Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған V Еуропа онлайн-кинофестивалінің ашылуы өтті. Шығармашылық деңгейін дәлелдеп үлгерген белгілі кино режиссерлардың қатысуымен кино өнерінің бүгінгі тенденциялары мен заманауи байланыс негіздері талқыланды.
Фестивальдың ашылу салтанатына Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон, Италия елшілігінің мәдениет және коммерция мәселелері бойынша атташесі Эмилио Сесса және фестивальдың арнайы қонақтары режиссерлар Карло Д’Урси (Италия), Рейн Ранну (Эстония), Еуропа киноакадемиясының мүшесі Әділхан Ержанов (Қазақстан) және киносыншы Гүлнар Әбікеева қатысты.
Фестивальдың мақсаты – қазақстандық көрермендерді еуропалық киномен таныстыру, кинематографиялық өнерге қоғамның қызығушылығын арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
«Биыл біз алғаш рет Еуропалық кинофестивальды онлайн форматта өткізіп жатырмыз, бұл еуропалық киноны қазақстандық көрерменге одан да жақын және қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Фестиваль бағдарламасы драма мен комедиядан бастап анимациялық және деректі фильмдер сынды түрлі жанрды қамтиды. Еуропа киносы ешкімді бейжай қалдырмайтынына сенімдімін, өйткені ол қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерін көрсетеді, адамдардың терең сезімдеріне қозғау салады. Бұл – біз жайлы, барлығымыз жайлы кино. Сондай-ақ қазақстандық кинематографияның қарқынды дамып келе жатқаны және еуропалық кинофестивальдарда беделді марапаттарға ие болып отырғандығы мені қуантады. Бұл бізге тәжірибе алмасуға және еуропалық көрермендерге қазақстандықтардың өмір-оқиғаларын көрсетуге мүмкіндік береді», деп атап өтті Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон.
Кинотеатрлар келешегі
Ал панельдік талқылау барысында бүгінгі кино мен көрермен үшін биыл түрлі қайшылық туындағанын, соған қарамастан жұмысын жалғастырып жатқан өндірістік жағдайдың келешегі туралы сөз қозғалды. Мәселен эстониялық режиссер Рейн Раннудың айтуынша, онлайн тұсаукесерлердің артықшылығымен қатар, кемшін тұстары да бар.
«Менің ойымша, барлығы онлайн режімде болмайды. Біз жақын күндері Эстонияда тағы бір фильмнің премьерасын өткіземіз, бұл – пандемия жағдайындағы өндірістік жоба. Көп жағдайда онлайннан гөрі офлайн фильм қараудың оңтайлы тұстары басым. Мұнда ең бірінші қарым-қатынас алдыңғы орынға шығады», дейді ол. Кино мамандарының пайымдауынша, стриминг платформалар мен онлайн кинотеатрларға деген қызығушылық басым болғанымен, кинотеатрлық прокат құрдымға кетеді деуге негіз жоқ.
Ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі
Ашық талқылау барысында елдер арасындағы кинематографиялық байланыс пен қатынасты нығайту, кәсіби мамандарды продюсерлерге бірлескен өндіріс ашатын жаңа серіктестік мүмкіндіктерімен таныстыру, сондай-ақ кәсіби қоғамдастыққа біріге іске асыру бағыттары бойынша тәжірибелер мен мүмкіндіктер жайы айтылды. Бұл ретте белгілі режиссер Карло Д’Урси бірлескен киноөндірістің мәдени ынтымақтастықтан бөлек, қаржылық серіктестікке әкелетін оң тұсын назарға алу керегін айтады. Карло Д’Урси – режиссер, продюсер, актер, киноиндустрияда он жылдық тәжірибесі бар және 400-ден астам түрлі киносыйлықтардың иегері. Ол Канн, Венеция, Малага, Монреаль және өзге де кинофестивальдерді насихаттайтын Potenza Producciones продюсерлік компаниясын басқарады.
«Барлық кейіпкерлер, сюжет, композициялық құрылым тұрғысынан өзге елдердің талғамынан шығуы тиіс. Яғни, табиғи бірлескен өндіріс қажет болса, сіздің еліңізді өзге мемлекетпен біріктіретін берік байланыс болғаны жөн. Менің ойымша, жас режиссерлерге, продюсерлерге бірлескен өндірісті қандай құрылымда құрастыру керектігін түсіну маңызды. Мысалы біздің жағдайда Латын Америкасы елдерімен аралық келісімдер бар. Осыған байланысты белгіленген нақты ережелер жұмыс істейді», деген ол мұндай ынтымақтастық шараларына Америка Құрама Штаттарына немесе Азия елдеріне қарағанда Еуропада мемлекеттік тұрғыда қолдау басым екенін атап өтті. Ал дискуссия модераторы Гүлнар Әбікеева бірлескен өндірістің бұл тұсы Қазақстанда бір жолға қойылмағанын, десе де қазақ киногерлерінің еуропалық қорлардың жарыстарына жиі қатысатынын жеткізді.
Қайталанбас айрықша қолтаңбасымен есімі Еуропа кинофестивальдерінде жиі аталатын, өзінің шығармашылық әлеуетін жан-жақты танытып жүрген режиссер Әділхан Ержанов кинофестивальдардың жас киногерлердің шығармашылығына ықпалына тоқталды.
«Кез келген фестивальдың белгілі бір фильмдер нарығы болады. Кішігірім аймақтық фестиваль бола ма, халықаралық дода ма, маңызды емес, бастысы коммуникация мен іскерлік байланыстарды нығайта түседі. Сіздің жобаңызды әлдеқалай байқап қалып, қандай да бір жаңа мүмкіндіктерге жол ашылар», деген қазақстандық режиссер фестивальдың халықаралық алаң екенін, жаһандық фильм түсіруге көмектесетінін айтады.
