• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2021

Бозжыра мәселесі: Табысымыз артқанымен, тынысымыз тарылмаса игі

566 рет
көрсетілді

Бозжыра шатқалының маңында салынуы тиіс қонақ үйдің жобасын экологтер мен қоғам белсенділері қатаң сынға алып, оның орындалуына қарсылық танытты. Таяуда аталған жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалауға байланысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, қонақүй құрылысын жақтаушылар мен дат­таушылардың арасында қызу пікірталас өрбіді.

 

Инвестор: «жоба тиісті келісім мен берілген ақпарат негізінде дайындалды»

Алғашында инвесторлар бұл жобаны Жабайұшқан қаума­лы­ның аумағындағы Бозжыра шат­қалының маңында жүзеге асы­руды көздеген еді. Алайда осы мәселе қоғамда резонанс ту­ды­рып, Мемлекет басшысы Үкі­метке инвестициялық жобаны қайта қарауға тапсырма берді. Осы­ған байланысты Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, табиғат қорғаушылары, эколо­гия саласының сарапшылары, қоғам белсенділері және жергі­лік­ті халықтың қатысуымен бір­неше кездесу өткізді. Соның қо­ры­тындысына сәйкес, қонақүй­дің құрылысын Жабайұшқан қау­ма­лынан тыс жерге ауыстыру ту­ралы шешім қабылданды. Жуыр­да өткен қоғамдық тыңдауда ин­вес­торлар жобаның эскиздік нұс­қаларын ұсынып, оның қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты нәтижелерін жеткізді.

«Бұл жобаға байланысты жұ­мыс тиісті келісім мен берілген ақпараттың негізінде дайындал­ды. Қолданыстағы жолдың маңы­нан жаңа өтпелі жолдар қарас­тырылмақ. Нәтижесінде, жол­дағы көлік ағыны бір жерге шоғыр­ландырылып, ұйымдастырылады. Біздің мақсатымыз – ұйымдасқан туризмді дамыту», деді инве­с­тициялық жобаның экологиялық мәселелер жөніндегі жобалаушысы Елена Иванова.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, ин­вестициялық жобаның құны – 38,6 млрд теңге. Құрылыстың аумағы – 28,1 гектар. Осыған сәйкес, сапар орталығын (0,5 гектар), «стандарт» және «люкс» санатындағы 50 нөмірлі қонақ­үй кешенін (25,4 гектар), сондай-ақ мейрамхана, бассейн және іскерлік кездесулерге арналған орындар салу жоспарлануда. Бұ­ған қоса тікұшақ қонатын алаң да қарас­тырылмақ. Тиісті инфра­құрылымды тартуда инвестор «жасыл» технологияларға басымдық беретінін алға тартып отыр. Бұл туристік кешеннің жобасын Tethys Аktau IV компаниясының тапсырысымен Sembol Safari Construction ЖШС дайындаған. Ең бастысы, салынатын нысан Бозжыраның ажарына айналған бірегей рельефті таулардан 3,4 және 3,7 шақырым қашықтықта орналасады деді жоба авторлары.

 

Жабайы туризмді тоқтатады

«Қызылсай» табиғи паркі 2012 жылы ашылып, сол кезде көп­шілік Бозжыра шатқалы туралы біле бастады. Қазір турис­тер­дің ағыны қарқынды түрде өсіп келеді. Инспекторлық қыз­ме­тіме кіріскен соң, жануарлар туралы зерттей бастадым. Ыс­тық күндері дала жануарлары біз­ден қорықпай, қасымызға ке­ліп, су ішіп кетеді. Тіпті қазір қыз­мет­керлеріміз жануарларға жақын­дап, суретке түсіре алады. Де­мек, аңдарды қорқытпасаңыз, адамдардың қасында жүреді. Ту­ристердің Бозжыраға жол тал­ғамайтын көліктермен ретсіз келуі сал­дарынан аумақтағы топы­рақ­тың жамылғысы нашар­лай түсті. Көбінесе көліктер бір қа­тармен қозғалатындықтан олар­дың со­ңы­нан көтерілетін шаң өсім­діктерге қонып, оның кесірі жа­нуар­лардың популяциясына тиеді. Мәселен, дала кеміргіштерінің көбеюіне кері әсері байқалуда. Есептеуіміз бойынша жол талғамайтын кө­лік­тердің ағынына байланысты жа­санды 7 жол пайда болып, ша­­ма­мен 750 гектардай жер бү­лін­­ді. Бұл тек соңғы үш жыл­да орын алған жағдай», деді «Қы­зыл­­сай» мемлекеттік өңірлік та­би­ғи пар­кінің басшысы Омар Сарсенғазиев.

 

200-ден астам жұмыс орны ашылады

Мүдделі топтың айтуын­ша, жобаның әлеуметтік тұрғыда ма­ңызы зор. Неге десеңіз, оның жүзеге асырылуымен 200-ден ас­там жергілікті ха­лық жұмыс орын­дарымен қамты­лады деп көз­делсе керек. Сол себепті Қа­рақия ауданының тұр­ғын­дары­ның арасында бұл бастаманы қолдайтындар да бар.

«Мен Құрық ауылының тұр­ғы­нымын. Ауылдағы барлық жас­тардың атынан Бозжырадағы туристік нысанның құрылысын қолдайтынымызды айтқым келе­ді. Бұл жоба жұмыс іздеп жүрген жастарға берілген мүмкіндік. Олар үшін бұл үлкен қолдау. Егер аталған орталық іске қосылса, ауданымызды дамытуға жол ашылады», деді аудан тұрғыны Серік Жақсылықов.

