Публицистика, поэзия, проза жанрларын тоғыстыра білген талант иесі Оралхан Бөкей туралы естеліктер толас таппайтыны анық. Тереңдігі мен тағылымы бөлек, сөз саптасы басқа дарынның шығармаларына бүккенін бірден түсіну үшін де оқырманға өре керек...
Оқырман демекші, кейінгілердің есіне әдебиетте өз атын өшпестей жазып кеткен Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келгенін айта кету керек. Әкесі Бөкей табиғатынан қатал, сөзге шешен, рухы биік, шыншыл жан болса, анасы Күлия ақкөңіл, ақжарқын мінезімен көпке үлгілі болған кісі екен. Отбасында жалғыз ұл – Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия дүниеге келген. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
Сол Оралханмен байырғы қызылордалық фототілші Болат Омарәлиевті тағдыр қалай тоғыстырды?
– Жас кезімнен Оралхан Бөкейдің маған айтпай жасап жүрген қамқорлығын іштей сезініп жүруші едім. Талантты адам талантты тани біледі деген рас нәрсе, 1975 жылы науқастанып, ауруханада жатсам, мені іздеп үйге келіпті.
Сәті түскен фотокадрдың сыры мынадай. 1986 жылы Қызылорда облысында «Қазақ әдебиеті» газетінің апталығы өтті. Сонда ғана Оралханмен жүзбе-жүз кездестім. Оған дейін бір-бірімізді көрмегенбіз. Сол бір аптаның ішінде Қаратауда күріш орып жатқан ауылдарды бірге араладық. Мына суретте Оралханның Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесін жатқа айтып тұрған кезі. Өзінің бір ауыз өлеңін жатқа білмейтін талай ақынды көріп едім, бір повесті бастан аяқ өлеңдетіп жатқа айтқанды Оралханнан көрдім, – дейді сурет авторы.
АЛМАТЫ