• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Желтоқсан, 2020

Ізгілік иірімі

2282 рет
көрсетілді

Бала кезіміз. Біздің ауылға қоржын-қосқолаңын арқалаған, жоқшылық зардабын тартқан мүсәпірлер ара-тұра соғып тұратын. Әсіресе, Асанбай деген шау тартқан тіленші есімде қалыпты: бір көзі жоқ, үстінде – көнерген әскери киім, мойнына асқан ауыз гармошкасы бар. Қашан көрсең, жымиып жүретін, көп сөйлемейді. «Бипыл, бипыл, бипыл-ай, Тартшы құрбым бір күйді-ай...» деп әлгі сырнайымен сүйемелдеп, қарлығыңқы дауыспен баяу, ақырын ғана әндететіні әлі күнге құлағымнан кетпейді.

Осы Асанбай қол жайып, бірден біздің үйге бас сұғатын. Бұл шаңырақта бейшара, қарып-қасерлер қайырымдылық көретінін ол да біледі. Мүскін жан біздің үйдің табалдырығын аттасымен-ақ шешем байғұс бір тыным көрмейтін. Сақыпжамал анам ошақтың маңында үнемі тау боп үйіліп жататын сексеуіл мен жыңғылды молынан жағып, қазан-қазан су ысытып, оны үлкен темір астауға толтыра құйып қоятын. Одан қалды Асанбайдың тер мен кір, шаң-тозаң мен майдың түр-түрі сіңген киімдерін бірнеше қайтара ысқылап жуып, мұнтаздай тазалап беретін. Шешем ісмер кісі еді. Асанбай өз бетінше сақал-мұртын басып, арнайы дайындалған ыстық суға жуынып-шайынып жатқанда, шешем өзінің тігін машинасын зырылдатып, оған сәтеннен су жаңа көйлек-дамбал тігіп бере қоятын.

Кір-қоңын жуғаны, қадірлі қонақтай күткені, барлық ас-суын алдына тосқаны өз алдына, анамыз қайыршыны бос қайтармайды: кетер кезде арнайы қазанжаппай пісіріп, ыстық күйде таза шүберекке орап, оның жолдорбасына салып беруші еді. Мұндай ыстық ықыласқа, үлкен қошеметке қатты риза болып, көзі жасаурап, көңілі босайтын Асанбай қайыр-қош айтысарда тілі шешіліп, анамызға қайта-қайта алғысын айтып, шын пейілімен рахметін жаудыратын. Тілемсек кісі үйден ұзаған кезде шешем күрсініп: «Алланың ісіне не амал бар?! Текті адамның тұқымы еді... Бұл кісіге жасаған азды-көпті ізгілігім мен қолғабысым балаларыма ырыс-жақсылық болып қайтуға жазсын!» деп тілеуші еді.

Тағы бір есімде қалғаны, бірде Асанбай қарт менің ағама ағаштан жонып, әдемі, зерлі тиек жасап берді. Домбыраның тиегін. Ал әкем Смағұл болса, Асанбай кетуге ыңғайланғанда оған ағаш желімін беріп жататын. Ол Асанбайға не үшін, не ісіне керек болмақ? Оның егжей-тегжейін сол бойы біле алмадым. Әкем өмірден ерте өтті. Бәлкім, Асанбай шебер болса керек, «ол ағаш желімін пайдаланып, қолөнер туындысын жасасын» деген тілегі болар.  

Шешем секілді әкем марқұм да көрші-қолаңға көмекке келуге, қысылып-қиналғанға қол ұшын беруге әр кез әзір тұратын. Көпшіл, қайырымы мол, шындықты бетке айтатын, жамандыққа жаны қас, батыр тұлғалы қайсар адам еді. Өмірде көргені көп, әңгімесі де – телегей теңіз.

