Еліміздің жаңа ғасырға қадам басқан бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінің 30 мыңыншы нөмірі жарық көрді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халқымызға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Егеменнің» әлемдегі «құрдастары» да аз емес.
Алысқа бармай-ақ, алдымен қазақ баспасөзін көзбен шолайық. «Egemen»-мен құрдас басылымдар өз елімізде де бірнешеу. Жақында ғана ғасыр тойын тойлағандар қатарында «Жетісу», «Экспресс К» газеттері бар. 100 жылдығы 2012 жылы аталып өтілген қазақ баспасөзінің темірқазықтары – «Қазақ», «Айқап» газеттері.
Жалпы, газет деген түсінік XVI ғасырдың бел ортасында қалыптасты. Венеция тұрғындары қолмен жаңалық жазып, таратып отырған. Италия мен Еуропадағы саяси жағдай, майданнан келген хабар апта сайын халыққа жол тартып тұрған. Одан кейін 1609 жылы Германияда алғашқы басылған газет шығады. Ал ағылшын үкіметі цензураға қатысты ережелерді жеңілдеткен соң, Лондонда баспасөзге сұраныс артып, тіпті мұхиттың ар жағындағы Бостон мен Филадельфияда да өріс алды.
Былтыр 100 жылдық мерейтой қарсаңында редакциямызға Түркияның Cumhuriyet газетінің тілшісі Иклим Өнгел қонаққа келіп, басылым тарихымен таныса жүріп, өзі қызмет ететін БАҚ туралы айтып берген болатын. 1924 жылы жарық көре бастаған Cumhuriyet газетінің атын Мұстафа Кемал Ататүрк қойған. Қазақша «Республика» деп аударылатын газет сол жылдан бері мемлекет мүддесіне қызмет етіп келеді. Газеттің қазығын қаққан – Юнус Нади Абалыоғлы. Өздері «Түркиядағы дұрыс ақпараттың қайнар көзі, күнделікті ақпарат та, жедел ақпарат та – біздің газетте» деп мақтанатын басылымды бүгіндері Айкут Күчүккая басқарады. Бауырлас елдің басылымы бүгінге дейін 34 811 нөмір басып шығарған.
Түркияның бас басылымы Мұстафа Кемал Ататүркпен байланыстырылады. Оның тұсында «Жаңа күн» атымен шыққан газет ұлт көсемінің идеологиясын дәріптеп, онымен сұхбаттар жариялаған. Бір кездері газеттің француз тіліндегі нұсқасы да болған. 1925 жылдары түрік халқы Le Republique газетін де қолға алып отырған. Бүгінде Түркияның бас басылымы саналатын «Республика» газеті 2023 жылы ғасырлық тойын тойлайды.
Одан бөлек, биыл 100 жылдығын тойлайтын тағы бір түрік газеті бар. «Ресми газет» деп аталатын үнпарақ басылып шыққан алғашқы санынан бастап елдегі заңдар мен ресми мәлімдемелерді халыққа жеткізу, түсіндірумен айналысады. Осы міндетті мойнына алған елдегі жалғыз басылым осы – «Ресми газет» көрінеді.
Әуелде Нью-Йорк жұмысшыларының тілі мен көзі саналған New York Daily News – «Egemen»-нің құрдасы. «Біздің жұмыс – адамдарға көмектесу, халыққа хабар жеткізу» деп мақсатын айқын білдірген басылым Пулитцер жүлдесінің 10 дүркін лауреаты. 2017 жылы газет тілшісі Сара Райли полиция қызметкерлерінің кедей отбасыларға жасаған дискриминациясын әшкерелеген. Қоғамдағы өзекті мәселелерді жазып қана қоймай, оны шешуді де міндеті санайтын газет – АҚШ-тағы таблоид форматында басылып шыққан алғашқы газет. Бүгінде Нью-Йорктағы үздік 10 басылымның бірі. Әуелде бұл жоба баспагерлерге еш пайда әкелмеген. Газет тек метрода оқылатын болғандықтан, меншік иелері шығынға ұшыраған. Сол кезде 26 мыңнан астам тиражбен басылып отырған газет қазіргі кезде әлемнің үздік басылымдарының көшін бастап тұр. Қазір күн сайын 515 165 дана тиражбен жарық көреді.
