Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар сот жүйесін жетілдіру және қоғамның соттарға деген сенімін арттыру, Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгеріс енгізу, сонымен қатар Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы заң жобаларын қабылдады.
Отырыста депутаттар «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Құжат бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хаттаманы ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайтынын және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейтінін айта келе Біріккен алқа құрудың негізгі мақсаттарына тоқталды.
Министрдің мәлімдеуінше, хаттама кеден қызметтерінің өзара іс-қимылдарын үйлестіру, өз құзыреті шегінде кеден заңнамасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мен кеден ісі мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық базаны қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін береді.
Шарт терминологиясы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт пен Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шарт ережелеріне сәйкес келтірілген. Сонымен қатар одаққа мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары анықталған. Қазақстанда ол Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті болып белгіленді. Кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу жөніндегі келісілген қағидалардың қолданылуын қамтамасыз ету бөлігінде Біріккен алқаның құқықтары оңтайландырылады.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-әрекет- терінің нақты және тиімді үйлесімділігіне ықпал етеді.
Одан әрі отырыста сот жүйесін жетілдіру және қоғамның соттарға деген сенімін арттыру мәселелері қаралды. Парламент депутаттарының бастамасымен сот жүйесін жаңғырту мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Құжаттарға қатысты баяндама жасаған сенатор Владимир Волков Жоғарғы Сот судьясы үміткеріне қойылатын талаптар, конкурстан тыс сайлану ретіне тоқталды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында белгілеп берген міндеттерге тоқталды. Аталған жиында Президент сот жүйесі жабық жүйе болмау керектігін және оны жаңғырту қажет екенін айтқан болатын. Сондықтан қаралған заң жобалары Сот жүйесін жетілдіруге арналып отыр. Бұл заңдар арқылы Президенттің ұсынысымен білікті мамандарды Жоғарғы соттың құрамына тарту мүмкіндігі кеңейтіледі.
«Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет институты өз жұмысын бастайды. Соның аясында азаматтардың құқықтарын қосымша қорғайтын жаңа кепілдіктер мен тетіктер қолға алынады. Осы институттың әлеуетін толықтай қолдану үшін Жоғарғы Сотта жаңа әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады. Жалпы, осы заңдар сот жүйесінің ашық- тығын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата отырысында күн тәртібіндегі келесі мәселе ретінде «Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Құжат суға батып кеткен кемелерді және теңіз апаттарының салдарын тиімді жоюға қатысты бірыңғай ережелер мен рәсімдерді белгілейді.
Құжатты таныстырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгінде Найроби конвенциясына 51 мемлекет қосылғанын атап өтті. Министр заң жобасының негізгі мақсаты – суға батқан кемелерді тез әрі тиімді алып тастау, апат салдарын жоюдың бірыңғай қағидалары мен рәсімдерін енгізу екеніне тоқталды. Бұл конвенцияны ратификациялау қажеттілігі Каспий теңізінде кеме қатынасының артуына байланысты туындаған.
«Бұл ретте, Қазақстан – негізгі жүк құраушы мемлекет. Каспий теңізінде жалпы жүктің 31 пайызы Ақтау және Құрық порттарында тиеледі. Сонымен қатар 2020 жылы Иранның Каспий жағалауындағы порттарымен жаңа автомобиль-паром қатынасы ашылды және тұрақты контейнерлік желі іске қосылды. Бүгінгі күні біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді түрде дамытып келеміз.
Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай Қазақстанның порттары арқылы жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін (2020 жылы – 5,4 млн тонна) жеткізу жоспарлануда. Осы жағдайда порттарға кіретін кемелер саны екі есе ұлғаяды (2020 жылы – кемелердің 1283 кіруі). Тиісінше теңіз апаттары артуы да мүмкін», деді Б.Атамқұлов.
Ал конвенцияны ратификациялау теңіз апаттары болған кезде Қазақстанның мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасайды. Атап айтар болсақ, елімізге келетін кеме иелерінің өз жауапкершілігін сақтандыру немесе суға батқан кемені алып тастау міндетін белгілейді. Бұл Қазақстанға кемені судан көтеру шығындарын өтеуді тікелей сақтандыру компаниясынан талап етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар туын көтеріп жүзетін мемлекеттің теңіз әкімшілігінен кемені шығару және апат салдарын жою міндеттерін орындауды сақтандыру туралы куәлік түрінде кепілдік алады және теңіз апаты болған жағдайда Қазақстанның теңіз әкімшілігінің, кеме иесінің және шетелдік кеменің теңіз әкімшілігінің іс-қимыл тәртібін анықтайды.
Депутаттар дауысқа салып, аталған заң жобасын қабылдады.
Кезекті отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Нұржан Нұрсипатов Қарулы Күштердің арсеналдары, базалары және қоймалары жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеуге қатысты мәселелерді көтерді. Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының тұрғындарын сумен қамтамасыз етудегі проблемаларға назар аударды. Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көбейту қажет екенін айтса, Әли Бектаев Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметін қаржыландыру мәселесі туралы сөз қозғады.