Елдегі ірі қалалардың бірі – Мандалайдағы наразылықтардың арты қантөгіспен аяқталды. Екі мьянмалық оқиға орнында жан тапсырды. Еуропалық одақ сияқты халықаралық ұйымдардың алаңдаушылығы Мьянма қарулы күштеріне тосқауыл бола алған жоқ.
Мәселенің мәнісі – елдегі биліктің әскерге өтуінде. Президент Вин Минге Парламент сайлауына араласты, оның нәтижесін бұрмалауға жол берді деген айып тағылып, темір торға тоғытылды. Ал әскер алдағы 1 жылда елді басқаратынын хабарлаған-ды. Енді Мьянма халқы көшеге шықты. Олар әділ жүйе, адал басшы керек деген ұранды алға тартады.
Сенбі – шамамен екі апта бұрын басталған наразылық акциясындағы қаралы күн ретінде сақталды. Әскер алаңға шыққан азаматтарға күш көрсетіп, қару қолданды. Бірқатар шетелдік басылым улы газ қолданумен қатар, оқ атылғанын хабарлады. Ерікті құтқару тобының волонтері Хлэнг Мин О екі адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың біреуі – жасөспірім. Бұл ақпаратты ресми құрылымдар да растап отыр. Agence France-Presse-ке Құтқару қызметінің өкілі «18 жасқа толмаған азаматтың басына оқ тиіп қайтыс болды» деп мәлімдеме жасаған. Бұған қоса, Парахита Дархи ерікті құтқару қызметінің басшысы Ко Анг «Одан бөлек 20-дан аса адам түрлі жарақат алды. Бесеуіне резеңке оқ тиген. Оларды жедел жәрдем алып кетті», деп хабарлады.
Елдегі жағдайда азаматтық қоғам өкілдері белсенділік танытуда. Еріктілер қызметі мен топтар бөлініп, жараланғандарға алғашқы көмек көрсетуде. БАҚ пен халықаралық ұйымдарға ақпарат жеткізуші көпір де солар. Осы орайда Еуропалық одақ та мәселені назардан тыс қалдырмады. Олар елде «дұрыс шешім қабылдануы керек» деген ой айтты. Алайда нақты ұсыныс білдірілмеді.
«Әділдікті талап етіп шыққан азаматтарға қысым көрсетіп, қару кезеуді қолдамаймын. Мьянма билігі мен әскері азаматтарға қысым көрсетуді дереу тоқтатсын», деген тапсырма берді ЕО-ның Сыртқы саясат бөлімінің жетекшісі Джозеп Боррел. Еуроодақтағы лауазымды тұлғалар оны қолдайтынын білдіріп, әлеуметтік желілерде әріптесін жақтайтын пікірлер айтты. Оған қоса, Еуропалық одаққа мүше елдердің Сыртқы істер министрлері дүйсенбіде Мьянмадағы жағдайға қатысты отырыс өткізіп, шешім жолдарын талқылайтынын хабарлады.
Соған қарағанда, Еуропа мемлекеттері Мьянма билігіне санкция салуы мүмкін. Бұлай деуге АҚШ пен Ұлыбритания жариялаған санкциялар да сеп болып отыр. Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб қарапайым халыққа қысым көрсеткен билікке қатысты одан арғы қатынас әлі де талқыланатынын мәлімдеді.
Елдегі жағдайдан жапа шеккен – халық. Бұрынғы мемлекет басшысы жауапқа тартылса да, жаңа билік жарылқамады. Тізгінді қолына алғалы 1 ай өтіп үлгермей, бұл жолы да диктатураның лебі есті. Әскер қолынан қаза тапқан азаматтардың екіншісі – жас қыз. Кеше мемлекеттегі ірі қалалардың бірі Янгонда мыңға жуық адам бой көтерді. Жалпы, ел бойынша 10 мың адам наразылық акциясына жиналыпты.
Белсенділер өздерін адам өлімі де тоқтатпайтынын мәлімдеді. Оқиға бұдан да өрши түсуі мүмкін деген болжам бар. Өйткені белсенділердің бірі әр күннің немен аяқталары белгісіз деген ой айтады. Reuters агенттігіне сұхбат берген белсенді Хин Мау Мау О «Бүгін соңғы күнім шығар, не болса да соңына дейін күресуім керек деген ұстаныммен жүреміз. Елде интернетті бұғаттап, халыққа аяусыз қысым жасаған биліктің қажеті жоғын жеткізу – міндетіміз. Ол үшін өлу керек болса да дайынбыз. Біз демократияны қалаймыз!» дейді.