Үкіметтік емес ұйымдар бұқара мен билік арасындағы көпір іспеттес. Бүгінде көптеген өзекті мәселені көпшілік назарына ұсынып, талқыға салып жүрген де үкіметтік емес ұйымдар. Алайда азаматтық қоғамның бұл институты әзірге тек аралық көпір функциясын атқарып келеді. Әсіресе жастар ұйымдарының флешмоб пен акциялардан қолы босамайды. Жалпы, жастар ұйымдары қалай қаржыландырылады?
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 547 жастар ұйымы тіркелген. Ал үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны – 22 344. Олардың 8,66 пайызы – жастар ұйымдары. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына елдегі төтенше жағдай да кедергі емес тәрізді. Өйткені жыл басында ұйымдар саны 16,4 мыңнан сәл асқан. Көріп отырғанымыздай, бірнеше ай ішінде әжептәуір өсім бар. Алайда саны бар ұйымдардың сапалы болуына не кедергі?
Кез келген ұйымның кең қанат жайып, жұмысының өрлей түсуіне ортақ идеядан бөлек қаражат қажет екені сөзсіз. Біздегі үкіметтік емес ұйымдардың қалай қаржыланатынын анықтау мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хабарласқанымызда, елдегі ұйымдардың грант конкурсына қатысып, мемлекеттен қолдау алатынын айтты. Министрлік – тапсырыс беруші болса, грант конкурсын ұйымдастыру, іріктеу мен үлестіру «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның міндетінде. Жастар және отбасы комитетінің бас сарапшысы Гүлдана Аргенова министрлік техникалық тапсырма мен шараның тақырыбын, концептін жасаушы рөлінде екенін айтады. «Біз өткізілетін шараның тақырыбы мен концептін жасаймыз. Яғни қандай мәселе қамтылып, қандай тақырыптың қозғалуы керегін тапсырамыз. Ал конкурсты өткізіп, грант иегерлерінің ережеге сәйкес қалай таңдалатынын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қадағалайды. Жалпы, қазіргі таңда осындай тақырыптар маңызды деп айту қиын. Өйткені министрліктегі әр комитет өз саласына қарай тапсырма береді. Конкурс та, шара да өткізілгеннен кейін аталған ұйым министрлікке есеп береді. Биыл Жастар және отбасы комитеті 21 грант жобасына тапсырыс берді. Көбіне жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, инновациялық бастамаларды қолдауға, волонтерлік бастамаларға басымдық бердік. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай да конкурс өтті», дейді сарапшы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл үкіметтік емес ұйымдарға бағытталған гранттың жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат 118 жобаға жоспарланған. Жастар ұйымдарына бағытталған гранттарға 632 млн теңге қарастырылған. Ал үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бөлінген грант көлемі – 305,4 млн теңге.
«Биыл Волонтер жылына орай «Birgemiz» бастамасы шеңберінде мектеп оқушыларын қолдау, оларға ағылшын тілі мен компьютер курстарын өткізуге қатысты жобаларға қолдау білдірілді. Ал былтыр Жастар жылы аясында жастар ұйымдарына бөлінген қаражат көлемі биылғыға қарағанда айтарлықтай көп болды. 2019 жылы үкіметтік емес ұйымдардың 128 жобасына 3,5 млрд теңге көлемінде грант берілсе, 2018 жылы 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді», дейді Азаматтық қоғам істері комитетінің Азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының басшысы Мақпал Салық.
Түсінгеніміздей, жастар ұйымдарының да, жалпы үкіметтік емес ұйымдардың да негізгі қаражат көзі – республикалық бюджет. Краудфандинг негізінде қор жинайтын, меценаттардан қолдау алатын ұйымдар да жоқ емес, алайда олар көбіне қайырымдылық пен белгілі бір идея негізінде құрылған топтар. Мемлекет қаржысына күн көріп жүрген жастар ұйымдарының көбінің санасында әуелден қалыптасып қойған флешмоб пен акциялармен шектелуден басқа амалы жоқтай. Бәріміз білетін Greenpeace те бір кездері Канада үкіметінің қолына қарап отырған-ды. Ал технология мен инновация заманында жұмыс істеп жүрген жастардың мемлекеттік грантпен шектелу себебі неде? Әрине, ақпараттың аздығынан.
