Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосы арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» Үндеуін жолдап, «атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» деп жариялаған соң, қилы заманда шартарапқа тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың атажұртына оралу үдерісі – ұлы көш басталып кеткені белгілі. Содан бері алыс-жақын шет елдерде тұрып жатқан 1 миллион 71 мыңнан астам этностық қазақ тарихи Отанына қоныс аударып, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Елбасының тапсыруымен Үкімет шет елдерден көшіп келетін ағайындарды қабылдау және қазақ диаспорасының жас өкілдерін еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту квоталарын енгізді, «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдап, бірқатар өңірде қандастарымызға арналған жаңа елді мекендер салғызды. Көші-қон заңнамасы да үнемі жетілдіріліп келеді. Бұл ретте қандастарымыз үшін ең басты мәселе – Қазақстан азаматтығын алу екендігін айтқан жөн.
Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына 1996 жылы Өзбекстанның Бұхара облысындағы Тамды ауданынан көшіп келіп, «Тамды» фермерлік шаруашылығын құрған Жаңабай Пірманов: «Елбасының шеттегі отандастарымызды атажұртқа оралуға шақырған Үндеуіне құлақ асып, атамекенге оралуға бекіндім де Асанқайғы бабамызша жер таңдау мақсатымен жолға шықтым. Атақонысымыз Қызылорда облысының Қармақшы ауданы болғанымен, Қазақстанның бірсыпыра жерін асықпай аралап шығып, ақыры Қызылжар өңіріндегі Ақан сері бабамыз әсем әнімен әлдилеген, табиғаты ғажап Айыртау баурайына табан тіреуді ұйғардым. Ол кез мемлекеттік көші-қон бағдарламасы әлі қабылданбаған әрі елдегі экономикалық қиындықтар еңсерілмеген қиын уақыт еді. Ең қиынға соққаны – азаматтық алу үшін төрт жылдай сергелдеңге түскенім. Онсыз бастаған ісімді өрге бастыру мүмкін емес еді. Сондықтан Қазақстан азаматтығын алғанымда қуанғаным сондай, көзімнен қуаныш жасы қалай ыршып түскенін байқамай қалыппын...» деп еске алады.
Қандастар өтінішіне орай қолданыстағы заңнамаға 2015 жылы өзгеріс енгізілген соң алыстан келген ағайындар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен бір жыл ішінде алатын болды. Былтыр бұл үдерісті одан әрі оңайлату мақсатында шет елдердегі этностық қазақтардың елімізде тұрақты тұруға рұқсат және азаматтық алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыруына мүмкіндік беретін заң нормасы қабылданды. Өйткені бұған дейін олар екі рет құжат жинап, әуреге түсуші еді.
Бұған қоса өткен жылы Қазақстан азаматтығын алуда елімізде белгіленген мерзімнен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этностық қазақтар да заң жүзінде қосылды. Нақты айтқанда бұрын атажұртқа оралған ағайындар 183 күннің ішінде әртүрлі себеппен Қазақстаннан шығып, қайта кірген жағдайда азаматтық алу үшін тапсырған құжаттарын басынан бастап қайта реттеу талап етілетін. Енді ондай бюрократиялық бөгесін болмайды. Сондай-ақ көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік жазаға тартылған қандастарымыздың азаматтық алуына қойылған шектеу де алынып тасталды.
«Қандас» куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алмай жүрген ағайындардың кейін өтініш беріп, аталған куәлігінің мерзімін алты айға дейін ұзартып алуына да рұқсат етілді.
Дегенмен «Елім!» деп елжіреп келген бауырларымыздың көкейкесті мәселелерінің кейбірі жоғары лауазымды шенеуніктердің жауапкершілікті өз мойнына алудан қашып тұратын немқұрайдылығы мен жаныашымастығынан созбаққа салынып, жоғары жақтың тікелей нұсқауымен ғана шешіліп келгендігі белгілі. Мәселен Қытайдан келген қандастарымыздың сол елдің құзырлы органдарынан соттылығының бар-жоғы туралы жазбаша анықтама ала алмауы себепті Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендігі жайлы жанайқайын Ішкі істер министрлігінің басшылары 2017 жылға дейін құлаққа ілмей келді. Тек сол жылы болған Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Елбасы тиісті тапсырма берген соң бұл мәселе оң шешімін тапты.
