• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Ақпан, 2021

Азаттық деп ұрандатқан газет

482 рет
көрсетілді

Әлі тәуелсіздік алмай тұрғанда шыққан «Егеменді Қазақ­станның» 20 мыңыншы нөмірін қолға алдық. Назары­мыз бірден үлкен жазумен жазылған газет атауы­ның тө­бесіндегі «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» деген ұранға түс­ті. Ал осы ұран азаттық аңсаған елдің асқақ үні емей немене?!

 

100 жылдық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газетінің 20 мыңыншы нөмірі тәуелсіздік таңына үш ай қалғанда, 1991 жылдың 28 қыркүйегінде шы­ғып­ты. Тарихи санның басты бетінде әуелі оқырманға арнау сөз айтылған, содан соң журналист Қали Сәрсенбайдың «Қасқалдақ» әні қалай айтылып жүр?» деген материалы басылыпты. Бұл туралы бірінші бетке берудің өзі батылдық бол­­ғаны анық. Газеттің оң жақ шетіндегі бағанада ше­тел­­­дік БАҚ-тың маңызды жа­ңа­­лық­тарын берген. Соның ішінде «Неміс әуе толқыны», «Америка дауысы», «Азаттық» деген тақы­рып­шалар оқырман танымын құр­лықаралық хабарлармен ке­ңей­ткенін көрсетеді. Басты беттің төменгі тұсында газет­тің редакциясы «Осы нө­мір­­­ден оқи­тындарыңыз» деп оқыр­­ман­ды толымды тақы­рып­тар­мен қызық­тырған.

Газеттің «Алыста жүрген аға­­йын» айдарымен Шығыс Қазақстан облысынан арнау­лы тілші Кеңесхан Зәкен­нің «Ата қонысқа көш жетті» деген сүйінші хабары елді елең еткіз­гені сөзсіз. Осы мақа­ла­ның жоғары жағында атал­ған айдармен кейінгі 2-3 жыл­дан бері тұрақты түрде мақа­лалар шығып келе жатқаны жазыл­ған. Журналистің «Иә, адам өз Отанында, қандас бауыр­ла­рының ортасында ғана ба­қыт­ты сезінеді. Мұны біз ке­зінде тағ­дырдың талай соқпақты жолына түсіп, қалың елі қазақ жұртынан бөлініп, басқа елде тұрақтап қалған қандас бауырларымызбен әңгімелескенде анық байқадық» дегені тарыдай шашы­раған қандастарымыздың елге оралуына түрткі болғандай. Міне, бұл көш әлі де жалғасып келеді.

Аталған нөмірдегі тағы бір елемей өтіп кетуге келмейтін дү­ние «Қонысында ел отыр» деген ат­пен шыққан мақала бол­ды. «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты айдармен шыққан материал туралы редакция «Арал өңірінің тағдыры – қашанда га­зе­ті­міздің назарында. Бұл рет­­те газет бетінде ғалымдар, ма­мандар, еңбек адамдары, журналистер көптің көкейінде жүрген мәселелер жөнінде ой қозғап, нақты ша­ра­лар­ды жүзеге асыру­ға мұ­рын­дық болды. Осы тақы­рып­та көптен қалам тартып жүрген автор­ларымыздың бірі Шәкізат Дәрмағанбетовтің бү­гін­­гі ма­қа­ласында апат ай­ма­­­­ғын­да елге қамқорлық көр­се­тіп жүрген азаматтардың игі іс­те­рі сөз болады» деп түсі­нік­теме бе­ріпті.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Иса­бе­ков­тің «Жүз жылдық ар­ман» әңгімесі оқырман қа­уымның дәл осы нөмірді асы­ға күтуіне ықпал еткен шы­ғар. Себебі газетіміздің 20 мы­ңын­шы нөмірінде әңгіменің соңы берілген. Туындыдан өзін көргендей күй кешкен әрбір оқырман «Қоянды» колхозының халін, Желдібайдың жайын білгісі келеді ғой.

«Егеменді Қазақстанның» тілшісі Көпен Әмір «Мүйіз­тұм­сық» ай­дарына фельетон жазыпты. Автордың сөз ба­сын­дағы «Әу баста абыр-дабыр, апай-топай, улыған-шулыған боп басталған ауыл­дың дауы Ал­ма­тыға дейін ала­құйын­да­тып соқса амал не?» дегені оқы­­ған жанды ілестіріп әкетеді.

Бас басылымда көтерілген проб­лемалық мақалалардан, онда­ғы ашық айтылған сындардан жауапты жандар, тиіс­ті мекемелер қорытынды шы­ға­­рып отырады. Оған 20 мыңыншы нөмір­дегі «Егеменді Қазақ­стан­ның сынынан кейін» де­ген айдармен шыққан материал­­дағы мына мәтін дәлел бола алады:

«Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі газеттің 10 та­мыздағы санында жария­лан­ған «Тілімнен жаным садаға» атты мақаланы маман­дарды қа­тыстыра отырып талқы­ла­ды. Мақалада оқыту мазмұ­нын жаңарту жөнінде орынды мә­селелер көтерілген. Осы ба­ғыт­та Ы.Алтынсарин атын­да­ғы педагогикалық ғылыми зерттеу институты жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің 5-11 кластарына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тұжырым­да­масын жасап, қалың көп­ші­лікке ұсынады».

Күні бүгінге дейін жалғас­қан журналистік жол, бас басы­лым­ның бағыты – бұл.