• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Желтоқсан, 2020

Жемқорлыққа қарсы күресте күш біріктіру маңызды

1371 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйы­мының бастамасымен 9 жел­тоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланды. Жаһандық халықаралық институт, түптеп келгенде, не се­бепті қоғам назарын қыл­мыстық көріністерге аударып отыр?

Мұның себебі БҰҰ-ның мә­ліметтері бойынша параның жыл сайынғы көлемі бір триллион долларға бағалануында болып отыр. Әлемдік экономика сыбайлас жемқорлықтың салдарынан бұдан бөлек тағы да 2,6 трил­лион долларға зардап шегеді. Бұл қа­ражат жаһандық ІЖӨ-нің бес пайызынан астамын құрайды. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) деректері бойынша дамушы елдерде сыбайлас жем­­­қорлыққа байланысты шы­ғын көлемі даму мақсаттарына ар­налған ресми көмек көлемінен он есе асып түседі. Ал панде­мия жағдайында сыбайлас жем­қор­лық көріністерінен туындайтын қауіп тіпті үдей түсті.

Сыбайлас жемқорлық бар­лық қо­ғамдардағы әлеуметтік-эко­номи­калық дамуға нұқсан кел­тіреді. Қай елдің, қай өңір­дің, қай қоғамның болсын, сы­байлас жем­қорлыққа қарсы тұра алатын  иммунитеті жоқ. Олардың қатарына Қазақстан да бар.

2013 жылдан бастап «Жаңа­ру» сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жал­­пыұлттық қозға­лысы» сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы бағыттағы рес­пуб­ликалық тәуел­сіз қоғамдық сараптама ұйы­мы жұмыс істейді. Қоз­ғалыс бел­сенділерінің көп­шілігі об­­лыс­тардың Әдеп кеңестері мен Қо­ғамдық кеңес­терінің құра­мына ен­гізілген. Жыл сайын қоз­ғалыс сыбай­лас жемқорлыққа қар­сы жүз­деген іс-шара мен акция өткізеді. «Жаңару» сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ба­ғыт­талған бірқатар бастамаларды ұсынды, оның ішінде құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптаманы қайта жаңғырту, қоғамдық кеңес­тердің қызметін жетілдіру, бірінші басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін жұ­мыстар үшін жауап­кершілігін күшей­ту, қара­мағындағылар сыбайлас жемқорлық қылмыс жа­саған жағ­дайда отставкаға кетуді міндеттеу және тағы бас­қалар.

Қозғалыстың атқарып жат­қан жұмыстары өңірлер дең­гейінде де, сондай-ақ орталық деңгейде де мойын­далып, танылды. Сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы ұсы­ныстары­мыздың барлығы бірдей қолдау таппай отырса да, бұл – біздің жақтас­тарымыз бен белсенділеріміздің өзек­ті мәселелерді шешуге және сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептерді анық­тауға бағыт­тал­ған жұмысы­мыздың нәтижесі. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде Жал­пыұлттық қозғалыс 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл стратегиясының негізгі ере­желерін қайта қарауды ұсынып келеді, өйткені оның жекелеген тармақтары моральдық тұр­ғыдан ескірген немесе қа­зір­гі кезде орындалып, өз мақ­са­тын атқарған. Қазақстан Пре­­зиденті Қ.Тоқаевтың сай­ла­уал­ды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жос­парының 12-тармағына сәй­кес 2019 жылғы қыркүйекте Сы­­­байлас жемқорлыққа қарсы стра­­тегияға өзгерістер енгізу көз­делді. Алайда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі уәкілетті орган біздің ұсы­ныстарымызды «өзекті емес» деп санады. Азаматтық қоғамның бастамаларына «құлақ аспау», немқұрайдылық, өкінішке қарай, шенеуніктердің жұртшылықпен қарым-қаты­на­сындағы басым сипат, әдеттегі үйреншікті жағдай болып қалып отыр.