–Ашаршылық жылдары халық қынадай қырылды, – деп еске алатын әкем. –Ауылдағы қатары сиреген адамдарды аман сақтап қалу үшін қаз-үйрек атып алу ойыма келді. Бірақ оған қажетті оқ жоқ. Содан үлкен шегелерді «турап», оны тас диірменге салып илеп, одан егеп, дөңгелек қалыпқа келтіріп, оқ жасадым. Енді қаз-үйрек мекендейтін жерге жету керек, ал оған әл-дәрмен жоқ. Қу ашаршылықтың діңкелеткені сонша, әудем жер жүрсек, буын-буыннан әл кетіп, шаршап, құлай кетеміз. Ауылда қалған жалғыз кәрі есекке сүйеніп, бір күні митыңдап отырып, көлдің жағасына да жеттім-ау. Мұз қата бастаған шақ еді. Алайда көлдің ортасы әлі жылымданып жатыр. Сол жерде екі қаз қатар жүзіп жүр. Деміккен демімді басып, қосауызды қолға алып, мұз үстімен әлім жеткенше, сүріне-қабына қаздарға қарай жүгіре жөнелдім. Ондағы ойым: қаздарға неғұрлым жақындай түсуім керек. Өйткені қорғасын оқ емес, шегеден жасалған оқ алысқа ұшпайды. Менікі қайбір жүгіріс дейсің, бірнеше метр ілгерілегенім сол, қос қаз да судан көтеріле берді. Мұз үстіне тізерлей отыра қалып, тез көздей сала шүріппені бастым.

Құдайдың қарасқаны осы шығар, мылтықтың түтіні сейілген соң зер салып қарасам, қаздың екеуі де мойны қайырылып, мұз үстінде сілейіп жатыр. Бірақ ол жер жылымға жақын. Мұзы адамның салмағын көтермейді. Енді не істеу керек? Ашыққан адам ізденгіш келеді. Судың жағасы сыңсыған нар қамыс. Соның ішінен найзадай ұзын біреуін кесіп алып, ұшын екі қырынан кертіп, ашаладым. Егер нар қамыстың аша сияқты ұшын қаздың денесіне іліктіріп, бұрасам, қаздың күзгі қалың жүні қамыс ұшына оратылады. Осыдан кейін қамыспен бірге қазды да қоса ілестіріп тартып шықпақпын. Әйтсе де бұл «құралды» қолдану үшін «қамыс созым» жерге жақындауым керек. Сондықтан тағы да біраз қамысты жығып, буып, төсеніш сияқты жаймалап шықтым. Осы қамыс төсенішке жер бауырлай жатып, мұз үстімен сырғи, абайлап жылжи отырып, екі қаз құлаған мұзы жұқа тұсқа да жеттім. Ашаланған ұшы бар нар қамысты қолданып, қаздарымды жағаға алып шықтым. Абырой болғанда, екі қаз да керемет семіз екен. Мұзға құлағанда, семіздіктен терісі тілініп, төсі айрылып кетіпті...», – дейді әкем Смағұл.

Осыдан кейін не болды дейсіз ғой? Әкем үлкен бейнетпен тапқан екі қаздың біреуін шешем жүнін жұлып, тазалап, көршілерге бөліп берді. Әрине, әкемнің келісімімен.

«Көршінің қақысы қиын, айналайын. Сен тоқ болып жүргенде, көршің аш отырса, бұл құдайшылыққа да, қазақшылыққа да, адамшылыққа да жатпайды. «Өле жегенше бөле же» деген ата-бабамыз, бұл ең әуелі көрші қақысына қатысты сөз. «Көршімен бөлісу» деген не? Бұл – көңіл жылылығы, ниет дұрыстығы, пейіл тазалығы. Яғни, адамшылықтың басы, ізгіліктің бастау-көзі. Құдайы көршісімен бөліспеген жігіт ертеңгі күні ағайын-туғанына да көңіл бөлмейді, ауыл-аймағына қарайласпайды. Асы, байлығы басынан қанша артылып, асып бара жатса да!» – деп отырушы еді әкем жарықтық.

Мен өмір бойы әкемнің осы өсиетін ұстануға тырысып келемін, жоқ-жітікке, кембағалға қамқор, ағайынға қайырымды, жалпыға мейірбан болуды қағида санаймын.

