• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2021

«Жыртқыш журналдарға» жем бола береміз бе?

1940 рет
көрсетілді

Жақында ғылым метрикасымен айналысатын әлемдегі жетекші журналдардың бірі Scientometrics басылымында көлемді зерттеу мақала жарияланды. Онда 2015-2017 жылдар аралығында Scopus базасында жарияланған ғалымдардың еңбектеріне жүргізілген сараптаманың қорытындысы беріліпті. Аталған нәтиже бойынша Қазақстан «жыртқыш журналдарға» мақала жариялағыш 20 елдің қатарына қосылған. Шын мәнінде бұл – мемлекетіміздің ғылыми әлеуетіне деген оң көзқарасқа нұқсан келтіретін жағдай. Нашар көрсеткіштермен алға шығып кетуіміздің себебі неде? Мұндай мәселенің шешімі қандай?

«Жыртқыш журналдар» деген не?

Алдымен осы сұраққа жауап тауып алғанымыз жөн шығар. Ғылым жасауда ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде жазылған мақаланы халықаралық журналдарда жариялаудың маңызы өте зор. Ғылыми жобалар мен зерттеулерді қаржыландыратын гранттарды алу, оның есебін тапсыру кезінде де мақала жариялау талап етіледі. Айтпақшы, үміткер қандай да бір ғылыми дәрежеге қол жеткізу мақсатында, мәселен, PhD докторлық диссертацияны қорғауға рұқсат алу үшін де ғылыми журналдарда мақала жариялауы тиіс. Өз бетінше жариялауды жөн көретіндер тағы бар, мұндай ғалымдар кәсіби жетістіктерді көздеп үнемі ізденіспен жүреді. Міне, осы талаптанудан туатын бір проблема бар. Бұл – ғалымдардың «жыртқыш журналдардың» «қақпанына» түсіп қалуы. Негізінен мұндай басылымдарды «жалған журналдар» деп те атайды.

Уикипедияның ағылшын нұсқасында «Жыртқыш журналдар» кейде тек жазуға арналған басылым деп аталады. Мұндай журналдар авторлардың мақалалар сапасы мен заңдылығын тексермей, редакциялық және баспа қызметтерін ұсынбай жариялағанына ақы алуды көздейді. Ал заңды академиялық журналдар ашық дереккөздерде қолжетімді емес. Баспагерлердің айтуынша, дамушы елдердің жаңа ғалымдары (ғы­лымға енді келгендер, яғни тәжіри­бесі аздар) әсіресе «жыртқыш жур­нал­дарға» алданып қалады. Осы мәселеге қа­тысты жүргізілген зерттеуге сүйен­сек, «жыртқыш журналдарда» жария­лан­ған мақалалардың 60 пайызына жария­ланғаннан кейінгі 5 жыл ішінде ешқандай сілтеме жасалмаған», деп түсініктеме беріліпті.

Баспалардағы «жыртқыштық» – пайда табудан, кіріс кіргізуден туған қулық. Нарық заманында, сананы тұр­мыс билеген шақта мұндай пысық­тық бізге үйреншікті көрініске айнал­ған­дай. Алайда ғалымдар үшін мұндайға қалыпты қарап, зерттеулері туралы мақа­­лаларын саналы түрде «жыртқыш журнал­дарға» жариялау, «жалған басы­лым­дарда» аты-жөнінің жүруі абырой әкелмейді.

Зерттеушілер зерттеу жүргізуді білмейді

Елімізде докторанттар док­тор­лық диссертациясын қор­ғауға жолдама алу үшін халықаралық журналдарда мақала жариялауы тиіс. Ал сол студенттердің көбі ғылымға қадам басса да, кейбірі тіпті докторантураны бітіргелі жүрсе де «жыртқыш журналдар» жөнінде білмейді екен. Бұл туралы бізге осы тақырыпқа қатысты кәсіби блог жүргізіп, жас зерттеушілердің сауатын ашумен айналысып жүрген ғалым, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің зерттеушісі, PhD докторы Лаура Қарабасова айтты.

