Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметі бойынша 24 875 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, оның ішінде 6 570-і стационарда, 18 305-і амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Айта кететін жайт, 294 адамның жағдайы ауыр, 60 пациенттің жағдайы өте ауыр, 40 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният COVID-19 жұқтырған пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын. Оған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау басқармалары басшыларының орынбасарлары, миокард инфарктісі және жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі Үйлестіру кеңестерінің, инсульт және онкологиялық аурулар басқармаларының, Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
А.Ғиният атап өткендей, COVID-19 инфекциясымен күресуде мемлекет барлық мүмкіндікті және құралдарды пайдаланды. Дәрі-дәрмекпен, қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, жаңа модульдік инфекциялық стационарлар салу бойынша шаралар қабылданды, қаражат бөлінді. КВИ емдеу және диагностикалау хаттамасы, іс-қимыл алгоритмі әзірленді және үнемі жетілдірілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде індеттің таралу жағдайы тұрақталды және төмендей бастады.
«Бүгінде халық арасында КВИ ауруының өсуін ескере отырып, жергілікті жерлердегі дәрігерлер тіркелген халықты тексеру бойынша жұмысты жалғастыру, науқастардың денсаулық жағдайының нашарлауын дер кезінде анықтау және қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу үшін коронавируспен ауырғандарға мониторинг жүргізу қажет. Жергілікті жерлерде жұмысқа мобильді бригадаларды белсенді тарту керек. Олар өз бетінше диагноз қойып, ем тағайындауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармаларына КВИ белгілері және вакциналаудың артықшылықтары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет», деді вице-министр.
Аталған кеңестердің ұсынымдары бойынша КВИ этиологиясы мен патогенезін ескере отырып, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге ерекше назар аудару, пациенттерді динамикалық бақылаудан өткізуді жолға қою, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы, сондай-ақ мамандандырылған орталықтарды материалдық және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту маңызды.
Өткен аптадағы ақпарат бойынша Қазақстанда COVID-19-дың кесірінен барлығы 2 349 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше Қазақстанның төрт облысы мен бір қаласы, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» тұр. Ал «сары аймақта» Алматы, Қарағанды, БҚО мен СҚО бар. Қалған өңірдің бәрі де коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл аймақта» орналасқан. Жалпы, Қазақстан аумағы коронавирус бойынша «сары аймақта» тұр.
Денсаулық сақтау вице-министрі, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов елімізде соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай нашарлағанын, Қазақстан тәуекелі төмен «жасыл аймақтан» орташа қауіпті «сары аймаққа» ауысқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекеттік бас санитар қыркүйекте Англияда анықталған коронавирустың жаңа штаммына (MERS-CoV-2 VI 2012/01) да тоқталды.
«Бүгінгі таңда вирустың осы типі бірнеше елде, оның ішінде Аустралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланд, Ресей және басқа да елдерде анықталды. Алдын ала деректер бойынша аталған вирус жастар арасында белсенді таралуда. Бірақ індетті зерттеу жалғасуда. Қазақстанда вирустың бұл типі анықталған жоқ. Вирустың ауа тамшы арқылы берілу механизмін ескере отырып, оның елімізге тасымалдау қаупін жоққа шығаруға болмайды», деді Е.Қиясов.
Оның айтуынша, елімізде эпидемиялық жағдайдың нашарлауы – азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдары.
«Сондықтан қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда қашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын», деді вице-министр.