• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қараша, 2020

Әкімдер бар әр алуан...

583 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Әкімдерді халық өзі сайлайды, бұл үшін Үкімет жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу керек» деген болатын. Бұл – әкімдерге жүктелген жауапкершілік. Осы орайда «Болашақта халық сайлайтын әкім қандай болу керек?» деген сұрақ мазалайды.

 

Жуырда ғана Май ауданы Ақжар ауылының әкімі Серік Құ­сайынов қызметінен босатылды. Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігінің облыс­тағы Әдеп жөніндегі кеңесі қыз­мет­тік көлікті мас күйінде басқарған ауыл әкімінің қызметіне толық сәйкес еместігі туралы шешімді ұсыныпты.

Оқиға былай болған: 10 қазан, сенбі күні сағат 19:45-те Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында жол-патруль­дік полиция қызметкерлері Май ауданы Ақжар ауылы әкімінің аппа­ратына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірі S 176 DM Lada 21214 маркалы автокөлігін тоқтат­қан. Полиция Құсайыновтың авто­көлікті орташа дәрежеде мас күйін­де басқарғанын анықтайды. Сон­дай-ақ жүр­гізушінің автомобильді бас­қаруға тие­сілі құжаттары болмаған. Шенеу­нік­тің қан құрамындағы алкоголь оның орта дәрежеде мас болғанын көрсеткен.

Облыстық сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күрес департаментінің хабар­лауынша, Баянауыл ауданының бұрын­ғы әкімі Оразгелді Қайыргел­динов­ке қатыс­ты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүргізілуде. Бұрынғы әкім «Пайдалану талаптарына сай кел­мей­тін нысанды облыстық бюджет қаржысы есебінен заңсыз сатып алды» деген күдікке ілінді.

Бұрынғы облыс әкімі Болат Ба­қауов­тың Баянауылда қысқы туризм аймағын жасамақшы болғаны белгілі. Бірақ «Мырзашоқы» тау-шаңғы кешені жобасының жүзеге асырылуы басталған кезден-ақ күмәнді болған-ды. Шағын авиацияға арналған аэродром салынды. Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразкелді Қайыргелдиновке «пайдалану талаптарына сай келмейтін нысанды облыстық бюджет қаржысы есебінен заңсыз сатып алды деген» күдік осы. Аэродром құрылысы арнайы сертификаттаудан да өтпеген көрінеді.

Б.Бақауов басқарған 2016-2019 жылдар аралығында облыс әкімдігінің ресми ақпараты «шағын аэродром Астана-Баянауыл, Қарағанды-Баян­ауыл және Павлодар-Баянауыл бағыт­тарынан шағын ұшақтарды қабылдап, жұмысын бастайды. Астана-Баянауыл, Қарағанды-Баянауыл бағыты респуб­ликалық бюджеттен, ал ішкі рейстер облыс бюджетінен субсидияланады» деп мәлімдеген болатын. Бірақ ұшқан ұшақ көрінбеді.

Ал енді шаңғы кешені туралы әңгіме әуені бөлек. Тіпті, шаңғы кеше­­­ніне дейін су жеткізіп (ауылдары әлі сусыз отыр), осы судан жасан­ды қар жасайтын болды. Арнайы құрал-жабдықтар алдыртып, жасанды қар жасау, қар тоқтату тәсілі де жасала­ды. Өйткені, табиғаты құпиялы Мыр­зашоқының басына қар түспейді.

«Қолдан қар жасау үшін Қаражар ауылынан кешенге дейінгі 2 шақырым­дай аралыққа су құбырын тарту керек. Бұл үшін ауылға су тарту мақсатында республикалық бюджеттен 268 млн теңге бөлу қарастырылмақ» делінді ресми ақпаратта.

«Мырзашоқы» кешеніне қажетті жабдықтар жеткізілді. Құрастырылып жатыр. Қарды тегістейтін құрылғылар да бар. Қаражат жеткілікті бөлінді. Инфрақұрылым жасалуда. Бүгінде базаға электр желісі тартылды. Шағын контейнерлер орнатылуда...» деген мәліметтер бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланды.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, «Мырзашоқы» тау-шаңғы кешені «Қаражар-Мырза­шоқы» ЖШС сенімгерлік басқаруы­на бе­рілген. Эпидемиялық жағдай қалып­ты болса, биыл база бас­шы­лығы жұмыс істеуге ниетті. Турис­тер үшін автостансадан тау-шаңғы базасына жеткізу жұмыстарын ұйымдас­тырылады.