– Әлеуметтік желідегі парақ­шамда осы тақырыпта жиі жа­замын. Өткен жылы тегін тре­нинг­тер де өткіздім. Жас ға­лым­дарға академиялық адал­дық принципіне негізделген ғы­­­лыми карьера жасау, беделді жур­­­налдарға мақала жазу және «жырт­­қыш журналдардың» қақ­па­нына қалай түсіп қалмауға болатыны туралы ақпарат беремін. Отандық университеттердің док­­­­торанттары жекеме шығып, кө­мек, кеңес сұрайды. Олар тіп­ті «жыртқыш журналдар» деген ұғымның барын білмейтін се­кілді әрі мақала жариялау­да ақ­ша төлеу міндетті деп түсі­неді. Оларға «Өз саламдағы үз­дік, яғни бірінші квартильге кіре­тін журналдарда жалғыз автор ретінде үш мақалам, бірінші авт­ор ретінде бір мақалам жа­рия­­­ланған, бірақ сол үшін еш­қан­­­дай ақша төлемедім» десем, таң­­ғалады. Сондықтан жас ғалым­дар­­ды біреудің қо­лы­нан келген іс екін­­шінің де қо­лынан келетінін ай­тып жігер­лендіремін, – дейді ол.

Сарапшымыз «Неге біздің қазақстандық ғалымдар рейтингі жоғары журналдарға мақала жариялауға қиналады?» деген сұраққа көп уақыт жауап іздеген екен. Сөйтіп мұның бірнеше себебі барын анықтапты.

– Әрине ең алдымен жас ғалымдар­дың журнал индекса­циясы, журнал метрикасы мен күмәнді журналдар ба­за­­сын тексеру және журнал із­деу секілді қарапайым дағ­ды­ларды меңгермеуі себеп бо­ла­ды. Қалыпты жағдайда жур­нал­ға мақала жариялау проце­дурасы қандай болатынын бі­лу де маңызды. Екіншіден, эм­­пирикалық зерттеуге негіз­дел­меген, түпнұсқа мәлімет ұсына алмаған әрі зерттеу әдістемесі әл­сіз түсіндірілген ма­қала әл­бет­те жақсы журнал­дарға керек емес. Мен әлеуметтік және гу­ма­нитарлық ғылымдар тура­лы айтып отырмын. Зерт­теу­дің этикалық талаптарға сай жүргізілуі де – журналдар қоя­тын талаптардың бірі. Біздің ЖОО-ның көбінде Этика ко­ми­теті жоқ. Университет басшы­лары осыған назар аударуы тиіс. Үшінші, біраз университет­те зерттеу әдістері жаңаша стандарттармен оқытылмайды. Пән­­­дердің тізімінде тұр, бі­рақ өкінішке қарай, аты бар, за­ты жоқ. Студенттермен сөй­лес­­кеннен білемін, ЖОО-да­ғы 1-курс докторанттарына арнал­ған оқу бағдарламасында «Зерт­теу әдістері» немесе «Зерттеу фи­лософиясы» деген әдемі атау­лар бар. Алайда оны кім оқы­тып жатыр, сол пәннен сабақ беретін оқытушының өзі зерттеу­мен айналыса ма? Ол қандай кәсіби даярлықтан өт­кен? Міне, мәселе осыдан шы­ғады. Біз әуе­лі ғалымдар даярлаудағы түйт­кілдердің түйінін тарқатып алуымыз керек, – дейді Л.Қарабасова.

Ғалымның айтуынша, ғы­лым­ға қадам басқандар бір нәр­сені түсініп алғаны абзал. Жур­налдар «ашық қолжетімді» (open access) және «жабық қол­­жетімді» (close access) деп екі­ге бө­лінеді. «Жабық» жағдайда қол­­жетімді журналдардың бә­­­­­рі­не мақала шығару тегін. Өйт­кені мұндай журналдар жазылымды талап етеді. «Ашық қолжетімді»  журналдарға жария­лау ақылы, бірақ бірден автордан ақша сұрамайды. Алдымен редак­ция алқасы мақаланың жарам­­дылығын тексереді де, рецен­зияға жібереді. Ғалымның ма­қаласы туралы қараған бір­неше рецензенттің сын-пікірі келуі керек. Беделді басылымдарда мақаланың шығуын кейде ғалымдар бір жылға дейін күтеді. Ал «жыртқыш журналдарда» рецензиялау жүйесі жоқ және тез жариялайды.

