Елордалық Полиция департаменті «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жыл басынан бері елордада тұрмыстық қылмыс үшін 900 адам жауапқа тартылған.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова «Жыл басынан бері қылмыстардың тіркелу саны 37,1 пайызға төмендегенін байқадық. Іс жүзінде қылмыстың барлық түрі азайған. Профилактикалық жұмысты күшейту нәтижесінде, қоғамдық орындардағы қылмыс – 53,9 пайызға, көшелерде – 53,7 пайызға, мас күйінде қылмыс жасау – 37,7 пайызға төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққанда, қылмыс деңгейі 40,2% азайған. Алайда жасалған барлық шараларға қарамастан, отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 4 пайызға артып отыр», деді ол.
Гүлмира Шрахметованың айтуынша, көп жағдайда әйелдер тән жарақаты бойынша полицияға жүгінеді. «Пандемия жағдайында халықтың өмір салты түбегейлі өзгерді, әлеуметтік қарым-қатынас азайып, материалдық жағдайдың нашарлауы адамдардың психологиялық жағдайына теріс әсер етті. Ішімдік ішу салдарынан отбасылық шиеленістер туындады. Біз есепке алынған адамдармен – маскүнемдер (1 009 адам), нашақорлар (370 адам), отбасылық жанжал шығарушылармен (5 917 адам) профилактиканы күшейттік. Алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу жұмыстарын жалғастырудамыз», деп түсіндірді департамент өкілі.
Департамент мәліметіне сәйкес, тұрмыстық қылмыс үшін 920 адам жауапқа тартылған. «Жәбір көргендерді қорғау үшін 5 917 нұсқама шығарылды. 260 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Қорғау талаптарын бұзғаны үшін 147 адам жазаланды», дейді Г.Шрахметова.
«Қорғау Астана» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль дағдарыс орталығына жүгінушілер санының да артқанын хабарлады. Оның айтуынша, пандемия отбасылардағы жағдайды күрделендіре түскен.
Баспасөз мәслихатында ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу тәртібі, жанжал болған отбасылармен жұмыс істеу негіздері түсіндірілді. Сонымен қатар балаларға қатысты құқық-бұзушылықтар бойынша қазіргі жағдайға талдау жасалды.