Қоғамымызды іштен ірітіп, жегідей жеп жатқан жемқорлық індетімен күрес аяусыз екендігін айғақтайтын деректерді бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын дерлік нағыз майданнан келген жақсы лепестей сүйіншілете жариялау үстінде. Атқарылған істің нәтижесі де жаман емес: Transparency Inernational халықаралық ұйымы анықтаған сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес алғаш рет 38 балл жинап, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 19 саты жоғарылап, 94-орынға табан тірепті. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 5 пайызға кеміген. Бұған бұрынғы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлініп, Антикор қызметі жеке ведомство болып құрылғандығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың айтарлықтай қатайтылғаны оң ықпалын тигізгендігі анық.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігінің тізгіні қолына тиісімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, сыбайлас жемқорлықты жою әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі болатындығын, бұл үшін оларға жеке жауапкершілік жүктелетіндігін мәлімдей келіп: «Егер біз сыбайлас жемқорлықты түбірімен жойғымыз келсе, менің пікірімше, мемлекеттік органдардың басшылары өздерінің қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған жағдайда отставкаға кетуі керек», деген болатын.
Осыған орай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 43-бабына «...мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:
1) бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;
2) бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады» деген өзгеріс енгізілді.
Ал осы заң талабының іс жүзінде орындалуы қалай? Қазір әлеуметтік желіде бір әкімнің орынбасары өзінің қарамағындағы басқарма басшысының жемқорлығы үшін сотталғандығына байланыста қызметінен кетуге өтініш бергенімен, қатаң сөгіс арқалап, қызметінде қалдырылғанының дұрыс-бұрыстығы жайлы пікірсайыс қызып тұр. Әрине, әкімнің өз орынбасарының орын алған сыбайлас жемқорлық қылмысқа еш қатысы жоқтығын ескеріп, қолданыстағы заңнама аясында осындай шешім қабылдағандығы даусыз. Кей өңірлерде қарамағындағы басқарма басшысы пара алып ұсталып, сотталғандығы үшін өз өтінішімен қызметін доғарған әкім орынбасарлары да бар.
Дегенмен осы сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістің әділдігі мен негізділігі күмән тудырмай қоймайды. Себебі заңда көрсетілгендей, «бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы» оның тікелей басшысының өз қызметінен босату жөнінде өтініш беруіне негіз болады. Алайда кез келген өңірдің кез келген басқармасы басшысын сол өңір әкімінің орынбасары емес, әкімінің өзі тағайындайтыны мәлім. Әкімдердің бәрі бірдей өз орынбасарынан басқарма басшысы етіп кімді тағайындау керектігін сұрап жатпайтындығы да белгілі. Сонда қалай? Өзі таңдап, тағайындамаған басқарма басшысының былық-шылығы үшін әкімнің орынбасары неге жауап беруге тиіс? Қисынға салсақ, ол үшін әкімнің өзі жауап бергені жөн емес пе?
Бұл – тек әкімдіктерге емес, барлық мемлекеттік органға тән кереғар құбылыс. Өйткені командалық ауысулар үрдісі әлі де толық тыйылмай, жалғасып жатыр. Әкімдер де, министрлер де тағайындала салысымен саяси қызметші саналатын орынбасарларын ғана емес, өңірлік басқармалардың, министрліктердің комитеттері мен департаменттерінің басшыларын да бірінен соң бірін ауыстырып, «өз адамдарын» әкеліп жатқандығын көзі емес, кеудесі соқыр ғана көрмейді.
Демек, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген өмір шындығы түбегейлі өзгерді деп айтуға әлі ерте.