Қазақтың алтын бесігі – ауыл қасиет пен киеге толы ғой. Осы орайда бір оқиға ойға оралып отыр. Бұдан біраз жыл бұрын бір сырқат адамды Қопа деген жерде тұратын тәуіп Ақ Ананың алдына апарған болатынмын. Сонда ол кісі маған қарап тұрып: «Саған тиесілі бір қазаның бар!» деді. Мен түк түсіне алмадым. «Қазаны несі? Қайдағы қазан?» деп ойладым да қойдым. Міне, сол қазан ақыры алдымнан шықты.

Әмит қарияның баласы Ақылбек деген ағайыным бір күні біздің үйге қазан әкеліп тұр, Кәдуілгі қара қазан. Рас, әбден көнерген. Әмит ақсақал дүниеден өткесін оның кемпірі Айманкүл апамыз Кенжебек деген баласының қолына көшеді. Бәріміз де қадір тұтатын сол шешеміз бірде ұлы Ақылбекті шақырып алып, былай дейді:

–Балам, бұл – Сақыпжамалдың қазаны. Сақыпжамал – анау Бақытбек Смағұлдың анасы. Баяғыда, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жоқшылық кезде жарықтық Сақыпжамал бізге қатты қарайласып еді. Әкең екеуіміз жаңа ғана бас құрағанбыз. Топырағың торқа болғыр Сақыпжамал осы қазанды қақпағымен, қырғышымен қоса табыстады. Бұған қоса ыдыс-аяғын, көрпе-жастығын, ине-жібін тағы берді. Ол қазанын шын ықыласымен беріпті, содан үйімізге құт қонып, еңсемізді тіктеп, мерейлі отбасыға айналдық. Өстік, өндік, өркен жайдық. «Сақыпжамал берген қазан біздің үйге құт боп қонып, ырыс боп енді» деп ырымдап, бұл қазанды ұзақ жылдар бойы көздің қарашығындай сақтадым. Қазір жасым келді, бір күн ауру, бір күн саумын. Сақыпжамалдың қазанын бұрынғыдай көзден таса етпеуге шамам да жоқ. Қай күні еді, әлдене қаңғырлаған соң, терезеден қарасам, біздің ала сиыр ол қазанды тұмсығымен түртіп, мүйізімен жайқап, даңғырлатып жатыр. Сөйтсем, біздің келін сиырға жемді ескі қазанға салып беріпті. Киені келемеж етпеген жөн. Дереу балаларды шақырып, қазанды үйге алдырып, жуып-шайғызып, көрпеге орап, төсегімнің астына қойғыздым. Мен кеткесін ол қайда қалады? Сол себепті балам, осы құтты қазанды иесіне, Бақытбекке апарып бер. Шешесінің көзі ғой, күтіп ұстасын! – депті Айманкүл апамыз.

Анамның көзіндей болған аяулы қазан көзіме ыстық көрінді. Жоралғы жасап, ернеуіне ернімді тигіздім. Біраз күннен кейін Айманкүл апамызға (ол бертінде өмірден өтті) орамал-қамзол, шай-кәмпит апарып, арнайы сәлем беріп қайттым. Кенже ұлы Кенжебекке жаңадан үлкен қазан сатып әпердім. Ескі қазанның төлеуі үшін емес, әрине. Анамның бір кездегі жақсы ниетінің жалғасы болсын деген тілек.

Қазаны оттан түспеген қайран анам бар болғаны 48 жасында дүние салды. Бүкіл ғұмырын, бар қажыр-қайратын отбасының береке-бірлігі, адамдардың тоқтығы үшін сарп етті. Тоқшылықтың да қадірін білді, жоқшылықтың да қасіретін тартты. Ерін күтіп, 12 баласын балапандай бағып-қағып, ешкімнен кем қылмай мәпелеп өсірді. Он екі баласының бірде-біреуіне дауыс көтерген емес. Табағы алтын болса да, қабағы салқын болса, ол әйелдің үйіне жан жуымайды емес пе?! Асыл анам үйге кім келсе де жадырап күліп, жарқырап қарсы алып, қонағы мен көрші-қолаңның көңілін тауып, ағайын-туыстың алғысын алып, ризашылығына бөленіп жүретін.

Әлемнің жарығы да, айналаның жылылығы да әйелдің жүрегі мен алақанынан таралады. Ал Отанның береке-бірлігі әр отбасыдағы береке-бірлік қайнарынан бастау алады.