Осындай мазмұндағы пікірді ауданның кейбір аға буын өкілдері де қуаттап, аталған жоба өңірдің өркендеуіне үлес қосатынына се­нім білдірді.

 

Қоршаған ортаға бағалау нашар дайындалған

Десек те жекелеген қоғам бел­сен­ділері мен экологтер құры­лыс нысанына қатысты Қоршаған ортаға әсерді бағалау әлсіз дайын­далғанын, сол секілді оның заманауи экологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін айтады.

«Жобада Қоршаған ортаға әсер­ді бағалау көрсетілген, яғни бұл жобаның екінші кезеңі. Алай­­да мұнда пайдаланылатын су кө­лемі көрсетілмеген. Өйт­ке­ні бас­­сейннің құрылысы қа­рас­ты­­рылғанын ескерсек, оның едә­уір су көлемін қажет ете­тіні бел­гілі. Сондай-ақ кәріз-тазар­ту құ­­рылымы салынғаннан ке­йін су­дың қайда ағызылатыны көр­сетіл­меген. Сол секілді тікұшақ қо­на­­тын алаң қарастырылады деп айтылды. Бірақ та тікұшақтың ды­бысы қандай болатыны, сондай-ақ оның қоршаған ортаға әсері ескерусіз қалған», деді эколог Лаура Маликова.

Сарапшылар рекреация­лы жүк­­темеге де тиісті есеп жүр­гі­­зіл­­­­мегенін жеткізді. Мәселен, атал­­­­ған аумаққа бір мезетте 100-ден ас­там адам келгенде, шат­қал­­дың бұған қаншалықты шыдас берері айтылмаған. Бұдан бө­­лек, кәріз жүйелеріндегі жа­ғым­­сыз иіске ­байланысты са­ни­­­тар­­лық тәуекелдер назардан тыс қал­­ғаны экологтерді алаң­да­тып отыр. Белсенділердің пікі­­ріне жүгінсек, жоғарыдағы Қор­­шаған ортаға әсерді баға­лау­да инфрақұрылымдық ком­муни­ка­­цияның әсері, атап айтқан­да электр және су жүйелерінің, авто­­көлік жолдары мен желілік инфра­­құрылымның оң және теріс ық­палы ескерілмеген.

 

Туристерге 5 жұл­дызды қонақүйдің қажеті жоқ

Жергілікті табиғи қорық өкіл­­дері құрылыс жұмыстары мың­­жылдық тарихты қамтитын па­леон­тологиялық ескерткіш­тер­ге зақым тигізбей ме деп алаң­дай­ды. Қорықшылардың айтуынша, шетелдік туристер тұмса та­­би­­ға­­ты­мен көз тартатын бұл аумақ­­қа қонақүй болмаса да ке­ле береді. Айталық, жыл сайын алыс-жа­қын елдерден Маңғыстау өңі­ріне ағылатын саяхатшылар инс­пекторлардың ескі көліктеріне оты­рып, сайын даланы аралауды дағдыға айналдырған. Тіпті далаға түнеуді қорықшылардан да жетік меңгеріп алған сынды. Сондықтан да шетелдік турис­тер­дің жалғыз тілегі – адам аяғы жиі баса бермейтін табиғаты тылсым жерлерді қаз қалпында сақтау.

Қоршаған ортаға әсер­ді баға­лау нәтижесін Қазақстан­ның ­био­­алуандылықты сақтау қауым­дас­тығы да құптамайтындарын жет­­­кізді. Ұйымның атқарушы ди­­рек­­торының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Скляренконың айтуын­ша, шартты қонақүйдің орны Боз­жыра шатқалынан ат шаптырым жерде орналасқандықтан эко­логиялық бағалау жұмыстары тиісті деңгейде қаралмаған. Оның үстіне бағалау құжатында ескірген мәліметтер қамтылыпты.

«Маңғыстау облысының Қа­ра­­қия ауданындағы қонақүй ке­ше­ні» жобасына байланыс­ты Қорша­ған ортаға әсерді ба­ға­лау жұмысы ұқыпсыз, сапа­сыз, ескірген де­рек­тер­дің негізінде нақты дә­лел­сіз, сон­дай-ақ көптеген ор­фо­­гра­­фиялық қателіктермен орын­­далған. Бірде-бір балама нұсқа қарастырылмаған. Бұл «Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық» пен Эко­логиялық кодекстің талабына сәй­кес келмейді. Ұсынылған «Қор­шаған ортаға әсерді бағалау» бө­лігі толығымен қабылданбауы керек. Қонақүйді орналастырудың балама нұсқалары қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, бірде-бір ны­сан Бозжыра шатқалының нүк­телерінен көрінбеуі, көзге түспеуі тиіс. Ал коммуникациялық желі­лер сирек кездесетін және бағалы жануарлардың жүріп тұруына әсерін тигізбеу қажет. Балама нұсқаларға тоқталсақ, жұмыс жобасын әзірлемес бұрын оны қоғам өкілдерімен талқылап, облыс­тық туристік инфрақұрылымды дамытудың перспективалық стра­тегиясы бекітілуі тиіс. Со­ның не­гізінде инвесторларға учас­келер бөліну қажет», деді С.Скляренко.

Еліміздегі экологиялық мәселе халықаралық қауымдастықтың да назарын аударғаны байқалады. Нақты айтсақ, америкалық журналист, National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі Пол Салопек Бозжырадағы құрылысты қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс деп бағалады.