• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 18 Қараша, 2020

Жақсылық бар жерде тапшылық болмайды

581 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылы­ның ашылу салтанатында «Волонтерлік – тегін жұмыс емес, ол азаматтың жауапкершілігі мен әлемді жақсартуға дайындығының көрсеткіші» деген пікірін білдірген-ді. Әлем жұртшылығын әбден әбігерге салған пандемия дендеген кезде волонтерлердің де қоғамдағы маңызын терең түсіндік. Волонтерліктің дамуын жолға қоятын кез келгенін ұғына түстік. Осы тұста аталған сала бойынша атқарылып жатқан шаралар мен жоспарлар төңірегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр ҚожахметПен әңгімелескен едік.

– Әлемде 1 млрд-тан астам во­лон­тер бар екен. Еліміздегі во­лон­­терлік қызметтің аяқ алысы қан­­дай? Бүгінгі таңда шамамен қан­­­ша волонтер халыққа кө­мек­­­­тесіп, елге пайдасын тигізіп жүр?

– Жалпы, волонтерлікті адамдар тегін қызмет ету, басқаларға пайдалы болу деп түсініп, қоғам үшін атқарған жұмысымен өл­шейді. Тәуелсіздік алғаннан бері елі­міз­дегі волонтерлер саны жыл са­нап артып келеді. Бүгінгі таңда елі­мізде волонтерлердің басын бірік­тіріп, қоғам үшін тегін қызмет етіп жатқан бірнеше үкіметтік емес ұйым бар. Жыл басында мұн­дай ұйым саны 224 болса, қазір ресми мәлімет бойынша 568-ге жеткен. Бұл үлкен көрсеткіш жә­не атқарылған жұмыстардың нә­тижесі деуге болады. Халықтың қоғамдық жұмыстарға ерікті түрде араласу белсенділігі артып келеді. Осы ұйымдармен жұмыс істейтін волонтерлер 30 мыңнан 95 мыңға жетіп отыр. Жыл басында жоспарланған волонтерлікке 50 мың адамды тарту болжамынан асып түсті.

Бұл сандар нақты әрі ресми ақпарат. Өйткені елімізде во­лон­­терлерді тіркейтін арна­йы плат­форма бар. Волонтер жас­тар­­дың шәкіртақысын арттыру, ерік­тілердің БҰҰ-ның волон­терлер қозғалысына атсалысуына мүмкіндік алуы сынды мәсе­лелерді оңтайландыру үшін ресми тіркелім қажет. Сондықтан волонтерлер Qazvolunteer.kz сайтында өз жұмысын растайды.

– 2020 жылы әлем әбігерге түсіп, коронавируспен бетпе-бет келді. Осы тұста елдегі волон­тер­лік қозғалыстың қарқын ала бастағанына куә болдық. Бұл жыл да аяқталуға жақын. Осы ретте Волонтер жылына қан­дай қортынды жасауға болады?

– Иә, расында, жыл басынан Арыстағы жағдай, Мақтааралдағы су тасқыны, пандемиямен күресте волонтерлердің көмегі орасан болды. Мұны Президентіміз де үне­мі назардан тыс қалдырған емес. Негізгі жұмыс «Birgemiz» жал­пы­ұлттық жобасы шеңберінде көз­делген 7 бағыт – «Sabaqtastyq», «Saý­lyq», «Taza Álem», «Asyl mu­ra», «Qamqor», «Umit», «Bilim» жо­ба­­лары бойынша жүзеге асырылуда.

17 өңірлік инфрақұрылым­­нан тұратын Республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі ашылды. Во­лонтерлік қозғалыстың негізгі дамуы осы құрылым арқылы рет­теледі. Сонымен қатар Qazvo­lun­teer.kz онлайн платформасы іске қосылды, онда 42 603 волонтер, ­ 3 063 ұйым және 977 жоба тіркел­ген. 5 600-ден астам волонтер ар­найы оқудан өтіп, 50 бастамашыл топ құрылды. Жалпы құны 150 мил­лион теңгені құрайтын 500-ден астам шағын грант үлес­тірілді.

Волонтерлерді ынталандыруға бағытталған шараларды арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделді. «Волонтерлік туралы» заң жобасы­ның тұжырымдамасы арнайы ко­мис­сиямен мақұлданды. Қазір да­­­йын­далу үстінде. Студенттік әлеу­­мет­тік кредит жүйесі бойын­ша уни­­вер­ситет волонтерлерін ын­­та­ландыруға қосымша шаралар­ әзір­­­леніп, ішінара жүзеге асырылуда.