Отбасының ырыс-берекесінің қамын қамдаған, қазанды қасиет тұтқан әйелдерді біз де қадірлей, бағалай білуіміз керек. Отбасылық қарым-қатынасты, жанұядағы береке-бірлікті сақтау – үлкен еңбекті, зор күш-жігерді талап ететін іс. Бұған шыдамдылық, төзімділік, жайдарылық, қажырлылық қана емес, сондай-ақ ақыл-парасат, даналық керек.

«Қара қазан, сары бала Қамы үшін қылыш сермедік», – дейді батыр, ақын Махамбет. Махамбеттің «қара қазан, сары баланың қамы» деп отырғаны – халықтың қамы. Демек, қара қазанды қасиет тұтқан, өз ошағы мен отбасының ынтымақ-ырысын ойлаған, сол үшін уайым жеп, бейнет шегіп жүрген барлық әйелдерді «халықтың қамы үшін тер төгіп жүрген тұлға» деп танысақ жөн.

Отанын сатқандарды заң «опасыз, сатқын» деп таниды. Осыған ұқсас, шаңырағының шырқын бұзған, отбасын ойрандаған ерлерді де, әйелдерді де «опасызға» теңеуге болады. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде осы мәселемен біраз жылдан бері айналысып келемін. Ерін еш кінәсіз, сыртқы сықпыты ұнамсыз болғаны үшін үйінен қуып жіберген, табалдырықтан кері аттатпай қойған талай әйел бар.

Еркек жігерсіз болса, әйел шідерсіз кетеді. Күйеуінің бар мүлкін тартып алып, өзін бомж қылып қаңғыртып жіберген, үйде өзі ойына келгенін істеп, шідерсіз кеткен әйелдерді кейбіреулердің «ой, қасқыр әйел ғой!» деп тамсана айтып, қолпаштағанын да көрдік. Мұндай психотипті жастар жағы «вамп-әйел» деп әспеттейтін көрінеді. Шынында отбасылық гармониядан, жұбайлық ілтипаттан іргесін аулақ салған әйел өзгеге де, өмірге де суық қарап, депрессияға ұшырап, бәрінен баз кешуі мүмкін. Ондай азаматтардың елімізді, ұлтымызды дамытуға, жаңғыртуға сүбелі үлес қоса қоюы неғайбыл. Қоғамымыз бұлайша бірде бір мүшесін жоғалтпағаны абзал.

Гендерлік теңдік деген жақсы, бірақ салт пен елдікті де ұмытпайық. Бұл құндылықты қазақ бабам сонау ықылым заманнан қызғыштай қорып, көздiң қарашығындай сақтап келген. Әйелдік парыз. Аналық мейірім. Аналық махаббат. Ананың аялы алақаны. Мұны қазіргі заманның бірде бір игілігі ауыстыра алмайды. Осының бәрі әйел адамның тектілігінің басты бір нышаны. Мұны көне сүрлеумен өрлеуге тырысу деп емес, ұлттық қалыппен үйлесімді өркендеуге ұмтылу деп түсінген дұрыс.    

Тіпті ұлтымыздың тағдыры әйелдік парыз бен жауапкершілік деңгейіне тәуелді. Еркектер сияқты, өз жауапкершілігі мен міндет-парызын ұмытқан әйелдер де қоғамды күйретіп жіберуі мүмкін.

Жақында қайраткер ініміз Дархан Қыдырәлі өзі басқарып отырған «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «бесік тербетіп отырған әйелге ескерткіш орнатсақ!» деген игі ұсыныс айтты. Өте орынды ұсыныс деп санаймын, әрі қолдаймын. Біз Дархан бауырым айтқандай, әйелдерге ескерткіш орнатсақ, онда ең алдымен бесік ұстаған, отбасының береке-бірлігін ойлаған әйелдерге орнатуымыз керек. Бұл еліміздің, елдігіміздің болашағы нәзік болмыс иелерінің қолында екенін көрсетіп, әйелдердің қоғамымыздағы үлкен рөлін паш етпек.