Осы орайда Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты Азаматтық орталығының мамандарымен тілдескен едік. Бұл әкімдікті арнайы таңдап алуымыздың себебі – мамандар аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың, әсіресе жастар ұйымдарының атқаратын қызметі мен тақырыптарына сай гранттарды саралап, оларды жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға ұсынып отырады екен. Яғни тек мемлекеттік қолдау емес, шетелдік, халықаралық ұйымдардың конкурстарына да қатысып, бақ сынауға мүмкіндік туады. Біз бұған дейін де бірнеше атыраулық ISeed стартап конкурсына қатысып, бүгінде жастарға қатысты жемісті әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғаны туралы жазған едік.
2017 жылы қазығы қағылған Азаматтық орталығы аймақтағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге белсенді араласып, азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын арттыруға және ұйымдастырушылықты жақсартуға жәрдемдесу мақсатында жұмыс істейді. «Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру» бөлімінің басшысы Әйгерім Сауленнің айтуынша, орталық үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, жаңа ҮЕҰ құруға жағдай жасау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, сыйлықақылар беру бойынша конкурстық ресімдерге қатысу үшін құжаттар дайындауда әдістемелік көмек көрсетіп келеді. «Жалпы жыл өткен сайын ҮЕҰ-ның жаңа жобаларына, тың идеяларына үкімет тарапынан, түрлі қорлардан қолдау артуда. Бізде өңірдегі ұйымдардың арнайы базасы жасақталған. Олардың грант өтініштерін дұрыс толтыруын қадағалап, қажет кезінде түзетулер енгізіп, құжаттар дайындауына көмектесеміз. Бөлім күн сайын арнайы қорлардың сайттарына мониторинг жүргізу арқылы жаңадан жарияланған гранттар туралы ақпаратты уақтылы біліп отырады. Әр дүйсенбіде базада тіркелген құрылымдарға жаңалықтар мен хабарламалар жіберіледі. Қазіргі кезде гранттар көбіне «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы», «Сорос-Қазақстан» қоры, Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор, Қазақстандағы АҚШ елшілігі, USAID, Тұңғыш Президент қоры, Орталық Азияның Еуразия қоры сынды ұйымдар тарапынан бөлінеді. Атыраулық 2 жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» грантын жеңіп алды. Одан бөлек Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі аясында шетелдік компаниялардың қаржылық қолдауына 4 ұйым ие болды. Жалпы айтар болсақ, биыл өңірге 55 370 580 теңге қаржы тартылды», дейді маман.
Азаматтарды гранттар мен конкурстардан хабардар ету, ұйымдардың бәсекелестігін арттыру мақсатында биыл үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған «Теңізшевройл», Flour, NCOC, «Болашақ Атырау», Fircroft Kazakhstan, Sarens Kazakhstan, ESS Support Service, «Болат жол» сынды компаниялар қатысты. Биылғы шарада үкіметтік емес ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балаларға арналған 14 әлеуметтік жоба ұсынды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 4 жоба қолдау тапты. Осы сынды басқа да гранттарды іздеп, туған өлкесіне пайдалы болуға тырысып жүрген азаматтарға, ұйымдарға жол ашуға жағдай жасап отырған орталық бүгінге дейін талай өреннің өрге жүзуіне себепкер болған. Оның дәлелі ретінде биыл елдегі төтенше жағдай мен әлемдік пандемияға қарамастан 25 жобаға қаржылай көмек алуға көмектескен.
Азаматтық орталығы тарапынан белсенді жастардың басын қосу, үкіметтік емес ұйымдарды бір-біріне таныстыру мақсатында дәстүрлі түрде «Өзіміз болып шай ішейік» кеші ұйымдастырылады екен. Ал ҮЕҰ өкілдеріне өз жобаларының ерекшелігіне назар аударып, ұйым тіркерде белгілі бір бағытты таңдап, өз ісін сол бағытта дамытуға, жобаларды іске асыруда инновациялық шешімдерді кеңінен қолдануға, қоғамдық мәселелерді шешуде өзекті тақырыптарды қамтуға, жобаның ғылыми, статистикалық сипатына мән беруге кеңес береді.
Жастар ұйымдарының жұмысын арттыру, қоғамдағы орнын нығайтуға мемлекеттің мүдделі екенін атқарылып жатқан шаралардан біле аламыз. «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» – бұл саладағы талпыныстардың көрінісі. Жоғарыда көрсетілген статистикадан да бұл бағытта жұмсалатын қаражаттың аз емесін түсіндік. Дегенмен бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын көрсететін есептерде көбіне «Жыл студенті», «Ең үздік университет жобасы» сынды үздіктерді анықтау шараларын ғана байқаймыз. Бәлкім, науқаншылықтан нақты іске жұмылсақ жөн болар ма еді...