• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Наурыз, 2021

Алаш күресінің ұраны болған қайраткер

915 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз», деп атап көрсетілген еді. Соның ішінде Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханды бүгінгі қазаққа таныстыра беру, ұлт үшін жасаған өнегелі істерін жас ұрпаққа үлгі ету, патриоттық тәрбиенің туы ету – бүгінгі идеологиялық жұмыстардың өзегі болуы керек.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті де осы үдерісті жалғастырып «Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан» атты ха­лық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, архив қызметкерлері, жазушылар мен журналистер қатысты. Дәстүрлі құттықтаулар айтылғаннан кейін конференцияның модераторы, тарих ғы­лым­дарының докторы Ақмарал Ыбыраева алғашқы сөзді профессор Зарқын Тайшыбайға берді. «Ә.Бөкейханның орындалған арманы» атты баяндама жасаған ол сөзінің басында-ақ ойының тұжырымын айтып, «оның орындалған арманы сол – Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаны» деді. Одан әрі ғалым 1905 жылғы «Қарқаралы петициясы» туралы әңгімеледі. Оның авторлары Әлихан бастаған қазақтың бес арысы екендігін айта келіп, бұл құжатты өзі бірінші болып, алғаш рет 1972 жылы жариялағанын жеткізді. Сонымен бірге бұл құжат патшаға қазақ халқының жер­гі­лікті шенеуніктердің теңгермеушілік жасап отыр­ға­ны­на байланыс­ты шағымы екендігі айтылды.

Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов Әлекеңнің қазақ халқының тарихын жазуға қомақты үлес қосқаны туралы айтты. «Орыс-Сібір географиялық қоғамының» белсенді мүшесі болып жүрген жылдарында осы қоғамның баспасөз өнімдері арқылы ол қазақ тарихына қатысты көптеген мағлұматтар жариялап отырған екен. «Тарихын ұмытқан елдің басына болашақта қандай күн туатыны белгісіз» деген сияқты идеяларды газет бетінде жариялап отырған. Сонымен бірге Әлихан Бөкейхан Қазақ даласының шекарасы Омбы облысынан әрі Тары қаласының маңында болғанын, 1752 жылғы патша шенеуніктері жүргізген «Новоишимская линия» атты шекаралық белдеу Қазақ дала­сының аумағына 250-300 верст кіріп кеткенін орыс географиялық баспасөзінде жариялаған екен.

Солтүстік Қазақстан университетінде бір­неше жыл қызмет атқарған Түркияның Кос­та­­ману университетінің профессоры Орхан Сөйлемес Әлиханның өз елінде әлі күнге тиіс­ті дәрежеде танымал емес екеніне өкінішін біл­дірді. Ол туралы алғаш рет түрік халқына айтқан Хасен Өралтай ағамыз екен. Әлекең туралы Түркияда жариялаған еңбегінде ол Бөкейханды «Алаш күресінің ұраны» деп сипаттаған екен.

Әлиханды түбегейлі зерттеп, бірнеше еңбек жазған ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлының баян­дамасында қалың оқырманға беймәлім көптеген тың дерек айтылды. Соның ішінде Сұлтекең Әлиханның тегіне «ов» жұр­­­на­ғы­ның қосылғанына қарсы екенін қадап тұрып айтты. Өйткені Әлекеңнің өзі де оны қоспай жазады екен. Сонымен қатар ол 1916 жылғы атақты «Маусым жарлығына» байланысты майданның қара жұмыстарына алынған 19 бен 31 жас аралығындағы майданның алдыңғы шебіндегі қазақ жастарына өз еркімен сұранып барып, Әлиханның көмек ұйымдастырғанына тоқталды. Ал 1917 жылдың «Ақпан революциясы» болып, патша тақтан құлағанда Қазақ даласын алғашқы болып құлағдар етіп, Минскіден қазақтың белгілі азаматтарына сүйінші жеделхатын соққан Әлихан екендігі айтыл­ды. С.Аққұлұлының баяндамасындағы тағы бір жаңалық, оның Орынбордың қазақ хал­қының алғашқы астанасы емес деген пікірі болды. «Орынбор – қызыл өкіметтің белгілеген астанасы, ал қазақтың бергі тари­хындағы алғашқы астанасы Алашорда өкіметі белгілеген «Алаш қаласы», яғни «Жаңа Семей», деді ол. Тыңдармандарға оның Әлихан Бөкейханның ұлттық Алаш автономиясының төрағасы болып баламалы негізде, төрт кандидаттың ішінен ең көп дауыс жинап, демократиялық жолмен сайланғаны да қызғылықты дерек болды. Сонымен бірге ғалым Әлекеңнің журналистік еңбектеріне де кеңінен тоқталып, оны қазақтың ең алғашқы кәсіби журналисі деп атаудың артық еместігін айтты. Ә.Бөкейхан қазақ газеттеріне дейін орыс географиялық қоғамының басылымдарында, «Степной край» және т.б. газеттерге өте жиі мақалалар жариялап тұрған.

Еуразия гуманитарлық институтының про­фессоры Қадыр Ахметов Әлихан Бөкей­хан­ның ағартушылық ең­бек­тері туралы көп толғады. «Оның ағар­ту­шылық істерінің негізінде ұлттық идея жатты», деді ғалым. Әлекеңнің барлық қазақ оқулықтарының шығуына, әріптестері Мағжан, Жүсіпбек, Ахаң, Жақаңдардың осы іспен терең шұ­ғыл­да­нуына мұрындық бол­ғанд­ығы айтылды. Қазақ оқу орын­да­рының, соның ішіндегі Орынбордағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының ашылуына да Әлекең белсене атсалысқандығы жет­кізілді. Әлекең «қазақ жем болудан дек­рет­пен емес, мәдениетін көтеру арқылы ғана құтылады», деген екен.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемле­кеттік универ­ситетінен қатысқан ғалым Ермек Балташұлы Әлекеңнің туып-өскен ортасы, ата-ба­басы мен туыстары туралы көптеген мағ­лұ­маттарды ортаға салды. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих­шы Сәуле Мәлікова Әлиханның және басқа да Алаш белсенділерінің еліміздің терістігінде жасаған іс-әрекеттері туралы архив деректерін алға тартты.

Жалпы, ғылыми-практикалық конференция өте жоғары деңгейде өтіп, тыңдармандарға көп­те­ген деректерді таныстырды. Оның материалдары алдағы уақытта жеке жинақ болып шығарылмақшы.

 

ПЕТРОПАВЛ