2019 жылғы Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл жө­­ніндегі ұлттық баяндаманы тал­дай отырып, біз назар аудару­ды қажет ететін бірқатар күр­­делі мәселені атап өт­тік. Баяндамада сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресте қол жеткізген оң жетістіктерден бас­қа қандай да бір түйткілді мә­селелер көтерілмеген. Іс жү­зінде баяндама атқарылған жұ­мыстардың есебі секілді болып шыққан. Ұсынылған материал­дар болашақта сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестің алдын алу шараларын дайындау үшін толыққанды пайдаланы­ла алмайды, өйткені мұнда ел­дегі және өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ахуа­лы бойынша жасалған бол­жамдар жоқ. Сондықтан Жал­пыұлттық қозғалыс БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын орындау жө­ніндегі елдік есепті дайындау үлгісі арқылы Президентке баян­­дама дайындау функциясын мемлекеттік органдардан тәуел­сіз сарапшыларға беру қа­­­­жет деп санайды. Сыбайлас жем­қорлық жағдайын және тиісті органдар жұмысының тиім­ді­лігін объективті бағалау ғана пәр­менді шараларды қабылдауға мүм­кіндік береді.

Қазіргі уақытта сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы қызметтің ба­сым ба­ғыты – сыбайлас жем­қорлықты жазалау шаралары арқылы жеңу. Әрине, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы кү­рес жазалау шараларын қолдануды көздейді. Алайда мұнда мә­селе, шынтуайтына келгенде, әл­деқайда тереңірек. Бұл – Мем­лекет басшысының үнемі көр­сетіп отыратынындай, мем­ле­кет институттарының ашық­тығы және оның қоғамның ба­­қылауында болатындығы, сон­дай-ақ мемлекет қызметіндегі адам­дарды ынталандыру мәсе­лесі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шын мәнінде жал­пы­ұлттық іс болуы тиіс, мұнда популизмге, науқан­шыл­дыққа орын жоқ. «Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда барлық мемле­кеттік органдардың осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күресу міндеті көзделгеніне қа­­ра­мастан, бұл қызметті тек Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі ғана жүр­гі­зеді. Қисынға салсақ, мем­ле­кеттік ап­параттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл қызметі көш бастауы тиіс Мем­лекеттік қызмет істері агент­тігі­нің өзі, шынтуайтына келгенде, бұл процестен шығып қалған. Мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі туралы Ережеге сәйкес оның құзыретіне жатпайды.

Керісінше, нақ осы Мем­ле­кеттік қызмет істері жөніндегі агент­тік кадр­ларға патриоттық тәрбие беруге кө­бірек көңіл бөлуі, ол мемлекеттік қыз­метшілердің өз әріптестері арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің ор­нығып, қалыпты жағдайға ай­на­луын қабылдай алмайтындай сезімін қалыптастыруға не­гіз­делуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қыз­метшіге полиграфта тексеріп қа­рау нәтижелеріне негізделген пси­хологиялық карта жасалуы тиіс.

Осы жылдың қазан айында Ақпарат және қоғамдық да­му министрлігі Қоғамдық ке­­ңесінің отырысында оның өкіл­дері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкі­летті органның құзыретіне сіл­теме жасай отырып, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтен алшақ­татылды. Мұндай ұста­ным бар­лық мемлекеттік орган­дарға тән. Бұл қызметтегі ведом­стволық монополия, жалпы моно­полия сияқты, шектеу қойып, бас­тамаларды тұншықтыруға әкеп соғады.

Тек жазалау шараларын ға­на қолдану арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу он­даған жыл бойы түбегейлі нә­тижеге жеткізген жоқ.

Жазалау да сыбайлас жем­қорлықтың нысанасына айналатынын естен шығармаған жөн. Бұған Президенттің тапсырмасы бойынша бас­тама жасалған және биыл қылмыстық заңға енгізілген құқық қорғау органдарында құқық қорғаушылардың сыбайлас жемқорлық мінез-құ­лықты арандатқаны үшін тартатын жауапкершілігін көздейтін өз­герістер дәлел болып отыр.

