесілді. Бұған дейін қазақ фильмдерін­де кездеспейтін маньяк образы қанішерлік мінез-құлқымен ерекшеленеді. Әрине, бұл әлем кино тарихында үйреншікті схема болғанымен, өзіміздің қазақтан шыққан маньякпен «қорқыту» да белгілі бір деңгейде әсерлі шық­қан. Бұған дейін қазақ кино экранынан көп көрініп жүрген Данияр Алшынов, Еркебұлан Дайыров, Рүстем Жаныаманов, Ерлан Пірім­бетов, Әсел Қалиевалар ойы­ны бұл фильмде күтпеген рөл­де ерекшеленеді әрі күрескер кейіп­керлер қатарын үздік алып шыққан.

Елімізде кейінгі он жылдықта ко­медия жанрындағы фильмдер қарқынды түсі­ріліп жатыр. Десе де қазақ киносына ортақ мәселе – мазмұн жұ­таңдығы мен кейіпкер міне­зін көрсетудегі қасаңдық әлі де шешімін таппай келеді. Мә­­селен, аталған фильмдегі әйел бейнесі ашушаң, күйеуіне күн көрсетпейтін беймаза жан ре­тінде суреттеледі. Қайталана бе­ре­тін таптаурын көріністен ары­лу, мәдени құбылыстарға ор­тақ адамзаттық құндылықтар тұр­ғысынан қарау – бүгінгі уақыт талабы. Шығармашылық топ алғашқы жұмысын «тәжірибе есе­біндегі дүние» деп бағалап отыр. Коммерциялық фильмдер заң­дылығын басшылыққа алған бұл туындыда да таптаурын шаблондар кездеспей қоймайды. Белгілі кинотанушы Молдияр Ергебеков қоғамның негізгі психология­лық хәлі өнерге әсер ететін бол­ғандықтан, арзан әзілдерге жүгінуден аулақ болғанды жөн санайды. «Қара юмордың қоғам­дық, әлеуметтік өмірімізбен тікелей байланысы бар. Шиеленістен ту­ған оқиғаны күлкіге айналдыра­мыз. Бір жағынан үрей буса, екінші жағынан күлкі қысады. Қара комедияның негізгі мақсаты – өлімнің мазаққа айналуы, бұл да соның бір көрсеткіші тәрізді», дейді ол.

Иә, күлкі мен өлім қақтығы­сында күлкінің жеңіске жетуі шы­ғарманың жалпы тегеурінін көрсетеді. Мәселен, комикс пен трагедияның бірлігі ретінде та­нылған Чеховтің «Шенеуніктің өлімі» әңгімесінде де болып жат­­­қан оқиғалар бейтарап сурет­теліп, қорытынды жасау­ды оқыр­ман­ның еншісіне қал­ды­ратын. «Жаным, сен сенбейсің!» фильмінде де ажалды мазақтау идеясы әлсіз бен күшті кейіпкер арасында тар­тысқа түседі. Оқиға мазмұны мен кейіпкерлер көңіл-күйіне жайдары, жарқын бояу енгізген комедия авторларының жаңа дең­гейге деген талпынысы анық байқалады. Сондықтан күл­кілі, күтпеген бет бұ­рыстарға толы фильмді көріңіз, қазақ киносының бүгінгі тынысына куә болыңыз!