БҰҰ-ның шешімімен 11 ақпан Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні ретінде аталып өтеді. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, ғылым жолындағы зерттеушілердің тек 30 пайызы ғана әйелдер. Әсіресе жаратылыстану, технология, инженерия және математика саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің табысы аз әрі қызметте көтерілуі де қиын. Осы ретте Токио Технологиялық институтында білім алып жүрген замандасымыз Аяулым Белгібаеваны әңгімеге тартып, Жапониядағы оқу мен өмір, ғылымдағы әйелдердің жағдайы жөнінде сұрап көрдік.
– Баспасөзге берген сұхбатыңызда «Литийлі және литий-ионды аккумуляторларға арналған наноталшықтарды синтездеп, зерттеймін» деген екенсіз. Қарапайым тілде қалай түсінуге болады, зерттеу салаңыздың маңызы қандай?
– Технологиялардың, смартфондар сияқты гаджеттердің дамуы жақсы қуат көзін – аккумуляторларды, яғни қайта зарядталатын батарейкаларды да дамытуды қажет етеді. Ал литий негізіндегі аккумуляторлар ең жеңіл әрі тиімді. Бүгінде олар барлық дерлік портативті қондырғыларда қолданылады. Бірақ олардың ток көзінсіз жұмыс істеу уақыты қысқалау. 1-2 жыл қолданған соң жұмыс істеу қуаты тіпті азайып қалады. Жапония – батарейкаларды дамыту саласындағы көшбасшылардың бірі. Алғашқы литий-иондық аккумуляторлардың прототипін нарыққа Жапонияның Sony компаниясы шығарған болатын. Біз осы аккумулятордың жұмыс істеу ұзақтығын арттырып, массасын тағы да төмендету үшін жаңа материалдарды наноталшықтар түрінде жасап, зерттеп жатырмыз.
– Күншығыс елінің білім беру жүйесі қалай екен, қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Қазір Токио Технологиялық институтында «Химиялық ғылым және инженерия» мамандығы бойынша магистратураны бітіріп, PhD-дің соңғы курсында оқып жатырмын. Университетте сапалы зерттеу жүргізуге қажеттінің бәрі бар. Мұндағы негізгі ерекшелік – бакалаврдың 4-курсынан бастап, студенттер ғылыми зертханаларға бөлініп, жетекші берген тақырыпқа дербес зерттеу жұмыстарын бастайды. Біздің факультетте барлығы дерлік оқуы мен зерттеулерін магистратурада да жалғастырады. Бірақ PhD-ға қиын деп көбі бара бермейді. Магистратурада үй тапсырмасын студенттің жеке зерттеу тақырыбымен байланыстырып береді. Ал PhD-да сабақ өте аз, ғылыми жұмысқа көбірек уақыт бөлінеді.
– Сіз оқитын факультетте қыз балалар аз оқитын көрінеді. Тіпті бастапқыда зертханада ұлдардың арасында өзіңіз жалғыз болған екенсіз. Қандай қиын тұстарын байқадыңыз?
– Лабораторияда жалғыз қыз болу айтарлықтай қиындық тудырмады. Жапон студенттері өзінен бір-екі жасқа үлкен болса да сыйлап, PhD студенттерге ерекше құрметпен қарайды. Жалпы оқуда, ғылыми жұмыста қыз-ұл деген жоқ, барлығы бірдей студент. Десе де STEM (ғылым, технологиялар, инженерия, математика) бағытында жүрген қыздардың жұмыс орнында қиыншылық болған. Топтағы жалғыз қызға жігіттер сынмен қарап, орталарына бірден қабылдай қоймайтын көрінеді. Бірақ кәсіби қабілетін дәлелдей білген қыздарға артынан көзқарас өзгереді екен. Осындай қиындықтарға қарамастан, қыздар ғылым мен технологиялардың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Демек, сүйікті іске келгенде жыныс кедергі болмау керек. БҰҰ-ның хабарлауынша, пандемия кезінде әйел авторлардың ғылыми мақала шығару қарқыны айтарлықтай төмендеп кеткен. Әйелдерге жүктелген бала күтімі мен үй шаруасы ғылымға бөлінетін уақыттың қысқаруына әкеп соққаны анық. Соңғы жылдардағы феминизм бағытындағы жетістіктерге қарамастан, бұл – теңсіздіктің бірден-бір көрінісі. Мамандардың болжауынша, ерлер мен әйелдер толықтай тең болатын қоғам 99 жылдан кейін орнауы мүмкін. Өзіміз көріп үлгермесек те, ұрпақтарымыздың теңдікте өмір сүре алатындығы қуантады. Бірақ бұл уақытты қысқарту біздің қолымызда емес пе?!