Пандемиямен күреске қосқан үлесі үшін еліміздің 5 мыңға жуық азаматы «Халық алғысы» ар­найы медалімен марапатталды. «Жыл волонтері» халықаралық сый­лы­ғы тағайындалып, өтініштер қа­былдау басталды. Волонтерлерді ын­таландыру, бұл мәдениетті қа­лып­тастыру үшін қолға алынған жұ­мыстар жетерлік. Бұл тек бір парасы ғана.

– Халық өзді­гінен тегін жұ­мыс істеуге қан­ша­лықты да­йын? Еріктілікті «ерік­кеннің ер­мегі» дейтіндер де бар... Оның үстіне, волонтер дегенде көпші­лік­тің ойына нау­қандық шара­лар­да футболка киіп, белсенділік танытатын жас­тар ғана оралады.

– Иә, бүгінге дейін шаралық бағдарламалардың аясындағы во­лонтерлік жарқын көрінді. Бұл – ЭКСПО, Универсиада, өзге де мем­лекеттік жиындар. Бірақ 10-15 жылдық тарихы бар волон­тер ұйымдары бар. Олардың жұ­мы­сы науқандық шаралардың кө­лең­кесінде қалып қойды. Не­лік­тен? Себебі дәл уақытында ақ­парат­тық қолдау болмай қалады. Үл­кен шаралардың қаржысына сай жар­намасы да ауқымды. Өзге са­ла­дағы волонтерліктің өзектілігі аздау деген сияқты себептер де бар. Сондықтан халық арасында ке­рі түсінік пайда болуы мүмкін. Бі­рақ әр салада жаһанға жария салмай тындырымды жұмыс істеп, мұқтаждарға көмек қолын созып жүрген ұйымдар көп.

Халықтың жыл басынан бір-біріне көмектесіп, бары­мен бө­ліс­кен ізгі ниетіне бәріміз куә­міз. Соның арқасында, жағдай­ды тұ­рақ­тандырдық десек, қате­лес­пей­міз. Қиын кезеңде волон­тер­лік қызметке шамамен 70 мың адам тартылды. 959 мың аза­мат­қа әртүрлі көмек көрсетілді. 63 мың­нан астам азық-түлік жиын­тықтары, 4,4 миллион медицина­лық бетперде таратылды. Әрине, азаматтардың еңбегін санмен өл­шеуге келмейді. Бұл үлкен адам­гершілік пен азаматқа тән ерлік деп санаймын.

– Пандемия кезінде ха­лық­тың санасында волон­тер­лік мә­­де­ниет ұғымы қалып­тас­­ты дей­­сіз ғой? Қазір әлемде Во­­лон­тер­лер қозғалысы деген тү­­сінік бар. Қоғамның өзекті мә­се­леле­рін көрсетіп жүрген ерік­ті­лер туралы не айтасыз?

– Иә, қазір азаматтар әр сала­да көмек қолын созуға дайын. Еліміздегі волонтерлікке көр­ші­лес мемлекеттер де жо­ғары ба­ға­сын беріп отыр. Еуропа, АҚШ ел­дерінің тәжірибесін ал­сақ, волон­терлікпен айналысып жүргендер­ге мемлекет тарапынан көрсетіле­тін ресми қолдаулар, мүмкіндіктер, арнайы марапаттар бар. Тіпті сай­лауға түсетін кан­дидаттардың во­лонтерлік тәжі­ри­бесі ескеріледі. Шетелде әрбір мекеме, ұйымдарда волон­терлік­пен айналысқаның­ды растап, куәлан­дыратын ресми құжат бар. Соның барлығы жұмысқа орналасқанда, қандай да бір жобаларда септігін тигізе­ді. Бізде бұл қолдау түрі әзір­ге жоқ. Сондықтан ерікті­лер қоз­ға­лысының жұмысы көз­ге кө­рін­бей жатады. Бірақ Президент­тің бастамасымен волонтерлерді қол­дау мәселесін, волонтерлік жұ­­мысты еңбек өтілі ретінде са­нау, өзге де жеңілдіктер мен мүм­кіндіктерді қарастырып жатыр­мыз. «Волонтерлік қызмет тура­лы» арнайы заң бар. Соған өзге­ріс­тер енгізіп, мемлекет тарапы­нан реттеуді қолға алдық.