Сан сапаны төмендетті

Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Жексенбек Тоқтарбай док­торан­тураға грант санын көбейт­кен­нен сапасыз кадр­лардың саны арт­қанын айтады.

– Мен 2012 жылы докторан­тураға құжат тапсырғанда 4 адам ғана түстік. Қазір 60 адам түседі. Білім және ғылым министрлігі ғылыми жетекшіге қойылатын талаптарды күшейтті. Бірақ сол талаптарға сай келетін мамандар өңірдегі ЖОО-да тұрмақ, ұлт­тық университеттің өзінен табыл­май қалады. Әрине бар, дегенмен олардың саны көп емес. Докторанттар көп, бәріне бір­дей лайықты жетекші жоқ. Оның үстіне жетекшіліктің жауап­кершілігі жоғары, оған тө­ленетін қосымша үстемеақы өте төмен болғандықтан, көбі док­торант алғысы да келмейді. Содан амалсыз біліктілігі сай болмаса да табылған жетекшіге жазады. Ал өзі зерттеу жүргізіп, мақа­ла жазып, жариялап көрме­ген адам не үйретеді? Қазір док­­торантураға бөлінген грант са­нының артқанына қуанып жүрміз ғой, ақиқатында бұл сапаны мүлде түсіріп жіберді. Нақ ғылымды қалайтындар емес, сти­пендия үшін ғана түсетіндер көп. Олар әдетте стипендияны алып жүріп оқиды да, қорғамай кетіп қала салады. Осы жүйені өзгертуіміз керек. Мемлекеттік грантқа оқыды ма, міндетті түр­де ғылыми тақырыбын қорға­сын, қорғай алмаса, грантты қайтаруды міндеттеу қажет. Сон­да ғана нағыз ғылым жолына түсуді қалайтындар келеді. Құр атақ пен стипендия үшін оқи­тын­дар жалған ғылым жасайды, – дейді Ж.Тоқтарбай.

Оқытушы-ғалымның пікірін­ше, отандық зерттеуші­лердің «жыртқыш журналдардың» қақ­панына ілініп қалуына олардың осы тақырыптағы танымының тар­лығы, білімінің жетіспеуі себеп болады. Өйткені олар «Қан­дай журналға жариялау керек? Оның жалған журнал екенін қайдан білуге болады, қалай ажы­ратамыз?» деген салмақты сауал­дарға нақты жауап бере алмайды. Мәселен, тәжірибелі ғалымдардың өзі «Q1», «Q2» бол­са, керемет журнал деп ой­лап қалады. Басқа жағын тек­сер­мейді. Ал квартилі жақсы бол­ғанымен, h-индексі төмен ба­сы­лымдар бар. Міне, осы тура­лы жеткілікті білім берілуі тиіс.

– Жоғарыдағы әріптесімнің сө­зі­мен келісемін, жоғары бі­лім­нен кейінгі білім беруде ал­­­­­дымен зерттеу жүргізуге үй­­­­рет­­кен жөн. Мысалы, мен хи­­мия факультетінде оқитын ма­­гистранттарға «Ғылыми жо­балар мен зерттеулерді ұйымдас­тыру және жоспарлау» атты пән­нен сабақ беремін. Сонда студенттерге, яғни болашақ ға­лымдарға Scopus базасындағы жур­налдарға талдау жасау жө­нінен дәріс оқимын. Ал еліміз­дегі көп ЖОО-да мұндай пән оқы­­тылмайды, – дейді болашақ ға­­лымдарды оқытып жүрген ғалым.

