Енді қазақстандықтар ЕАЭО-ның кез-келген елінен зейнетақы алуға құқылы. Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімді мақұлдады. Құжатқа сәйкес қазақстандықтар ЕАЭО елдерінің кез-келгенінде зейнетақы ала алады. Құжатпен жұмыс істеу 2014 жылы басталып, араға 6 жыл салып аяғына жетіп отыр.
«ЕАЭО азаматтарын басқа мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыруы кезінде зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін құқықтық реттеу жұмыс күшінің қозғалуы жолындағы қазіргі кедергіні жоюға мүмкіндік береді және еңбек қызметін заңдастыруға қосымша ынталандыру болады. Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандырылуға құқылы болады» делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесінде.
Келісім бойынша заңды еңбек мигранттары өзі жұмыс істеген елдегі еңбек өтілі бір жылдан асса зейнетақыны сол елден алуға құқылы. Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, келісім ЕАЭО аумағындағы еңбек ресурстарының еркін жүруіне мүмкіндік береді. Яғни, одақ құрамына кіретін елдердің жұмысшылары сол елдің азаматтарымен бір деңгейде төлем алады. Қазақстанда жұмыс істеп жүрген өзге ел азаматтары зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-ға аударып, кейін осы қордан зейнетақы төлемін алуға құқылы. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр ЕАЭО елдерінен Қазақстанға 25 мыңнан астам еңбек мигранты келген.
Депутаттар алдында заң жобасын таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заң жобасының басты мақсаты бірыңғай зейнетақы жүйесін қалыптастыру екенін айтты.
«Мүше-мемлекеттерде қазір әртүрлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Мәселен, Беларусияда жинақтаушы жүйе жоқ. Қазақстан, Ресей, Армениядағы жүйелердің айырмашылығы алуан түрлі. Сонымен қатар олар зейнет жасы, мөлшері, еңбек өтілі және басқа да параметрлер бойынша әртүрлі. Ал зейнетақымен қамтамасыз ету тек еңбек етіп жүрген азаматтарға ғана қарастырылған» деді министр.
Сондай-ақ министр тұрақты тұрушы азаматтардың зейнетақы мәселелері шешілгенін айтты. Бірақ ЕАЭО елдерінен жұмыс іздеп келген азаматтардың зейнетақы мәселесі әлі шешімін таппай отыр.
«Әр мемлекет зейнетақыны өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес төлейді. Қазақстанда және Қырғызстанда осы санаттағы азаматтар үшін зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарнасы төленбейді» дейді Нұрымбетов.
Келісімге сәйкес:
Жұмысшылардың сол елдің азаматтарымен тең дәрежеде құқықтары қамтамасыз етіледі;
Әр мемлекет өз территориясындағы жұмыс өтілі кезеңіне сәйкес зейнетақы төлейді;
Әр мүше-мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес зейнетақыға құқықты және оның мөлшерін анықтайды;
Зейнетақы экспорты мәселесі шешіледі.
«Келісім өте өзекті. Өйткені, оның ратификациясы еңбек мигранттарына өзі жұмыс істеп жүрген елден зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Мәселен, бір елдің азаматы ЕАЭО елдерінің бірінде (немесе бірнеше елінде) жұмыс істесе, сосын отанына кетіп қалса, зейнет жасына жеткеннен кейін зейнетақысының бір бөлігін өзі жұмыс істеген елден алады. Біздің ойымызша, бұл еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз етудің әділетті тәсілі. Заң жобасының қабылдануы олардың табыстарын заңдастыруға қосымша ықпал етеді. Адамдарға қазіргі уақытта жұмыс істейтін елде зейнетақы жарналарын аудару тиімді болады, өйткені бұл оларға зейнеткерлік жасқа толған кезде зейнетақы төлемдерін ғана емес, сонымен қатар мүгедектігі бойынша төлемдерді, қызметкер қайтыс болған жағдайда мұрагеріне тиесілі жәрдемақыларды да береді» дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Мәселен, осыған дейін Ресейде 5 жыл жұмыс істеп, тиісті төлемдерді аударып отырған Армения азаматы Ресей елінде жұмыс істеген уақыты үшін зейнетақы төлемін алған жоқ.
«Құжат күшіне енгеннен кейін азамат өз еліндегі және басқа елдердегі жұмыс істеген уақыты үшін зейнетақы алуға құқылы. Мысалы, Армения азаматы келісім күшіне енген соң Ресейде бес жыл, Беларусияда үш жыл, Қазақстанда бір жыл және одан соң Арменияда жұмыс істесе, онда зейнетақы төрт елден де алатын болады» деп түсіндірді Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері.
Еске салсақ, құжатпен жұмыс істеу 2014 жылы басталды. Ал 2019 жылдың 20 желтоқсанында ЕАЭО мемлекет басшылары келісімге қол қойды.
Қазақстанда бұл мәселені реттеумен айналысатын өкілетті орган – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болмақ.
Ратификация туралы заң мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
АЛМАТЫ