Қазақ киносы жаңа кезеңде
Өз алдына дербес салаға айналған кино өндірісті бизнес ретінде дамыту, бұл мемлекет экономикасының негізгі қозғаушы күштеріне айналып үлгерді. Фильмді тұтынудың әлемдік және жергілікті циклдары, сондай-ақ оның өсуіне әсер ететін факторлар да бүгінгі талқыдан тысқары қалмады. «Кино мәдени даму, дәл солай экономикалық даму екенін түсінуіміз қажет. Еуропада киноиндустрияға арналған экономикалық схема ретінде Үкімет қолдау көрсетеді әрі бұл мемлекет қоржынына салық ретінде қайтарылады, дейді Карло Д’Урси. Аталған пікірді Қазақстан жағдайымен сабақтастырған кинотанушы Гүлнар Әбікеева соңғы жылдары елдегі ұлттық кинематографияны қолдау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық мүддеге сай келетін сапалы фильмдер шығару үшін жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.
«Үкімет алдындағы кинематографтардың жауапкершілігі Францияда қалай жүріп жатқанына куәміз. Соңғы екі жылда бізде де мұндай өзгеріс байқалады. Ұлттық киноны қолдау орталығы ашылып, отандық фильмдерді тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде танымал ету бойынша жекелеген өндірушілерді де қамтып отыр. Ашық питчинг, кино индустриясына инвестиция тарту, қолдау көрсету – қазақстандық кино саласы үшін айтарлықтай демократиялық өзгеріс болып отыр», дейді ол.
Жастар киносының бағыттары, көркемдік деңгейі және жаңа тенденцияларға бой үйрету турасында сөз алған Рейн Ранну шағын бюджетпен фильм түсірудің оң тұстарына тоқталып өтті.
«Бюджет сіздің аудиторияңызға ықпал етеді. Жас кинематографистер 5-10 жылда көмек көрсетіп қалады-ау деп қандай да бір қорға қарап отырмай, ештеңеге қарамай жұмыс істей бергені дұрыс. Киноны түсіріп қана қоймай, жұмыс барысынан тәжірибе жинақтаудың өзі көп нәрсе үйретеді. Маған бұл қадам ұнайды. Сіз белгілі бір деңгейге жеткенде қаржылық мүмкіндіктердің де орайы келіп қалады», дейді ол.
Қарашаның соңына дейін жалғасатын фестиваль аясында көрермен назарына Еуропа елдерінің 18 фильмі көрсетіледі. Одан бөлек эксклюзивті пікірталастар, шеберлік сыныптар және еуропалық, қазақстандық режиссерлармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кинофестивальдағы фильмдердің дені – беделді халықаралық кинофестивальдардың жүлдегері болып танылған үздік туындылар. Канн кинофестивалінің «Сын апталығының» Гран-при иегері – «Диамантино», Венеция кинофестивалі сыйлықтарының лауреаты – «Тель-Авив отта», «Әулие Георгий», сондай-ақ үздік режиссура және үздік актер санатындағы неміс киносыншылары қауымдастығы сыйлығының лауреаты – «Вестерн», Флоренция кинофестивалінің жеңімпазы – «Sawah», деректі фильмдердің Амстердам және Мадрид халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы – «Бейтаныс жәннатта», Киев кинофестивалінің жасөспірімдерге арналған фильм бағдарламасының бас жүлдесінің иегері – «Тым алыс» сынды көркем туындылар көрсетілмек.
Фестиваль бағдарламасын 70-ші Канн кинофестивалінде әлемдік премьерасы болған италиялық режиссер Йонас Карпиньяноның «Чамбра» фильмі ашты. Каннда бұл кинотаспа үздік Еуропа фильмі үшін «Europa Labels» жүлдесіне тағайындалып, кейінірек Италияның ұлттық «Дэвид ди Донателло» киносыйлығының екі сыйлығына ие болған еді. Сондай-ақ фильм 90-шы «Оскар» салтанатында «Үздік шетел тіліндегі фильм» номинациясы бойынша Италиядан таңдалғаны тағы бар. «Чамбра» – Италияның оңтүстігіндегі Калабрияда тұратын сығандар қауымынан шыққан жасөспірімнің қалыптасуы мен жетілу тарихын баян етеді.
Фестиваль шымылдығы 28 қарашада эстониялық кинорежиссер Рейн Раннудың «Жалғыз мүйізді қуу» көркем фильмімен жабылмақ. Фильм эстониялық эко-стартаптардың шынайы оқиғаларына негізделген және Эстониядан Кремний алқабына дейінгі бірыңғай ерлер басқаратын технологиялар әлемін бағындыруға тырысқан әйелдің өмір жолынан сыр шертеді. Аталған фильмдердің барлығы түпнұсқа тілде көрсетіліп, орыс және ағылшын тіліндегі субтитрі қоса беріледі. Фильмдерді тегін көру тек Қазақстан аумағында www.festivalscope.com веб-сайтында 2020 жылдың 9 – 29 қараша аралығында тіркелгеннен кейін қолжетімді болмақ. Айтпақшы, фестиваль аясында апта сайын өзіңізге ұнайтын фильм туралы үздік пікірге арналған байқау өтеді. Жеңімпаздарға кинофестивальдың логотипі бар арнайы фирмалық сыйлықтар беріледі.