Маңғыстау өңірі тұрғындарымен жүздескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа Экологиялық кодексті таныстырып, аталған құжаттың артықшылықтарын айтып берді.
Өңірдегі экобелсенділер мен қоғам қайраткерлері аталған құжаттың биоалуандылықты сақтаудағы маңыздылығына ерекше тоқталды. Жаңа заңға сәйкес өнеркәсіп кәсіпорындары қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған жұмысқа белсене кірісуге дайын екендерін жеткізді.
«Қабылданған жаңа Экологиялық кодекс өндірісі дамыған Маңғыстау өңірі үшін негізгі қажетті құжаттың бірі екені сөзсіз. Сондықтан онда көрсетілген талаптарды іске асыру табиғат пайдаланушылар мен жалпы халықтың негізгі міндеті саналады», деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Мағзұм Мырзағалиев тиісті реформа Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі негізінде әзірленгенін айтты.
«Экологиялық кодекстің маңыздылығы – адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеу сияқты бүкіл қоғамның мүддесіне әсер ететінінде жатыр. Кодекс Қазақстандағы, соның ішінде Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады», деді министр.
Маңғыстау облыстық «Табиғи орта» аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Кодекстің биоалуандылықты сақтауға қосатын үлесіне тоқталды.
«Кодексте биоалуандылық түсінігі кеңінен түсіндіріледі. Сонымен бірге биоалуандылықты сақтау шаралары иерархия бойынша, яғни келтірілетін қауіпке қарай қарастырылады. «Табиғи орта» қауымдастығының биоресурстарды сақтау жөніндегі инспекциясы тек браконьерлікпен күресте ғана емес, бірінші дәрежелі кәсіпорындардың Кодекс талаптарын сақтауына мемлекеттік қадағалау жүргізуде де көмектесуге дайын», деді ұйым өкілі.
Еліміздегі 50 ірі ластаушы компания қатарына кіретін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ заңдардың талабына сәйкес озық қолжетімді технологияға көшуге дайындық жүріп жатқанын жеткізді.
Экологиялық кодекс шеңберінде Кәсіпкерлік, Қылмыстық, Су кодекстерінің және тағы басқа да заңдардың нормалары қайта қаралды, сондай-ақ заңдардың жобасын іске асыру аясында 140-қа жуық нормативтік-құқықтық акті қабылдау жоспарланып отыр.
Мысалы, эмиссия нормасынан асқан жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл 10 есе, ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау бойынша айыппұл 5 есеге өсті. Жеке тұлғаны әкімшілік жазаға тарту ұзақтығы 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаға 1 жылдан 3 жылға көбейді.