Заман өзгеріп, мүдделер айқасы өрши түскен сайын басылымдар міндеті басқа арнаға ауа бастады. XVIII-XIX ғасырларда газет тек ақпарат тарату құралы емес, белгілі бір партиялардың, ұйымдардың идеологиясын дәріптеуші күшке айналды. Оған Англиядағы оқиғалар куә. Сол жылдары мықты басылымның бірі саналатын The Times-ті бақуатты отбасыдан шыққан Джон Джейкоб Эстор сатып алып, Адольф Гитлердің саясаты туралы жаза бастады. Жазғанда қалай, қолдауын ашық білдірді. Газеттің редакторы Джоффрей Доусон сол кездегі премьер-министр Невилл Чемберленмен достығын пайдаланып, елдегі саяси шешімдерге ықпал етіп отырды. Соның нәтижесінде Англия Мюнхен келісіміне қол қойды. Бұл баспасөз жұмысына, бағытына қатты әсер етті. Ақшасы бар партиялар өз алдына газет шығаруға әуестеніп алды. Осылайша, Англияда «Egemen»-нің тағы бірнеше құрдасы пайда болды.
1919 жылы баспасөз тағы бір газетпен толығады. АҚШ-тағы Мичиган штатынан Daily Globe газеті жарық көреді. Wisconsin Newspaper қауымдастығының құрамына кіретін басылым – 2001 жылы 11 қыркүйектегі террорлық акт кезінде жедел ақпарат таратқандардың бірі. Бүгінде басылымды ақылы жазылым негізінде ғана оқи аласыз. Жазылушылар саны әжептеуір. Редакцияның Мичиганнан Вашингтонға қоныс аударғанына да біраз болды. Негізін қалаушы Норман Блэк газетті таныстыру кезінде «Мен АҚШ-тағы ең үздік газеттің негізін қалап жатқаныма сенімдімін» деген болатын.
Азия баспасөзіне келсек, «Egemen» негізі қаланған жылдары Жапония билігінде Есихито император билік еткен кез еді. Тарихта ол үстемдік еткен 1912-1926 жылдар арасында баспасөзге еркіндік беріліп, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі болды деген ақпарат бар. Дегенмен дәл осы шақ жапон баспасөзінде «ең қатал» кезең ретінде есте қалған. Өйткені үкіметтің бюрократиясын сынаған басылымдар мемлекеттің бақылауына іліккен. Тек 1951 жылы ғана Жапония баспасөзі еркіндікке ие болады. Осылайша бүгінгі Жапон Конституциясындағы баспасөз еркіндігіне қатысты 21-бап пайда болған. Ал шетелдегі құрдас басылымға келсек, 1928 жылы Shimbun Akahata газеті жарық көреді. Әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келе жатқан газеттің атауы «Қызыл ту» деген мағына береді. Атауы хабар беріп тұрғандай, кезінде Жапон Коммунистік партиясының бастамасымен басылған үнпарақ қазір күнделікті және апталық негізде шығып тұрады. Газеттің бүгінгі Жапония қоғамындағы алар орны ерекше. Бейжің, Берлин, Каир, Лондон, Мехико, Ханой, Мәскеу, Нью-Дели, Париж бен Вашингтон сынды әлемдік астаналарда тілшілері бар. Тиражы миллионнан асып түседі. Ағылшын тіліндегі апталық нұсқасы бар.
Көршілес Ресейде басылатын «Слово» газетін де үзеңгілестер қатарына қосуға болады. Былтыр жарық көргеніне бір ғасыр болған жастар газеті де «Egemen» сияқты атауын бірнеше рет өзгерткен. Газет иемденген «Жас коммунист», «Тау жастары», «Жас большевик», «Жас коммунист» атаулары елде үстемдік еткен идеологиядан хабар береді. Бүгінде ресейлік БАҚ-тың майталмандарына айналған талай дарын алғашқы қадамын осы газеттен бастаған деседі. Өйткені газеттің негізгі жазушылары – оқушылар мен студенттер. Тиражы – 90 мың дана.
Қазір әңгіме газеттер тағдырына тірелгенде қоғам пікірі екіге бөлінеді. Бірі ескіден құтылып, жаңаға көшу керек десе, екіншісі тарихын тереңге жайған басылымдардың жұмысын тоқтату қате деген ой айтады. Сарапшылар «Цифрлы ақпаратты өзгерту әп-сәтте, оның үстіне алатын орынды ойлаңыз. Ал басылымдар – өткеннен ақпарат беретін жалғыз дереккөз» деген пікір айтады. Жоғарыда атап өткен шетелдік басылымдардың бүгінгі жай-күйі мен тиражы шетелде газетке деген сұраныстың азаймағанын көрсетіп отыр.