– Әлемде волонтерлікпен айна­­лысатындардың басым бө­­­лігі – егде жастағылар. Бізде ерік­­­тілік әзірге тек жастар ара­сын­­да трендке айналған сияқты. Мұ­ның себебі неде?

– Шетелде ұлттық тәрбие, ұр­пақ тәрбиелеу бағытында сабақ­тастық бекітілмеген. Оларда баласы 18 жасқа толғаннан кейін же­ке тұлға саналып, өз өмірін өз жауап­кершілігіне алады. Ұрпақ өзін­ше өмір сүреді. Ата-аналар бала­ларына біздің елдегідей қам­қорлық танытпайды. Сол себепті зейнетке шыққаннан ке­йін бос уақыты көбейіп, қария­лар ерік­тілікпен хобби ретінде өзін да­­мыту мақсатында айналысады. Еуропа зейнеткерлерінің әлемді шарлап қыдырып жүретіні таң­сық емес. Енді бірі түрлі экология­лық бастаманы көтереді. Ал біз­де ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес. Қазақстандық қариялар­дың зейнетке шыққаннан кейін де бос уақыты бола бермейді. Мы­­­салы, менің ата-анам мені ба­­ғып-қағып өсірді, ендігі жерде не­­­мересін әлдилейді дегендей. От­­басында тірлікке араласып, ­қар­­тайғанша бала-шағаның орта­сын­да жүреді. Тәрбиеге араласады. Бұл – кем­ші­лік емес, қайта біздің ел­дегі во­лон­терліктің ерекшелігі. Біз­де жас­тардың белсенділігі жо­ғары. Әрине, азды-көпті егде во­лон­тер­леріміз бар. Оларды үнемі қолдап отырамыз.

– Шетелде саналы түрде кү­ніне 1-2 сағат уақытын қо­ғам­­дық жұ­мысқа арнайтындар көп. Көше сы­пырып келу, қарт­­тар үйіне та­мақ апару, эко­логияға пайдасын ти­гізу сияқ­ты жұмыстарды әдетке айнал­дырған. Мектеп жасынан бала­ларды соған тәрбиелейді. Біз­де бұл үрдіс қалай дамыған?

– Жақында жаңалықтардан оқыған бір қызық оқиғамен бө­лісейін. Алматы облысы Ащы­бұлақ ауылының тұрғыны Бөр­т­өре Ағабаев есімді азамат ауылын­да­ғы көшелердің шұңқырларын жамаумен айналысады екен. Зей­неткер үйінде құр жатқаннан гөрі, халыққа пайдам тисін дейді. Өз қаражатына цемент алып, жолда­ғы шұңқырларды бітейді. Қария­ның ол жолмен жүретін көлігі де жоқ. Бірақ ауылдастарына жаны ашып, жолды тегістемесе, көңілі жай таппайды. Керемет емес пе? Бұл да еріктіліктің ғажап көрінісі ғой. Республикамыздың түкпір-түкпірінде біз білмейтін қаншама азамат осындай істер атқарып жүр. Теңізге тамған тамшыдай болса да, жан рақаты үшін жасалған сауапты іс. Сондықтан біздің елде де игі істен құралақан емес жандар көп.

– Ауылдарда волонтерлік бар ма? Болса, қандай жағдайда?

– Білім және ғылым министр­лігі арқылы ауылды жерлерде бі­лім ба­ғытындағы еріктілікті дамыту бойынша бірлесіп жұмыс­тар ат­қарып жатырмыз. Мектеп жа­сын­­дағыларға тәр­биелік мәні бар, экологиялық, жанашыр­лық қасиет­­тер қалыптастыратын ша­ралар өт­­кізіледі. Ауылды жерлерде бірі­­гіп көшені тазалау, абат­тан­­ды­ру жұмыстарын жүргізу, туған өлкені көркейтуге ерікті түр­де үлес қосу сияқты бастама­ларды кіші­гірім гранттармен қолдауды қарас­тырып жатырмыз. Кез келген жерде волонтерлік істің мүмкіндігін арттыру – негізгі міндетіміз.