– Жалпы, этика ұғымының аясы кең, осы ретте ғылымдағы этика жөнінде не айтар едіңіз? Мәселен, біздегі жоғары лауазымдағы тұлғалардың зерттеу жұмысынан плагиат анықталып жатады.
– Мен үшін ғылымдағы этика дегеніміз – алған нәтижелеріңді сол күйінде қабылдау. Қалауыңша түрлендірмеу, деректермен манипуляция жасамау, жоқты бар деп, барды жоқ деп көрсетпеу. Бір сөзбен айтқанда, алдамау, ең алдымен өзіңізді алдамау. Плагиат деген – ғылыми этиканы бұзудың шектен шыққан деңгейі. Яғни, мұнда өзге ғалымның гипотезалары, зерттеу нәтижелері, қорытындылары өзіңіздікі етіп көрсетіледі, шынайы авторға сілтеме жасалмайды. Сілтеме жасап, бірақ сол кісінің сөйлемін жай ғана түрлендіру, сөздердің орындарын ауыстыру – ол да плагиат. Материалды оқыған соң тобықтай түйінін тұжырымдап жазуыңыз керек. Ешкім жасамаған тәжірибелер жасауыңыз қажет. Біз университетте әр семестр басында «ғылыми этиканы сақтаймын» деп қол қоямыз. Себебі этиканың бұзылуы жақсылыққа апармайды, ғылымның дамуын тежейді. Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, ондай үйретілмейді. Көпшілігіміз copy-paste жасап жаман үйреніп алғанбыз.
– Жалпы, сұрақ болса да қоюға тура келіп тұр, еліміздегі ғылым саласының бүгінгі беталысы туралы не айтар едіңіз?
– Елімізде ғылым жақсы дамып жатыр. Ғылымға жан-тәнімен берілген, сапалы ғылым жасап жүрген ғалымдарымыз баршылық. Бірақ көп жағдайда қаржыландыру жеткілікті бола бермейді, университеттердің жабдықталуы да жұтаң. Оның үстіне, әйтеуір өйтіп-бүйтіп плагиат жасап, сапасы төмен журналдарға мақалалар жазып, пайдасыз конференцияларға қатысып, ғылымды артқа тартып жүрген адамдар көп.
– Ғылым жолындағы әйелдерге дискриминация бар ма? Осы саладағы әйелге жұмыс істеу, мансап жолында көтерілу ерлерге қарағанда қиын түседі деген рас па?
– Мен әзірге тек PhD студентімін. Бұл – білім алудың ең жоғарғы сатысы болғанымен, ғылыми мансаптың ең басы болып саналады. Өз басым PhD-да дискриминацияға ұшырап көрмедім. Бірақ «аккумуляторлар әйелдер зерттейтін тақырып емес» дегендер де кездескен. Қиындықтар әлі алда сияқты. Әлеуметтік желідегі әйел ғалымдардың парақшаларынан «басқалар мені мойындау үшін тағы қандай жетістікке жетуім керек?!» деген сынды жазбаларды көріп қаламын. Демек, ғылымда да әлі әйелдерді менсінбеу бар. Бірақ ғалымның дәрежесін оның жынысы емес, ғылыми жетістіктері, халықаралық сапалы журналда басылып шыққан мақалалар саны, оларды басқа ғалымдардың дәйексөз етуі, гранттар, қаржыландыру мөлшері, шәкірт дайындау деген сияқты көптеген параметр анықтайды. Бала күтіміне байланысты әйелдер бұл бәсекелестікте бірнеше жылын жоғалтып алуы мүмкін. Десе де, ғылым мен отбасын қатар алып жүрген көп балалы ана-ғалымдардың қажыр-қайраты көпке үлгі!
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»