Президенттің 2020 жыл­ғы қыр­күйектегі «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында жария етілген бастамаларды қолдай отырып, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту бойынша нақты шараларды ұсындық.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы ­Жалпыұлттық қозғалыс сыбай­лас жемқорлықтың түбегейлі се­бептерін жою және қоғамға адал қызмет етуге дайын азаматтарды ын­таландыру мемлекеттің сыбайлас жемқорлықты жеңуіне көмек­тесетініне сенеді. Өз ұсы­ныстарымызды әзірлей отырып, біз Жолдаудың «нәтиженің процестен басым екенін анықтауды мақсат ретінде қою керек» деген тезисін негізге алдық, өйткені Мемлекет басшысының жекелеген бастамаларын іске асыруда мақсатқа жетудің орнына оларды қызу орындау процесі етек алды. Берілген тапсырмаларды орындау бойынша отырыстар мен кеңестерді кеңінен көрсету, олардың орындалуы бойынша сансыз жоспарлар мен басқа да бағдарламалық құжаттар кө­­бінесе олардың мақсаттары се­кіл­ді қабылданады.

Сірә, жекелеген мемлекеттік бағ­дарламалардың, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын орындау жөніндегі іс-шаралар жос­парларының тиімсіздігінің себебі де осында жатқан болар.

Көп жылдардан бері ква­зи­мем­лекет­тік сектордың тиім­сіздігі мен шы­ғындылығы айтылып келеді. Үкімет олардың қызметін басқаруды жетілдіру үшін «жеңіл-желпі» шаралар қабылдады, олар осы ұйымдар­дағы ұрлық пен қызмет бабын теріс пайдалануға тосқауыл бола алмады.

Біз квазимемлекеттік сек­тор­­дың кәсіпорындарын бас­қаруды регла­менттейтін жеке заң қабылдау мем­лекеттік ак­тивтерді ұқыпты пайда­ла­нуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Ак­цио­нерлік қоғамдар мен жауап­кершілігі шектеулі және қо­сымша жауапкершілігі бар серік­тестіктер туралы заңдар жеке ка­питалға бағытталған және мемлекеттік бақылауға ашық болуы тиіс қажетті минимумды бел­гілейді.

Квазимемлекеттік секторға байланысты айтар болсақ, мем­­лекеттік активтерге және олардың жарғылық капита­лына бюджет енгізген қара­жатқа қатысты ай­ла-шарғы­ларды болдырмайтын мейлінше қатаң басқару жүйе­сі қажет. Квази­мемлекеттік сек­тор – жеке­меншік емес, ол салық төлеу­шілер мен еліміз азамат­тарының меншігі екенін түсіну керек.

«Мемлекеттік корпорациялар мен ұйымдар туралы» заң мемлекет қатысатын кәсіп­орын­дардың негізгі қызметі болуға тиіс. Бұл заң мүлікті иелік­тен шығару, ірі мәмі­лелер жасау және қа­рыз алу, қар­жылық сыйымды инвес­тиция­лық жо­баларды іс­ке асыру жө­нін­­де шешімдер қа­былдау тәр­ті­бін айқындауы және осы ұйым­­дардың басқару орган­дары­­ның мемлекет пен қоғам ал­­­дын­­дағы есептілігін енгізуі тиіс.

Заңдарды бұзғаны және мем­лекеттік активтер мен қар­жы­ қаражатын пайдалану ке­зін­де залал келтіргені үшін осы ұйым­дар саласында жұ­мыс істейтін са­лалық министр­ліктер мен ведом­стволардың бірлескен ортақ жауапк­ерші­лігін қарастыру қа­жет.

Қоғамдық кеңестердің қыз­метін жетілдіру туралы тапсыр­ма бөлігінде біз Үкіметтің 2019 жылғы қарашада, яғни Прези­денттің халыққа Жол­дау арнауына дейін он ай бұ­рын бас­тамашылық еткен Пар­ламенттің қарауында жатқан «Қо­ғам­дық кеңестер туралы заң­намаға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы оны орындалды деп тануға негіз бола алмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы Жал­пыұлттық қозғалыс қо­ғам­дық ке­ңестердің қызмет саласы едәуір ке­ңейтілуі тиіс және құжаттардың бағ­дар­ламаларын іске асыру мен бюджеттік бағ­дарламалардың орындалуына мониторинг жүргізуден бас­қа, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор кәсіп­орындары қызметінің тиімділігін бағалау, оның ішінде олардың қызметіне цифр­ландыруды ен­гізу мәселелерін қозғауы тиіс деп санайды.