Дегенмен ауыл азаматтары ту­­ған жеріне пайдалы болуға әуел­­­ден әуес. Мәселен, ауыл мек­теп­­терінің түлектері «Тү­лектер» кез­десулерінде жал­пыға ортақ ны­сандарды (ес­керткіштер, парк­тер, гүлзар­лар) абаттандырып, не жаңа­сын салдыртып жатады. Бұл да волонтерліктің белгісі. Өкі­­ніш­тісі, мұндай жұмыстарды ақ­па­раттандыру мәселесі жеткі­ліксіз дең­гейде жүргізілуде. Бұл бас­қа да аза­маттарымызға үлгі болар ма еді.

– Халықаралық волонтер­лерді бірік­тіретін үлкен байқау ұйым­дас­тырылып жатыр екен. Толы­ғырақ тоқталсаңыз?

– Ақпарат және қоғамдық да­му министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына байқау жариялады. Халықаралық сыйлық әлеуметтік және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге үлес қос­қан жеке волонтерлер мен топтарды, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды ынта­лан­­дыруға бағытталған. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен үміт­кер­­лер қатыса алады. Ол үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында өтінім беріп, волонтерлік қызметі туралы ақпарат толтыру қа­жет. 16 аталымның әрқайсысы бойынша үш үміткер жеңімпаз бо­лып танылады. Қазіргі таңда 600-ден астам өтінім келіп түсті. Байқаудың ережесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурстарында бар. Барлық волонтерді байқауға қатысуға шақырамын.

– Өзге мемлекеттерден во­лон­­­терлер жиі келе ме? Халық­аралық во­­лонтерлерді қай ба­ғыт­та қы­зық­­тыра аламыз?

– Әрине, мемлекеттер ара­сын­­­дағы келісімдер негізінде ха­лық­аралық волонтерлікті да­мы­ту өзектілігін жоғалтпайды. Әзір­­ге бұл бағыттағы жұмыстар пандемияға байланысты тоқтап тұр. Ахуал жақсарған соң кең кө­лемде нақты істер атқарылады. Жал­пы, Волонтер жылы аясын­да 7 отандасымыз БҰҰ Волон­тер­лер тобына қосылуға мүмкіндік алды. Олардың 4-еуі Түркияда, бірі Иорданияда, қалған екеуі Кения және Тайланд елдерімен каран­тиндік шектеуге байланысты онлайн форматта жұмыс атқаруда.

– Волонтерліктің кең ауқым­да дамуына не кедергі? Бұл саланы тежеп тұрған қандай мәселе?

– Ең алдымен, волонтерлікті қолдау жетіспейді. Екіншіден, во­лонтерлікпен айналысуға қажет­ті деңгейдегі экономикалық тәуел­сіздік жағы кемшін. Еуропа ел­дері деп отырмыз, ол жақта волон­терлердің бос уақыты бар. Сәй­кесінше, өмір сүруге қажет мате­риалдық жағдайы да тұрақты. Ал қал­таңызда қаражатыңыз болмаса, нан тауып, жан бағу ең өзек­ті мәселеге айналады. Содан ке­йін ғана басқа құндылықтарды ойлайсыз. Үшінші мәселе – мемлекет тарапынан заңнамалық тұрғыда реттеу. Бірақ бұл мәселенің екінші тұсы бар. Халықтың өзі ұсынған дүниелерді заң арқылы басқару кей кезде де кері әсерін береді. Сон­­дықтан волонтерлікпен әр адам өз қалауымен айналысуы керек.

– Өзіңіз волонтерсіз бе?

– Жұмыс барысымен бос уақыт бола бермейді. Бірақ қазақ­та «Бір тал кессең, он тал ек» де­ген ойлы сөз бар ғой. Осы қағи­да­­ны ұстанамын. Есік алдына кө­­шет отырғызу, балаларыммен бір­ге саябаққа ағаш егу сияқты жұ­мыстарға атсалысамын. Жаз бойы балаларым сол ағаштарды суарып, күтіп-баптауға барып тұр­ды. Әр адам өзінше волонтер. Елге, жерге деген жанашырлық пен қамқорлықтың өлшемі жоқ деп санаймын. Тамшыдан дария құралады емес пе?!

– Әңгімеңізге рахмет! Волон­терлік мәселесін дамыту бір күн­нің ісі емес екені анық. Еңбе­гі­ңізге жеміс тілейміз!

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»