Астанадағы “RІXOS Prezіdent Hotel-Astana” қонақүйінде “Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасының 15 жылдығы” атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған еліміздің адам ұрпағын өрбіту институтының жетекші мамандары мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, Ұлттық акушер-гинекологтар ассоциациясының төрайымы Н.Каюпова, дүниежүзілік репродуктивті медицина ассоциациясының президенті С.Антинори қатысты.
Елімізде жасанды ұрықтандыру әдісі пайда болғалы бері соңғы 15 жылда 5 мыңнан астам бала дүние есігін ашыпты. Жаңа әдіс бойынша өткізілген 20 мыңнан астам операция нәтижесі туралы денеден тыс ұрықтандыратын алғашқы зертхананың негізін қалаушы, “Экомед” емханасының басшысы Салтанат Байқошқарова әңгімелеп берді.
“15 жыл бұрын Қазақстанда осындай жалғыз зертхана болса, бүгінде оның саны 8-ге жетті. Осы уақыт аралығында ғылым бір орында тұрып қалмай алға жылжып, мамандардың көмегімен 5 мың сәби дүние есігін ашты” – деді ол. Дәрігердің айтуынша, арнайы жабдықтардың көмегімен жасанды ұрықтандырылған эмбрионның денсаулығын оны әйел жатырына енгізбей тұрып көруге болады екен. Сонымен қатар, болашақ ұрпақтың бойында генетикалық аурулардың бар-жоғын анықтауға, алдын алуға мүмкіндіктер де бар көрінеді. Елімізде жасанды ұрықтандыру әдісінің құны әлемнің өзге елдерімен, Ресеймен салыстырғанда 4 есеге арзан. Мысалы, денеден тыс ұрықтандырудың (ДТҰ) құны 150-190 мың теңгенің айналасында тұрады. Оған қоса құны 100 мың мен 200 мың арасында болатын гармональды дәрі-дәрмектер тағы бар. Бұл бір жолғы қабылдайтын ем. “Бұны барлық азаматтардың қалтасы көтере бермейді. Мүмкіндіктері жоқ, – дейді С. Байқошқарова. – Дегенмен, Мемлекет тарапынан қолдау болып жатқан жағдайда бұл бағаны әлі де төмендетуге болады”.
Жасанды ұрықтандыру әдісі әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Ал елімізде пайда болған 15 жылдың нәтижесін салыстырып қарасақ, әдіс тиімділігі 25 пайыз. Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бұл әдіске қазақстандық жүгінушілер саны жыл санап артып келеді екен. Адамдар жылдан-жылға табиғаттан алшақтап барады. Соның нәтижесінде тек әйел адамдардың ғана емес, еркектердің де денсаулығы нашарлап барады. Мысалы, ауылдық жерлерде бедеулікпен ауыратын жандар көп келе бермейді. Оған қоса емге жүгінетін әрбір әйелге жасалатын алғашқы ем-домның нәтижелі аяқталуы 20-40 пайыз арасында. Бұл әйелдің жасына да байланысты болады. Әйелдің жасы қаншалықты үлкен болса, мүмкіндік соншалықты аз болмақ. Сондықтан алғашқы ем сәтсіз аяқталса, 3-4 рет қайталауға тура келеді екен.
Қазақстанда ДТҰ зертханасының негізін салушы Салтанат Байқошқарованың еңбегі осы конференция барысында айқын байқалды. Сол жерде жүгіріп жүрген кішкентай балалар, үшемдер мен қолды-аяққа тұрмай тыпырлаған сәбилерді көргенде дәрігер еңбегінің зая кетпей, оған қоса шаңырақтарға сәбидің шат күлкісін сыйлап, үміт отын жаққан ақ халатты абзал жандарға айтар алғыс мол.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.