2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында болғанымда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев: «Моңғолияның мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет істеп, осында көшіп келген бір сыйлы азамат кейін зейнет демалысына шыққанында бұрын тұрған еліндегі еңбек өтілі есепке алынбай, оған жасы ұлғайғандығына байланысты азғантай жәрдемақы ғана тағайындалыпты. Ал басқа елдерден көшіп келгендер біз қатарлы тәп-тәуір зейнетақы алып жатыр. Сонда Моңғолиядан келген ағайындар не үшін жазықты болды? Бұл – әділетсіздік қой», дегені есімде. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздың осы жөніндегі өтініштеріне құлақ аспағандықтан, олар Елбасыға дейін шағымдануға мәжбүр болды. Сөйтіп бұл проблеманы шешуге де Тұңғыш Президентіміз араласып, Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Үкіметке тиісті тапсырма берген. Алайда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындады деу қиын. Өйткені, енді Моңғолиядан келген қандастарымыздың сол елде атқарған еңбек қызметі зейнетақы тағайындау кезінде есептелетін болғанымен, жоғары оқу орнында оқыған және әскери қызмет атқарған уақыты еңбек өтіліне қосылмайтын болып шықты. Соның салдарынан олар ТМД елдерінен келген қандастармен салыстырғанда зейнетақыны әлі де едәуір кем алады.
Бұл мәселенің мәнісі мынада: ТМД елдерінен көшіп келген қандастардың бұл мәселеде шетқақпайлық көрмеуінің себебі кезінде бұл елдермен мемлекетаралық келісімдер жасалған. Ал Моңғолиядан келген ағайындар 2014 жылға дейін ТМД-дан қоныс аударған ағайындармен тең жағдайда зейнетке шығып келді. Себебі ол кезде Қазақстан мен Моңғолия арасында тиісті келісім бар болатын. Оның күші Қазақстан Үкіметінің бастамасымен 2014 жылы тоқтатылған. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі шенеуніктер Моңғолиядан келген қандастарымыздың зейнетақы құқығын толық қалпына келтіру үшін сол елмен қайтадан келісім жасау керек деген уәж айтады. Ал ондай келісім қашан жасалатыны белгісіз.
Ішкі істер органдарының Қазақстан азаматтығын алу үшін қандастарымыздан тұрақты тіркеуді талап етуі де оларды әуре-сарсаңға түсіріп жүр. Өйткені шет елдерден көшіп келген этностық қазақтардың көпшілігі тұрғын үй сатып алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, өздерін жекеменшік тұрғын үйлері мен пәтерлеріне тұрақты тіркеуге рұқсат беретін адамдарды іздеп, сол үшін оларға едәуір ақы төлеп, шығындануға мәжбүр. Бұл аздай, кейін көші-қон полициясының қызметкерлері қандастарымыздың тіркелген баспаналарында тұрмайтындығын әшкерелеп, оларға ақшалай айыппұл салып жатады.
Осы проблеманы шешу үшін кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Олар – Ішкі істер министрінің «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығы мен «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мәселелері бойынша өтінішхаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрығы. Алайда алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ішкі істер министрлігіне қандастарымыздың азаматтық алуына елеулі кедергі болып отырған тұрақты тіркеуді талап етуді алып тастауды немесе осы проблеманы шешудің басқа ұтымды тетігін жасап, қолдануды ұсынып хат жазғандарымен, аталған мемлекеттік орган басшылары оған «сырғытпа» жауап беріп, «құтылған» көрінеді.
Қандастарымыздың осындай өзекті мәселелері де жоғары жақтан нұсқау болмаса, жуық арада оңынан шешіле қоймас, сірә.