• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Желтоқсан, 2020

Адам капиталы дегеніміз – білімді ұрпақ

208 рет
көрсетілді

Әлемді жайлаған пандемия Қазақстанды ғана емес, дүние жүзі елдерін теңселтіп тұр. Барлық салаға едәуір зиянын тигізді. Соның ішінде білім саласын айрықша атап өткен ләзім.

Себебі мұғалімнің көз алдында білім алып отырған бала кенеттен экранның арғы жағынан ғана сәлемдесіп, тыңдайтын күйге түсті. Біз оқытудың жаңа форматына көшуге мәжбүр болдық. Міне, мұндай жағдай білімнің сапасына сөзсіз әсер етеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде қайыспай қызмет етіп жүрген әріптестерім – педагог қауымға алғысымыз шексіз. Оларға, ең бастысы, мемлекет ерекше көңіл бөліп келеді. Мұғалімдердің еңбегі – елеулі, олар дәл қазіргідей сын сағатта елімізді дағдарыстан алып шығу жолында жан аямай жұмыс істеп жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде педагогтердің еңбегін қауіпті індетпен қасқая күресіп жүрген дәрігер қауыммен қатар айтуы осыған дәлел бола алады. «Дәрігерлер мен мұғалімдердің күнделікті өміріміздегі маңызды рөлін айқын сезіндік», деген Президент педагогтер еңбекақысының 25 пайызға өскенін атап өтті. Жалпы, Мемлекет басшысы осыған дейін мұғалімдердің жалақысын 4 жылда 2 есе арттыруға уәде берді, мінеки сол сөзінде тұрып келеді. Жалпы алғанда, білім саласы басқа салаларға қарағанда қаражат бөлінісі жағынан алдыңғы қатарда келе жатыр.

Егемен елдің ертеңі, Президент айрықша атап өткен адам капиталы – білімді ұрпақ. Ал ұрпақ білімді болу үшін оларды тәрбиелейтін, оқытатын мұғалімдерге көңіл бөлуіміз керек. Негізінен біздің болашағымыз жастар ғой, сол себепті жас педагогтерді осы салада ұстап қалғымыз келсе, оларды қолдауға көңіл бөлу қажет. Өйткені мұғалімдердің жалақысы көбейді дегенмен, сол саладағы жас мамандардың қолына алатыны көңіл көншітпейді. Ендігі жерде осы бағытты басты назарға алғанымыз абзал.

Аягүл МИРАЗОВА,

математика пәнінің мұғалімі,

Қазақстанның Еңбек Ері