***

Бүгінгі күннің биігінен өткеніме, балалық кезеңіме көз тастап, әке-шешемнің сол кездегі тіршілігін, қам-қарекетін ой елегінен өткізе отырып, қатты сүйсінемін. Үкіметтің жоғарғы оқу орнын бітірмесе де, үлкен өмір мектебінен өткен әкем мен шешем ешкімге айтпай-ақ, аттандамай-ақ, өзінің қажыры мен қайратына, ақылы мен еңбегіне сүйеніп, қыруар ізгі іс тындырыпты. Ел ішіндегі жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге, шарасыз бен панасызға, ауру-сырқау, кем-кетікке шамалары жеткенінше, қолдарынан келгенінше жәрдемдесіп, сүйеу болыпты. Олардың аяу көңіліндегі қаяуды өшіруге, солардың көзінің жасын өз жүрегінің жылуымен құрғатып-кептіруге тырысып бағыпты.

Шын жақсылық, табиғи ізгілік дәл осылай сұраусыз, міндетсіз, қайтарымсыз жасалады. Қайырымдылық біреу сұраған, жылаған, не болмаса жата қап жалынған соң жасалынбаса керек. Шын ізгілік ешқандай есепке құрылмайды: бақай есепке де, ноқай есепке де!

Қасиетті Хадиске жүгінсек, әрбір адам ізгілік пен қамқорлықты, қайырымдылықты шын ниетімен, бар ықыласымен жасағаны жөн және осы жақсылықтарын Алла берген ауаны сәт сайын сіміре жұтқаны, күнделікті суға қанғаны секілді қатардағы қалыпты іс деп санағаны ләзім. Не үшін? Адам табиғаты бүлінбесі үшін. Фәни дүниені ұстап тұрған ұлы Үйлесім бұзылмасы, болашаққа сақталуы үшін.

Өкінішке қарай бүгінде адамзат ізгіліктің қалыпты іс екенін және оның қалыпты іс болуға тиістігін мүлде ұмытты. Ізгіліктің өзін қазір тек «арнайы науқан, әлдебір акция» түрінде, яки «қайырымдылық іс-шарасы» ретінде өткізетін және қабылдайтын болдық. Жарымжан, мұқтаж жандарға шын ниетімен көмектесетін волонтерлерді бір көрсе бас изей құптайтын, қайтара көзі шалса: «осылар да ақша жинай беруден жалықпайды!» деп жеккөрініш пен жиіркенішін ашық көрсететін адамдар барын ерікті жастарымыз мұң шаға айтады.

Болмаса, ірі қайырымдылық іс-шарасының ар жағында қайсыбір топтың, не болмаса атағын жайып, атын шығаруға жанын салған қайсыбір тұлғаның есепке құрылған мүддесі жататыны да шындық. Ал енді азды-көпті есепке құрылса, ол қалай ізгілік болмақ?

Біздің әрқайсымыз ҰЛЫ ІЗГІЛІКТІ өзімізден алшақтатқанымыз, айналамыздан аластатқанымыз соншалық, қазіргі кезде «Ізгілік жасау – демеушілердің ісі», «меценаттарға барсын, мен не істей аламын?», «қайрымдылық шараларымен айналысатын арнайы ұйымдар не бітіреді?» деп жауапкершілік пен адами парызды өзгеге сырғытып, жалтаруға дайын тұратын, ізгілікті теріс ұғатын «дәрежеге» жеттік.

«Өзіңнен баста!» дерсіз. «Осы сен үлкен табысыңмен өзгеге көмектескен кезің болды ма?» деп сұрайды базбір адам. Шынымды айтайын, мен байлық жимаған адаммын. Депутат ретіндегі жалақымның үштен екі бөлігін қайырымдылыққа жұмсаймын. Күнделікті тіршілікке ғана қаржы қалдырамын. Кемтар балаларға, мұқтаж жандарға, одан қалды ағайын-туысқа қарайласамын. Орайы келген соң, есеп беріп отырмын.