Қоғамдық бақылау еңбек, ма­те­риалдық ресурстар мен мем­лекеттік функцияларды орын­­дауға бағытталған ақша қара­жатын пайдалануға; жер ре­сурс­тарын пайдалану мен бөлуге және жер қойнауын пайдалануға қол­даны­луы тиіс. Кеңестер мем­лекет­тік және қар­жылық тәр­тіпті бұ­зу­шылықтарға, жер­­шілдік, ведом­стволық көзқарас көріністеріне қарсы күрес жүр­гізуі тиіс. Кеңес­тер қызметінің ма­ңызды бағыты мемлекеттік ап­парат­тың жұмысын же­тілдіру, қа­былданған шешімдерді орын­дау, сондай-ақ лауазымды тұл­ғалардың заңнамаларды сақ­тауы болуы тиіс.

Қоғамдық бақылауды ми­нистрліктер мен облыстар дең­гейінде ғана орнату – жартылай шара. Мем­лекеттік бас­қарудың барлық дең­гейлерінде: министрліктердің ведом­ство­ларынан бастап округтер мен кенттердің әкім­дік­теріне дейін бақылау қажет. Қоғамдық кеңестердің есептілігін өкілді ор­ган­дардың: орталықта – Мә­жілісте, ал жергілікті жерлерде – мәс­лихаттар мен халық жиналыстарына жатқызған дұрыс.

2021 жылдан бастап мем­лекеттік қызметшілер мен судьяларды өздерінің кірістері туралы декларацияларын жа­рия­­лауға міндеттейтін сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заң­на­ма норма­лары қолда­нысқа енгі­зіледі. Алай­да осы мұ­рағаттық шара­ларды тәжірибеге енгізу бо­­йынша да­йындық жұмыс­тары жүргізіл­мейді. Мемле­кет­тік қыз­мет істері және сы­бай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агент­тіктері өзара ты­ғыз іс-қимылда лауазым­ды адамдардың осы нор­ма­лар­ды мүлтіксіз орындауын қам­тамасыз етуге және жұрт­шы­лық­тың осы ақпаратқа ер­кін қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс.

Бұдан басқа, біз экономиканы деоффшорлау және шетелдік юрисдикциядан қаражатты қай­тару; мемлекеттік сатып алу­ды жетілдіру, сыбайлас жем­­­қор­лыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлық тә­уе­­­кел­деріне ұшырау бойынша мем­лекеттік органдардың, сон­дай-ақ ква­зимемлекеттік сек­тор­дың рейтингін енгізу бойынша ұсыныстар енгіздік, алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауап хатына сәйкес мүдделі министрліктерге сілтеме жасай отырып, олар не өзекті емес, не негізсіз деп та­ныл­ды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес мәселелері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы заң­наманы жетілдіру жөніндегі ша­ралар бойынша парламенттік тың­даулар өткізу туралы біздің ұсынысымыз қабылданбады: «...Конституцияға және «Пар­ла­мент және оның депутат­та­рының мәртебесі туралы» Конс­титуциялық заңға сәйкес Парламент Мәжілісіне сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша пар­ла­мент­­тік тыңдаулар өткізу функ­ция­сы жүктелмеген». Осы­лайша, мем­лекеттік орган тара­пынан берілген жауап хат, Пар­ламенттің құзыретін шектеді.

9 желтоқсанды Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жариялау туралы БҰҰ бастамасына қайта орала отырып, Қазақстан 2008 жылы ратификациялаған және өз заңнамасының бір бөлігі деп таныған БҰҰ Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы конвен­­ция­сының 13-бабына сәйкес мемлекет «...азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың сы­байлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы кү­реске қоғамның сыбайлас жем­қорлықтың қауіпті сипатын, фактісін, сондай-ақ оны тудыратын қауіп-қатерлерді түсінуін тереңдету үшін белсенді қа­тысуына жәрдемдесуі тиіс» еке­нін министрліктер қызмет­керлерінің есіне салғым келеді.

«Жаңару» сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы барлық мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйым­ арасындағы диалог пен сындарлы өзара іс-қимылды әр­дайым қолдайды. Біздің өмірі­міздің барлық саласындағы бо­лашақ оң ілгерілеулер нақ осы бірлікке негізделген.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

«Жаңару» РҚБ төрағасы