Былтырғы жазда коронавирус пандемиясының асқынып, алқымнан алып тұрған шағында туған ауылымдағы ағайындардың ахуалын білмек болып, сондағы туыстармен хабарластым. «Аллаға шүкір, ауылымызға індет жеткен жоқ. Тіпті бізбен көрші тұратын бір қарындасың кеше ғана Қарағандыға тойға барып келді...» деп қарап тұр бауырым. «Бүкіл ел бойынша төтенше жағдай жарияланған қазіргі уақытта ол 700 шақырымдай жердегі қалаға бару үшін жолдағы бірнеше блок-бекеттен қалай өтіп жүр?» деген сұрағыма «Оны енді өзің білесің ғой...» деп жалтарып, көршісінің құпиясын ашпауға тырысты...
Дәл сол күндері астананың іргесіндегі Қараөткел ауылында тұратын бір ағайындар да келін түсіріп, сонау Алматыдан келген құдаларымен бірге аста-төк той жасап жатқанында, үстерінен түскен полицейлермен сөзге келіп, айғай-шу шығарып, тәртіпке бағынар ыңғай танытпағандықтан, айыппұл төлеулеріне тура келген. Мұның соңы іле Қараөткелге кіреберістегі жол үстіне де блок-бекет қоюмен тынған.
Табысынан айырылғысы келмеген талай мейрамхана мен дәмхананың иелері де жасырын той-томалақ өткізудің неше түрлі жолын тауып алғандығы жария болып жатыр. Қонақтардың көліктерін алысырақ жерге қойғызып, жасырын есіктен кіргізіп, терезені тұмшалап дегендей... Әшкереленгендері қомақты айыппұл төлеп те жатыр.
Торқалы той ғана емес, топырақты өлім жөнелту кезінде де сақтық шараларына ден қойып жатқан жұрт шамалы. Тексерушілер ат ізін сирек салатын шалғайдағы ауыл түгіл, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының, санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлері қаптап жүрген аудан орталықтарының өзінде көпшілік орында бетперде тақпайтындар жиі кездеседі.
Осындай ауылдық елді мекенде көп кісі жиналып, қатаң санитарлық-эпидемиялық талаптар қадағаланбаған батаға барып, қауіпті дертті жұқтырғанын өзі де білмей қалған бір танысымыз арада бірер күн өткенде қаладағы туған ағасына қонаққа барып, оны да індетке шалдықтырып, екеуі де аяқ астынан мерт болғанын естідік.
«Бұл бізді емес, денсаулығы сыр берген қарттарды қирататын дерт қой...» деп, онша сақтанбай, «күнде жиын, күнде тоймен» жүрген жастар жағы да жағалай ауру жұқтырып, қайсыбіреулері қатты қиналып, әрең жазылып, тәубелеріне енді келіп жатқанын көріп жүрміз.
«Жұрт неге карантин тәртібін қатаң сақтамайды?» деген сауалдың жауабын іздегенде, тағы да «Өзің – диуанасың, кімге пір боласың?!» деген нақыл сөз де ойға оралмай қоймайды. Карантин кезінде жергілікті жерлерде қатаң санитарлық-эпидемиялық талаптарды ең әуелі өздері сақтап, жұртқа өнеге көрсетуге тиісті мемлекеттік органдардың кейбір басшы қызметкерлерінің қарамағындағыларға «ешкімге айтып қоймаңдар...» деп, көп кісі шақырып, той-томалақ пен ас өткізіп немесе «бәленшекеңдерге» рұқсат беріп жүргендігі жайлы да сыбыс естіліп жатады. Ондай шенеуніктер қазіргі заманда «жұрттың аузына қақпақ болу» мүмкін еместігін, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтынын» ескермейтіндігін қайтерсің. Сосын былайғы жұрт та «ебін тауып», бұрынғыдай аса дүркіретпегенімен, шақырылатын қонағының саны қай кездегіден болсын кем түспейтін той-томалақты сырт көзден жасырған сыңайда өткізуге тырысып жатады.
Таяуда облыс орталығында тұратын бір досымыз: «Карантин кезінде мейрамханалар мен дәмханалардың қызметін шектеп қойғанымыз дұрыс болмады ма деп ойлаймын. Себебі қазір жұрт той-томалақ жасаудың, ас берудің басқа тәсілін тауып, соған жаппай көшіп жатыр. Нақты айтсам, шілдеханадан бастап, мерейтойға дейінгі отбасылық той-томалақтар мен өлім-жітім жөнелткен соң берілетін ас, жетісі, қырқы, жылы – бәрі мейрамханада емес, жеке үйлерде өткізіліп жатыр. Көп кісі қандай үйге сыйсын, қонақтар үстел басында иық тірестіре, қысылып-қымтырылып отырады. Оның үстіне көп үйдің желдеткіші де жоқ. Нағыз антисанитария! Індеттің тағы да үдеп бара жатқанының бір себебі осында сияқты», – деді алаңдаушылық білдіріп.
Иә, құзырлы органдар қызметкерлерінен тығылысып, тар үйде сығылысып той-томалақ өткізудің арты жақсылыққа апармайды, ағайын! Пандемияның екінші толқынының қаупі төніп, Қазақстан тағы да «қызыл аймаққа» кіргендігі баршамызды қатты ойландыруға тиісті. Қазақылығымызды сақтағанымызбен, «қазақбайшылығымыздан» құтылмасақ, өз тағдырымызды ғана емес, барша туыс-туған, дос-жарандарымыздың тағдырын һәм күллі халқымыздың тағдырын қыл үстіне қоярымыз анық.
Кәрібай Мұсырман,
«Egemen Qazaqstan»