Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» картинасы Ресейдің ең беделді киножүлдесі – «Ника» сыйлығының «ТМД, Грузия және Балтық елдерінің үздік фильмі» номинациясына ұсынылып отыр. Картинаны Short Brothers (Қазақстан), «Қазақфильм» және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Zerde FILMS (Қазақстан) компаниясымен түсірген.
Фильмнің бас продюсерлері Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев. Бұл Ержановтың осы жүлдеге төртінші рет қатысуы. Бұған дейін әр жылдары «Үкілі Кәмшат», «Қаратас ауылындағы оба» және «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмдері ұсынылған болатын.
«Сары мысық» – Ержановтың тоғызыншы толықметрлі көркем фильмі. Картинаның әлемдік премьерасы былтыр 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасында өтті. Кейінірек туынды бірқатар фестивальге қатысып, бірнеше марапатқа ие болды. Соның ішінде Қытайдағы Silk Road IFF фестивалінің «Арнайы сыйлығы», Батуми кинофестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығы, сондай-ақ «Мәскеу премьерасы» фестивалінде киносыншылардың арнайы жүлдесіне ие болған.
«Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Біздің команданың бірлескен күш-жігерінің, еңбегінің бағаланғанына өте қуаныштымын. «Сары мысық» командасын фильмнің кезекті жетістігімен құттықтаймын!», деді режиссер Әділхан Ержанов.
Фильмде қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасы баяндалады. Қылмысқа белшесінен батқан жас жігіт Кермек пен түзу жолдан бет бұрған қыз Еваның махаббаты суреттеліп, оқиға екеуінің арасындағы қиындықтар мен әлемге қарсылықтары тұрғысынан өрбиді. Кермектің рөлін ресейлік актер Азамат Нигманов ойнаған, оны көрермен Алексей Мизгиревтің «Конвой» және Андрей Шальопаның «28 панфиловшы» фильмдерінен біледі. Еваның рөлін жас қазақстандық актриса Камила Нұғманова ойнап шықты, ол бұрын Нариман Төребаевтың «Грязь болшого города» және Әлішер Сүлейменовтің «Облако на крыше» фильмдерінде ойнаған. Екі актер үшін де «Сары мысық» Әділхан Ержановпен ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі. Криминалдық авторитет Жамбастың рөлін Ержановпен бірге жұмыс істеген, оның «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдерінде ойнаған актер Санжар Мәди сомдап шықты. Сондай-ақ фильмге Ержановпен бірге бірнеше рет жұмыс істеген актерлер – Еркен Губашев пен Ержан Жаманқұлов қатысты.
Сценарий авторлары – Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлер, дәстүрлі түрде режиссердің бұрыннан келе жатқан серіктестері — Серік Әбішев пен Ольга Хлашева. Ко-продюсер Гийом де Сиель. Фильмнің операторы – Ержановпен «Үкілі Кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерінде жұмыс істеген Еркінбек Птыралиев. Қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов. Ал фильм музыкасын композиторлар Алим Заиров пен Иван Синцов жазған.