• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Ақпан, 2021

Түркияда Ұлы дала қайраткерлерінің еңбектері насихатталды

354 рет
көрсетілді

«Абай, Әл-Фараби және Жамбыл» – осындай атаумен Анкарада белгілі тұлғалардың рухани мұрасы мен туындыларын насихаттауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Egemen.kz 

Іс-шарада Абайдың 175 және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар қорытындыланып, Түркияда мерейтойға атсалысқан саясаткерлер, қоғамдық қайраткерлер мен көрнекті өкілдері марапатталып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табысталды.

Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан елшілігі мен Еуразия жазушылар одағының ұйытқы болуымен Мырзатай Жолдасбековтің «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті. Түрік оқырманына жол тартқан туынды, дүлдүл ақынның 175 жылдығына тарту. Алғыс хатқа ие болғандар бауырлас елдер арасындағы ынтымақтың нығаюына қызмет ететінін айтты.

«Қазақ жұртына және Қазақстан президентіне ұсынған марапаты үшін алғыс айтамын. Түркия парламентінде Қазақ елінің досы әрі бір бауыры отыр деп есептеңіз. Бұл шын ниеттен айтқан сөзім. Біз қазір екі ел шығармыз, бірақ – түбі бір ұлтпыз. Түркияда Абайды таныстыру жұмыстары жүріп, түрік халқы қазақ ақынын жақын таныды. Дегенмен, Абайтану өз жалғасын табуы тиіс. Биыл – Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойы. Демек біздер атқаратын шаруа ауқымды. Өз басым бауырлардың ынтымағы арта түсуі үшін қызмет етуден жалықпаймын», деді Парламент депутаты Метин Гүндоғдұ.

«20 жылдан бері Қазақстанға қатысты барлық дүниелерді үзбей оқып жүрмін. Тұран жері – біздің атажұртымыз. Қазақ тарихы – біздің де тарихымыздың бір бөлшегі. Әрине мұны салмақты шараларда түсіндіру қажет. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, түсіндіру жұмыстарына атсалыстым. Абай және Әл-Фараби мұрасың тек қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ байлығы және сол мұраны насихаттау жолында еңбек етеміз», деді саясаттанушы, ғалым Күршат Зорлу.