Бұдан басқа, әкім Баянауыл аэродромының алдағы тағдырын сот шешетінін атап өтті.

– Қазір аудан әкімдігі кешеннің аумағы мен мүлкін күзететін күзетші­лерді қамтамасыз етуде. Себебі кешен әкім­діктің балансында. Тергеу шара­лары жалғасуда, кешеннің барлық құжаты­ алынған, – дейді Қанат Кәрімов.

Енді «Мырзашоқы» кешеніне кеткен қыруар қаражаттың есебін кімнен, қалай өндіріп алмақ? Бар мәселе осында.

«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді қазақ. Ауылдағыларға «жаны ашитын» әкімдердің арасында орман шаруашылығының қызметкері болған Аждар Жүсіповті айтуға болар. 2016-2018 жылдары облыс орталығына қарасты Павлодар ауылында, аудан орталығы Тереңкөл ауылының әкімі болған А.Жүсіпов осы жердің тұр­ғын­дарының есінде «сыйлыққа әтеш, ешкі сыйлаған әкім» ретінде қалды.

Әкім Павлодар ауылында «Үздік аула» байқауын өткізіп, жеңімпаздарға әтеш, лақ, қозы, торай сыйға тартқан. Мас­леница мерекесінде аспаздарға үлкен торт әзірлетіп, ауылдың бүкіл тұр­ғыны мен қонақтарына тегін дәм татырған.

Ауыл әкімінің өтінішімен, кондитер Ольга Гуляева туған ауылы бей­неленген салмағы 70 кило торт пісі­реді. Бағасы – 60 мың теңге. Бар­лық шығынды ауыл әкімдігі тапқан демеушілер жабады делінді.

Аждар Сағынтайұлы Тереңкөл ауылында әкім болып жүргенде де оқушылар арасында байқау өткізіліп, белсенді оқырман, №2 мектептің 5-сынып оқушысы Олег Айтбаевқа сыйлық ретінде ешкіні жетектетіп жіберді.

Зейнеткерлер мен жастар арасын­дағы белсенді оқырмандарға бір қоржын азық-түлік тарту етіпті. Ауыл­дарда осындай қызықты байқаулар өткі­зіп, тұрғындарға «ерекше қамқор­лық» көрсеткісі келген әкім Тереңкөл ауылында бар-жоғы 20 күн жұмыс істеп, қызметімен жылдам қоштасты.

Аждар Жүсіпов әкімдік қызметтен кеткен соң, мамандығына сай қайтадан облыстық Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы қызметін атқаруда.

Әрине, «Әкімдерді халық өзі сайлайтын болады» деген Мемлекет басшысының сөзі ауыл халқын қуантып отыр. Яғни, халыққа жақпайтын мінез-құлық көрсететін, сан түрлі шоу жасай­тын, ішімдікке үйір, ауылға, ауданға берілген бюджет қаражатын жымқыратын ұры-қары әкімдердің жолын кесу қажет.

Мемлекет басшысының әкімдерге қойып отырған басты талабы – ауыл­дың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Қазір ауылдық аумақтардың бюджеті өздеріне берілді. Тек қаржыны мақсатқа сай жұмсап, жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, қазіргі өзгермелі нарыққа бейімделуі тиіс. Жаңаша көзқарас қалыптасу қажет. Ауыл әкім­дері әрбір тұрғынның цифрлы сауатты болуы жолында жұмыс істеуге тиіс.

Ауылда малды асылдандыру, ха­лықты цифрлық тұрғыда сауаттан­дыру, гранттар мен несиелер алғы­зып, кәсіпкерлік нысандар ашу, ауылды көгалдандыру, көп балалы отбасы­лар­дың жағдайын жасап отырса, оңтүс­тік­тен солтүстікке қарай келетін ішкі көші-қон шаруасында белсенді болса, халық та әкімді қолдайтыны анық.

 

Павлодар облысы