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді дана қазақ. Сол сияқты ізгіліктің де үлкен-кішісі болмайды. Тек сол ізгі ниетіңді шын ықыласыңмен жасасаң болғаны. «Болмашы нәрсеге бола өзімді де әуре етіп, өзгені де әурелеп...» деп шегіншектеме, кері тартпа. Сен үшін болмашы нәрсе өзгенің жыртығына – жамау, көңіліне – демеу, үмітіне – медеу болуы әбден мүмкін.

Әңгімеге сабақтастырып, өз басымнан өткен бір қызғылықты жағдайды баяндай кетсем. Мен Ауған соғысынан елге оралған соң, қоғамдық ұйымдардағы қызметке араласқанға дейін біраз жыл жеке секторда еңбек еткенмін. Астанаға көшпеген, Алматыда тұратын кезім. Жұмыс адамы ретінде адал қызметтің ешқайсысынан бас тартпадым. Содан автотұрақтың директоры болып жүрмін. Түске таман кеңсеміздің алдына егде жастағы бір орыс әйелі келді. Үйсіз, күтімсіз екені көрініп тұр. Үстінде жеңсіз көйлек. Аяқ-қолы шидей. Тым жүдеу. Бейнекамерадан бәрі көрініп тұрады. Әйел күзетшіге таяп: «Мені бастыққа кіргіз, шаруам бар...» дегендей, менің кабинетімді нұсқап-нұсқап қояды. Қаңғыбас адамды қуып жібермекке оқталған күзетшіге: «Жібер!» деген белгі бердім. Кабинетіме кіріп, ұсынған орындыққа жайғасқан бойда ол: «Помогите!» деді. Қалтамды қарап, сол кездегі 100 долларға жетерлік ақшамды алдына қойдым. Әйел қаржыға қарап тұрып: «Мұны менен бәрібір тартып алады», – дегені.

Көкейде: «Кімдер тартып алып қояды?» деген сауал туса да, тергеп жатуды ыңғайсыз санадым. Оның орнына қабылдау бөлмесіндегі көмекшіме тапсырма беріп, бір пакет азық-түлік алғыздым. Үнсіз отырған әйел пакетке бір қарап, маған бір қарап:

–Мен мұны көтере алмаймын, – деді. Сағатыма қарасам, түскі астың уақыты келіп қалыпты. Тапсырыс беріп, дәмханадан екі адамға ыстық ас алдырттым. Бірге отырып тамақтандық. Әбден жүдеп-жадаған әйел апыл-ғұпыл тамаққа бас қойды. Өзінен жиіркенбей, бірге ас ішкеніме риза болды. Жүзіне жылу тарап, жарқын үнмен алғысын жаудырды.

–Келіп тұрыңыз! – дедім мен бала кезден ата-анамнан жұққан дағдылы әдетпен. Содан бірер күн өткенде, әлгі әйел қайта оралды. Қасына жас мөлшері өзімен шамалас, бәкене бойлы, мосқал қазақты ілестіріп алыпты. Үш адамға тамақ алдырттым. Біраз күннен кейін бұлардың саны 5–6 адамға жетті. Қаздың балапандарындай бірінің артынан бірі ілесіп, кейде араға үш-төрт күн салып, кейде аптасына бір рет келіп, менімен бірге тамақтанып жүрді. Мен де тарынған емеспін, жалақымнан жұмсап, бәріне тойғанынша ас-суын алдыртып отырдым.

Мұны не үшін айтып отырмын? Мені осы адамдардың қанағатшылдығы керемет қайран қалдырды. «Сен директорсың ғой, бәрімізге ақша бер, киіндір, үй алып бер» деп ешқайсысы етегіме жабысқан жоқ. Әйелі де, еркегі де қарны тойғанын місе тұтып, берген тамақты ішіп, алғысын айтып кете баратын. Артық сұрамсақтанбайды. Қосымша ештеңе дәметпейді. Қолдарының да сұғанақтығы жоқ: мен шығып кеткенде, кабинетімнен бірдеңені жымқырғаны болған жоқ. Арамызда өзара сенім орнады. Мені марқайтқаны: тамақтанғасын, қазағы, басқа ұлты бар, бәрі қолдарын жайып, маған жамырап бата береді. Ұзақ өмір, мықты денсаулық, бақ-береке тілейді. Өздерінің соған қатты зәру екеніне еш назаланбайды.

