• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Қараша, 2020

Сайлау бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайда өтеді

526 рет
көрсетілді

2021 жылдың 10 қаңтарындағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайда өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оған себеп бүкіл әлем жұртшылығымен қатар Қазақстан халқын да алаңдатқан коронавирус пандемиясы. Мәселен, өткен тәулікте ғана республика аумағында 587 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды. Бұған қоса, 188 адамнан КВИ белгілері бар пневмония анықталғаны тағы бар.

Ал коронавирустың жаңа толқыны қараша мен желтоқсан айында орын алуы мүмкін делінген Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сүйенсек, қаңтардың басында да эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып кететіндігіне күмән көп. Осындай жағдайда қаңтардағы саяси науқан қалай өтпек? Халық арасында коронавирустың кеңінен таралуына жол бермеу үшін қандай сақтық шаралары қолға алынбақ? Сайлаушылар вирус жұқтырып алмауы үшін не істеуі керек? Міне, осы сауалдарға жауап беруге тырысып көрелік.

Бірден айтайық, саяси науқанның өтуіне жауапты Орталық сайлау комиссиясы пандемия жағдайында сайлау өткізу үшін сақтық шараларын қарастырып отыр. Яғни, сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен "Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар" әзірлеп те қойды. Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, сайлау процесінің депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде маска режимін міндетті түрде сақтап, бір реттік қолғап киген жөн.

Сонымен қатар қолды залалсыздандыру мақсатында антисептикті жиі қолданып, адамдар арасында әлеуметтік арақашықтық сақтау да маңызды. Мұнан бөлек, қол алысып амандасудан, тікелей қарым-қатынастың өзге де формаларынан мүмкіндігінше арыла тұрған дұрыс.

"Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңінде съездер, конференциялар және отырыстар өткізу барысында байланыссыз термометр құралдарының көмегімен қатысушылардың дене қызуын өлшеу, съездер, конференциялар мен отырыстар өткізудің бүкіл кезеңі ішінде шараға қатысушылардың барлығының маска режімін сақтауы ұсынылады. Шараға қатысушыларды залға отырғызған кезде әлеуметтік ара қашықтың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Тиісті құжаттарды толтыру және қол қою барысында жеке қаламсап пайдалану керек. Ғимараттың техникалық мүмкіндігі болған жағдайға орын-жайға кіру және шығу есіктері жеке-жеке болуы тиіс", деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған жиындар өтетін орын-жайда жасанды вентиляция жүйесі болмаған кезде бөлме ауасын тұрақты түрде желдетіп отыруға кеңес беріледі. Сондай-ақ ғимаратқа кіреберісте және ішінде ара қашықтық белгілері орнатылып, бүкіл орын-жай залалсыздандыратын жуу құралдарымен үнемі тазартылып отыруы тиіс.

Бұдан бөлек, орын-жайға кіре берісте коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы ақпараттық материалдар орналастырылып, залға кіре беріс холда қолды тазартуға арналған антисептик бар санитайзерлер орнатылуы қажет. Қатысушылардың әлеуметтік ара қашықтық сақтауын бақылап жүретін жауапты адамды белгілеу де артық етпейді. Шараның барлық қатысушыларына ПТР тестілеу әдісімен коронавирус инфекциясна арналған зертханалық тексеруден алдын ала өтуге кеңес беріледі.

Бұл ретте тест шараның басталуына 72 сағат уақыт қалғаннан кейін ғана тапсырылғаны дұрыс. Ал зертханалық тексерудің оң нәтижесі бар азаматтарды ғимаратқа кіргізбеген жөн. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну бойынша шараларды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде азаматтардың денсаулығын қорғау мен олардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі жиынды өткізушілерге жүктеледі.

"Сайлау комиссияларына жұмыстарын ұйымдастыру барысында мынадай санитарлық-эпидемиялық шараларды сақтау ұсынылады. Ең алдымен сайлау комиссиялары жұмысының бүкіл кезеңінде комиссияның барлық мүшелерін қолды антисептикалық құралдармен залалсыздандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сайлау комисиялары ғимараттарына кіреберісте санитайзерлер болуы және тұрақты түрде тазалау жұмыстары жүргізілуі керек. Жиһаздар мен техникалық құрал-жабдықтар бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр ара қашықтықта орналастыруы тиіс. Сайлау құжаттарымен жұмыс істеу барысында қауіпсіздік шаралары сақталуы қажет. Сайлау құжаттарын толтыру және оларға қол қою барысында жеке қаламсап пайдалану ұсынылады", деді Денсаулық сақтау-вице-министрі.

Осы орайда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев саяси партиялар өкілдерінің назарын депутаттыққа кандидаттар ұсыну жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген ұсынымдарды мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтады.

"Бұл ұсынымдар дер уақытында әзірленді. Сайлау процесіне қатысушылардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сайлау науқанының ең маңызды аспектілерінің бірі. Осыған байланысты саяси партиялар өкілдерінің назар аударуын сұраймын. Депутаттыққа кандидаттар ұсыну жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде жауапкершілік шараларын ұйымдастырушыларға жүктеледі. Сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының партиялық тізімді тіркеуді жүргізу кезінде барлық қажетті денсаулық сақтау шараларының қамтамасыз етілуі қажет екендігіне назар аудартамын", деді Берік Имашев.