 Талаптан талап туады

Осы ойдан кейін біз 2020-2021 оқу жылына докторанттар­ды даярлауға арналған мем­лекеттік грант санын қарадық. Химия мамандығына 100, физика саласына 110, математика және статистикаға 60 грант бөлінген. Ал жыл сайын 100 ғылыми докторды даярлайтын 100 химик-ғалым бар ма? Міне, осыдан-ақ жыл сайын ғалымдарды емес, «жалған ға­лым­дардың әскерін» ғылыми «майданға» қосатынымызды анық көруге болады.

Отандық ғалымдардың әлеуе­ті мен соңғы жағдайдағы қар­­­қынына талдау жүргізетін маман елімізде тым тапшы. Солар­дың бірі – профессор Болат Кеңесов. Оның ойынша, ғылы­ми дәреже, атақ алуға немесе грант­тық жобалар бойынша есеп­терді тапсыруға «жыртқыш жур­налдардағы» мақалаларды жаратпай тастау керек. Сонда біраз мәселе өздігінен шешіледі.

– Білім және ғылым ми­нистр­­­­лігі ақырындап бұл талапты енгізіп, «жыртқыш жур­налдардағы» мақалаларды есеп­ке алмауға уәде беріп отыр. Ма­­­ңыздысы жалған басы­лым­дар­дағы ғылыми еңбектерді еш жерде, ешбір жағдайда есепке алмай қойса, көп мәселе ше­шімін та­­бады. Бұдан бөлек грант­тық немесе бағдарламалық-ны­­­саналы қаржыландырудың кон­курс­тық құжаттамасында ашық қолжетімді басылымдар үшін төлемді делдалдарға емес, тікелей баспагерге ғана жасау рұқсат етілуі керек. Содан соң гу­ма­ни­­тарлық ғылымдар бойынша халықаралық журналдарда ма­қала жарияламай-ақ диссертация қорғауға мүмкіндік берген жөн. Мысалы, диссертацияны Ұлттық мемлекеттік ғы­лыми-техникалық сарап­таманың тәуелсіз емтиханынан кейін қорғауға жіберуге болады. Бәрінен бұрын ғалым­дарға ажырату оңай болу үшін базадан шығып қалу қаупі жо­ғары, күмәнді журналдарды анық­тап, оның тізімін жариялау бо­йынша зерттеу жүргізу қа­жет. Осы мәселеге қатысты зерт­­­теу­шілерге танымдық тренинг­тер ұйым­дастырылуы керек, – деді Б.Кеңесов.

2018 жылы атақты Nature ғылыми журналының сайтында «Қытай академиялық заң бұзу­шылықты жою үшін кең ауқымды реформалар жүргізеді» (China introduces sweeping reforms to crack down on academic misconduct) деген тақырыппен көлемді журналистік мақала жарияланды. Сонда Қытай елінде отандық және халықаралық са­­пасыз журналдардың «қара тізімі» жасалатыны, сол тізім­дегі басылымдарға шыққан ма­қа­лалар қандай да бір ғылыми атақ немесе грант алуға жарамайтыны, ал «жалған журналда» жүрген ғалымға бірінші ескерту, екінші рет қайталанса жұмыстан шеттету қарастырылатыны көр­се­тіл­ген. Иә, бұл – көрші мем­лекет әзірлеген плагиатқа, ака­де­миялық алаяқтыққа қарсы күреске бағытталған кешенді бағ­дар­ламаның бір парасы ға­на...

Осындай қадамға бару жа­уап­­ты министрлік үшін қиын шығар. Бірақ бұл мате­риа­­­лы­мызға арқау болған Scientometrics басылымының «Scopus-тағы жалған жарияла­ным: елдер ара­сындағы айырма­шы­лық­тар ту­ралы дәлелдер» атты зерт­теуі­нің кіріспесінде Қа­зақ­стан­ның «жалған ғы­лым» жасайтын ел ретінде көрінге­нінен ауыр емесі анық. Ең бір көңіл­ге қаяу түсіретіні, осы жағ­дай Scopus базасы мен Web of science дерекқорындағы «Үздік жарияланым», «Ең көп сіл­теме» номинацияла­рымен әлем зерт­теушілерінің арасында көш бас­тап жүрген санаулы ғалым­да­рымыздың еңбегін жоқ­қа шы­ғарып тұр.