Бір жыл өте басқа жұмысқа ауысып кеттім. Алматыдағы жаңадан ашылған бизнес нысандардың біріне әкімші-администратор болып орналастым. Қалай іздеп тапқанын білмеймін, үш-төрт күн өткенде әлгі адамдар кабинетімнің есігін қағып тұр. Қуана қарсы алып, дереу тамақ алдыртып, әдеттегідей өзім де солармен бірге тамақтандым. Бұлар кеткесін бухгалтер лауазымындағы кексе әйел есіктен бас сұғып, көкейін тескен сауалын қойды:

–Бақытбек-ау, сенің достарың осы ма? Кілең мүсәпірлерді қайдан жинап алғансың? Қалай бірге отырдың, ұшынып, уланып қаламын, ауруы жұғады деп қорықпадың ба? – деді көңіліндегі кірбіңді жасыра алмай.

Көп ұзамай ауырып қалдым. Қатты ауырдым. Ұшынып емес, әрине. Баяғы Ауған соғысында басқа түскен ауыр кесел ғой, сол қайта асқынған. «Қайта шапқан жау жаман» деген, ауруханаға ауыр халде түстім. Кірпігім әрең қимылдайды...

Не керек, төсекке ұзаққа таңылдым, ем-домым ұзаққа созылды. Торы еттен түгел арылып, құр сүлдерім ғана қалды. Шықпа жаным, шықпа күйдемін, қозғалыссыз, кейде ес-түссіз жатырмын. Дәрігерлер де маған мүсіркей қарайды. «Жанған шырақ, аққан бұлақ, жалғыз күнде құрыдың» деген осы шығар деп, өмірден күдер үзе бастағанымда, күтпеген жерден, ғайыптан тайып бір күні басымды көтердім. Есімді жиып, бетім бері қарағасын медбикелерден естідім: әлгі мүсәпір жандар топ болып, күн құрғатпай ауруханаға келеді екен.

–Күнде келеді. Аурухана алдына әр жақтан жиналады. Жиналып болған соң сіз жатқан терезеге қарап: «Айығып кетіңіз!», «Аяғыңыздан тұрып кетіңіз!» деп қазақша-орысша тілектерін айғайлап айтады. Біз олардың неге олай істейтінін түсінбейміз. Кейде тіпті сізге тамақ – айран, сүт, ірімшік әкеледі. Ауруханамыздың тәртібі қатаң екенін өзіңіз білесіз ғой: олардың тамақтарын да алмайды, өздерін де есіктен қаратпайды, – дейді медбикелер.

Жүруге жарағаннан кейін медбикенің сүйемелдеуімен терезеге жетіп, төменге көз тастасам, менің тілектестерім төменде топ болып үйіріліп тұр. Мені көріп қатты қуанды, жас баладай мәре-сәре боп қалды. Жамыраса айғайлап, ізгі тілектерін жаудырып жатыр. Біреуі: «Мынау сізге әкелген азын-аулақ сауқатымыз еді!» дегенді білдіріп, қолындағы бүйірі томпайған пакетін маған көрсете жоғары көтеріп-көтеріп қояды. Кембағал тіршілік кешіп жүрсе де ізгілік танытуды ұмытпаған, мейірімнен қол үзбеген әлгі адамдардың шынайы ықыласы мен ақ ниеті ішкі дүниемді алай-түлей етіп жіберді. Бойыма ерекше қуат, мейірімді шуақ құйды.

Біраз күн өткенде ауруханадан да шықтым. Осылай қатарға қосылып, ауруымнан құлан-таза айығып кетуіме, әрине, ақ халатты абзал жандардың қосқан үлесі мол. Дегенмен, өз басым мұны ең әуелі Алланың шарапаты, сондай-ақ халі мүшкіл болса да, жаны таза сол кісілердің тілеулестігі мен мейір-шапағаты деп қабылдадым. Осы ойға берік табан тірегенім әрі нық сенгенім сонша, бұған әлі күнге дейін шәк келтірген емеспін.

Бақытбек Смағұл,

Мәжіліс депутаты,

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы