Осыдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының мәртебесін өзгерту мәселесі көтерілгені жадымда. Себебі, шаһарда бір кезде 10 мыңдай адам тұрған болса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде ондағы кәсіпорын жаппай жабылып, жұмыссыз қалған жұрт жан-жаққа үдере көшкендіктен, тұрғындар саны 7 мыңға дейін кеміген.
Қаладағы орталықтандырылған жылу мен су құбырлары істен шығып, сергеевкалықтар тіпті көп пәтерлі үйлердегі пәтерлерін де пеш жағып жылытып, суды көшедегі колонкадан флягамен тасып ішуге мәжбүр болған. Қаңырап бос қалған көп пәтерлі тұрғын үйлердің кейбіреулерінің есік-терезелері қиратылып, қабырғалары үңірейіп, қала сиықсыз күйге түскен. Ал баяғы тұрмысқа жайлы жағдайдың жұрнағы да қалмай, шын мәнінде кәдімгі ауылға айналған қалада өмір сүріп жатқан дәрігерлер мен мұғалімдер және мәдениет саласының қызметкерлері өздерінен жалақыны 25 пайыз көп алатын ауылдық әріптестеріне қызыға қарайтын. Қала мәртебесін ауылға ауыстыру мәселесін көтергендер де – солар.
«Жығылғанға – жұдырық» демекші, орталығы қала болып саналатын Шал ақын аудандық ауруханасын дәрігерлермен қамтамасыз ету де үлкен проблемаға айналыпты. Өйткені, ауылдан айырмашылығы жоқ болса да, Сергеевкаға қызметке шақырылған жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған елеулі жеңілдіктер берілмейді екен.
Бұл, әрине, әлеуметтік әділдікке жатпайтын, ауылдық жерлердің тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасына теріс әсерін тигізіп отырған өзекті мәселе екендігі айдан анық. Алайда оны шешу жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жатпайтын болып шықты. Ал анда-санда астанадан ат терлетіп келіп жүретін жоғары лауазымды шенеуніктер мен Парламент депутаттарының сергеевкалықтарға берген уәделері, өкінішке қарай, құр сөз күйінде қалып келген.
Елімізде Сергеевка сияқты атына заты сай емес тағы 12 шағын шаһар бар. Олар – Ақтөбе облысындағы Жем (1771 тұрғын), Темір (2570 тұрғын), Ақмола облысындағы Степняк (3535 тұрғын), Державинск (6058 тұрғын), Ерейментау (9736 тұрғын), Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко (7103), Қызылорда облысындағы Қазалы (7758 тұрғын), Қарағанды облысындағы Қарқаралы (8191 тұрғын), Қаражал (9664 тұрғын), Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево (7756 тұрғын), Шығыс Қазақстан облысындағы Шар (7570 тұрғын) және Серебрянск (8578 тұрғын) қалалары.
Әділін айту керек, алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселені табандылықпен қолға алып, Үкіметке екі мәрте депутаттық сауал жолдапты. Сол сауалдарға «Бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Өйткені, қолданыстағы заңнамада қала мәртебесін өзге елді мекендер мәртебесіне ауыстыру механизмі қарастырылмаған болып шықты. Осыған орай, арнайы зерттеу жүргізіп, еліміздегі өз мәртебесіне сай емес шағын қалалардың санын нақты анықтап, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгеріс енгізуді қарастырамыз» деген мазмұндағы ресми жауаптар берілген. Бірақ осындай уәденің орындалуы сиырқұйымшақтанып бара жатқан соң былтыр белгілі қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов бастаған бір топ депутаттың өздері бастамашылық етіп, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға қалалардың мәртебесін өзге елді мекендерге ауыстыру механизмін айқындаған түзетулер енгізуді көздеген заң жобасын дайындаған. Оны Парламент Сенаты мақұлдаған соң өткен жылғы желтоқсан айының 12-де Мемлекет басшысы қолын қойып, заңды күшіне енгізді. Сөйтіп атына заты сай емес шағын қалалардың мәртебесін өзге елді мекенге, соның ішінде ауылға өзгертуге жол ашылды.
Бірақ бұл өз мәртебесіне сәйкес келмейтін шағын қалалардың бәрі бір күнде ауыл немесе кент болып шыға келеді деген сөз емес. Бұл мәселені әуелі жергілікті өкілді және атқарушы органдар қарап, жоғары жаққа тиісті ұсыныс беруге тиіс. Сондықтан тұрғындарының саны 10 мыңға жетпейтін шағын қалалардың кейбіреуі ауылға немесе кентке айналдырылмауы да мүмкін. Мәселен, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарқаралы қаласының – табиғаты тамылжыған аттас аудан орталығы тұрғындарының саны жеткіліксіз екендігіне қарамастан, оның мәртебесін өзгертуді қолдамайтындығын білдіріпті.
Осы ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шағын қалаға, яғни аудандық маңызы бар қалаға аумағында өнеркәсiптік кәсіпорындар, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекен жататындығын ескерген жөн. Демек, Қарқаралы қаласы алдағы уақытта облыс басшылығының қолдауымен аталған заң талабына сәйкес жан-жақты дамытылып, көркейтіледі деген үміт бар.
Ал Сергеевка сияқты болашағы бұлыңғыр шағын қалалардың тағдырын нақты шешетін кез келді. Өйткені, олардың мәртебесін ауылға ауыстыру үшін енді ешқандай кедергі жоқ. Тек жергілікті өкілді және атқарушы органдар әлеуметтік әділдікті жылдар бойы күтіп отырған бір қауым жұрттың тілек-талабына құлақ асып, мәселені тезірек қолға алса, құба-құп.
...«Кезінде әп-әдемі қала болған елді мекендер кейін не себепті көзге қораш кейіпке түсті?» деген сауал да туындайтыны сөзсіз. Бәрі де сонау ел басындағы сын кезеңде – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тиісті аудандардың басшылары кімдер болғандығына байланысты еді. Мәселен, Шал ақын ауданының әкімі жұрт алдында аузымен орақ орғанымен, іс жүзінде құлқынының құлы болып шығып, бір кезде даңқы дүрілдеп тұрған аудан экономикасын қалай тақырға отырғызып кеткенін сергеевкалықтар әлі күнге қарғыс жаудыра айтып отырады. Ал көршілес Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға шынайы патриот азамат әкім болғандықтан, ондағы барлық ауылдық елді мекен жылдан-жылға көркейіп, аудан орталығы – Новоишимка ауылы тұрғындарының саны қазір 12 мыңнан асты. Новоишимкалықтар қазір қаладан кем емес жағдайда өмір сүріп жатыр. Оларға сергеевкалықтар қызыға қарайды. «Кадрлар бәрін шешеді» деген осы.