«Ауыл әйелдерінің ауылдағы өмір сапасын арттырудағы бастамалары және Тұрақты Даму Мақсаттары-2030 жетістігі» атты Қазақстанның Ауыл әйелдерінің ІІІ Республикалық форумы өтті. Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың форум қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізді.
Құттықтауда айтылғандай, бүгінде ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып отыр. Бұл ретте әйелдердің әлеуетін күшейтуге ерекше мән беріледі, жыл сайын олардың экономикалық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Бұған бүгінде әйелдер өз кәсіпорындарын ашып, шаруа қожалықтарын басқарып, бірегей өндірістерді іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырғаны дәлел.
Өз сөзінде Ләззат Рамазанова агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ауыл әйелдерінің маңызды рөлін атап өтті. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын өркендетпей бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін айтып, ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттерді айқындады. Бұл міндеттерді іске асыруда, әрине ауыл әйелдеріне үлкен және жауапты рөл бөлінген. Ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде ауылдағы шағын, орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 42,2% әйелдер басқарады», деді Л.Рамазанова.
Ұлттық комиссия төрағасы отбасылық дәстүрлерді сақтаудағы ауыл әйелдері рөлінің маңызына тоқталып, бүгінде ауылда 2 млн-ға жуық отбасы (44,5%) тұратындығын атап өтті.
«Ежелден отбасы қоғамдағы бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің символы болған Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінде отбасы институтын нығайту және дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауыл әйелдерін ілгерілетудің негізгі мәселелері 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан», деді Л.Рамазанова.
Ол сондай-ақ пандемия кезінде қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары ауылдағы кәсіпкер әйелдер үшін де маңызды екенін атап өтті. Бұл қарыздар, кредиттер және салықтар бойынша өсімпұлдарды, айыппұлдарды жою, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу тәртібін оңайлату, бюджетке төленетін салықтық және өзге де төлемдерді кейінге қалдыру, салықты есептеу мен төлеуді 6 айға күшін жою және басқа да бірқатар шаралар. Алайда объективті отбасылық мән-жайлары мен міндеттемелері бар әйелдердің пайдасына шешуді қажет ететін де мәселелер бар.
Жыл сайынғы ауыл әйелдерінің форумы Парламент, мәслихат депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен мамандары, ауыл интеллигенциясының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысатын ауыл әйелдерінің әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған сындарлы диалог алаңына айналды.
Л.Рамазанова форумда ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы әйелдердің рөлін одан әрі жандандыру бойынша бірқатар нақты міндеттерді алға тартты. Сондай-ақ форумда жылдың үздік белсенділері – азаматтық қоғам, бизнес және агроөнеркәсіптік кешен, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ауылдық жерлерді дамытуға үлес қосып жүрген үздік ауыл еңбеккерлері анықталды. Сонымен қатар «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері/100 историй успеха сельских женщин» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Форумның ұйымдастырушылары мен ресми серіктестері ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Coca-Cola халықаралық қорының, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы ЗТБ, «EXPO&WOMEN» ҚМ, «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» ЗТБ, «Әлеуметтік динамика» қоры бірлесе жұмыс атқарып келеді.