Иран үкіметі әл-Каида көшбасшысының өліміне қатысты мәлімдеме жасады. Олар Израиль жасағының радикалдық ұйым өкілін Тегеранда өлтіргенін жоққа шығарып отыр. Иран АҚШ пен Израиль арасындағы «Голливудтық сценарийге» қатысымыз жоқ дейді.
Иран Сыртқы істер министрінің өкілі Саид Хатибзаде New York Times басылымына берген сұхбатында әл-Каиданың екінші басшысының Иранда өлтірілгенін жоққа шығарып, террористік топтың құрылуын аймақтағы АҚШ саясатының сәтсіздігімен байланыстырды.
«Аталған және басқа да террористік ұйымдардың белсенділігіне, қылмысына қатысты жауапкершіліктен жалтарғанша Вашингтон мен Тель-Авив Иранның бұларға өтірік пен таптаурын салдарынан байланғанын медиаға түсіндірсе», деді ол сұхбатында.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары 7 тамызда әл-Каиданың көшбасшыларының бірі, 1998 жылы Африка құрлығындағы АҚШ-тың елшіліктеріне шабуыл жасаған Мұхаммад әл-Масридің оққа ұшқанын хабарлаған-ды.
Жаңалық жарияланғаннан кейін Иран медиасы қайтыс болған ливандық профессор Хабиб Дауд деп жазды. Ал Ливан жаңалықтар арнасы Дауд Ливандағы Иранды жақтаушы «Хезболла» қарулы топ өкілі деген ақпарат таратты. Енді Иран үкіметі АҚШ-тың кесірінен әлемде «иранофобияның» өршіп тұрғанына қапалы. Хатибзаде бұған АҚШ-тың қазіргі әкімшілігін кінәлап отыр.
«Ақүй жалған ақпарат таратумен қатар, оқиғаларды әсірелеуді тоқтатар емес. Екі ел арасындағы шиеленіс былтыр қайта өршіді», дейді СІМ өкілі.
Коронавирус пандемиясымен әбігерге түскен Иран АҚШ-тың бұл әрекетін «экономикалық әрі медиалық терроризм», деп атап отыр.