• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2021

Біз жанбасақ лапылдап...

687 рет
көрсетілді

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпаратына қарағанда, 2020 жылы елімізден 29 110 азамат шетелге қоныс аударған көрінеді. Олардың 24 155-і қала тұрғыны, ал 4 955-і ауыл азаматы екен. Осындайда шетелде білімін жетілдіріп, сол жақта қалып қою мүмкіндігі бола тұра елге оралып, Отанына пайдасын тигізіп жүрген жастарға разы боласың.

 

Қазақстандықтардың әлемдік ком­па­ния­­ларда қызмет етіп, үлкен жобаларға үлес қосып жүргені туралы жиі естиміз. Со­лардың бірі – Азиз Мүсілімов. Ол бағ­дар­ламамен қамтамасыз ету саласында көш бастап тұрған Microsoft компания­сында еңбек еткен. Бүгінде елімізде жастарға арналған бірнеше жобаны қол­ға алып, замандастарын саналы өмір сү­ру­ге баулып жүр.

– Бірнеше жыл Microsoft компания­сын­да қызмет еттім. Негізі, бір стар­тап жобаның мүшесі едім. Ол жобаны Microsoft сатып алып, біз үлкен ұйым­­ның құрамына ендік. Әлбетте, онда үлкен тәжірибе жинап, білімімді же­тіл­дірдім. Алайда шетелде білім алуыма мүм­кіндік берген «Болашақ» бағдар­ла­масының міндеттемесін өтеу үшін елге оралдым. Шыны керек, әуелде елге қайтқаныма аса қуана қойғаным жоқ. Жалпы, елде қызмет етемін деген жоспарым да болмаған. Бірақ қазір елі­ме деген сүйіспеншілігім арта түсті, өз еліме пайдамды тигізсем деген ниет пайда болды. Қазір негізгі жұмысымнан бөлек жастарға пайдалы болатын, ой салатын жобамен айналысамын. «Жолың болсын!» деп аталатын жобамыздың аясында апта сайын әртүрлі сала мамандарын шақырып, жастардың дұрыс жол таң­д­ауына себепкер болғымыз келеді. Өз еліңе пайдалы болған, Отанға қызмет ет­кен мүлде бөлек, ерекше сезім екен, – дейді Азиз Мүсілімов.

Ал Жамбыл облысының тумасы Еркебұлан Рахметов шетелдегі оқуын біті­ріп елге қайтқанда бірқатар мәсе­ле­мен бетпе-бет келгенін, алайда бұл Отан­ға қызмет ету ынтасына кері әсер етпе­генін айтады.

– М.Дулати атындағы Тараз мем­ле­­­кеттік университетінің түлегі­мін. Ба­калавр дипломын алған соң Ұлы­бри­­тания­ның Southampton универ­си­те­тіне магистратураға оқуға түстім. Оны бітір­ген соң Тараз мемлекеттік универ­си­те­тіне келіп қызмет етуге мін­дет­ті едім. Содан осы университеттің эко­номика факультетінде дәріс оқи бас­та­дым, – дейді Еркебұлан.

Тұманды Альбионда менеджмент бо­йынша білімін жетілдірген маман елге орал­ғанда мардымсыз еңбекақыға жұ­мыс істейді.

– Алғашқыда жалақым 60-70 мың теңге көлемінде еді. Жалпы, қазақ­стан­дық ЖОО оқытушыларының жалақы­сы аз. Онымен бір отбасын асырай алмай­сың. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» де­мекші, оқытушыларға, оның ішінде жас­­тарға қажетті әлеуметтік қолдау көр­сетілуі керек деп есептеймін. Содан оқу орталығына қосымша жұмысқа тұрдым. Шетелде білімімді шыңдап келгеніммен, өзім қызмет ететін университет ескі жүйе­ге өзгеріс енгізуге мүмкіндік берген жоқ. Мәселен, студенттер әлі де оқы­тушы айтқан әр сөзді жазып алуы тиіс. Көшірілген лекция үнемі пайдалы бола бермейді. Мен осы сынды ескі ере­желерді өзгертуге күш салдым. Жалпы, университетте де, қосымша жұмыс орным – оқу орталығында да бала­ларға пайдалы болуға тырыстым. Сапалы білім беруге бар күшімді салдым, – дейді маман.

Қазір «Теңізшевройл» компаниясында маман­дығы бойынша қызмет ететін ол елдің дамуына өз үлесін қосқанды жөн көреді.

– Оқуымды аяқтағанда бірнеше ше­тел­дік компания жұмысқа шақырды, әлі де осындай ұсыныстар бар. Жалпы, шетелге көшсек өміріміз жақсаратындай, қалтамыз қалыңдай түсетіндей көрінеді. Дегенмен, тынымсыз еңбек еткен адам қай жерде болсын қалаған мақсатына жете алады. Оның үстіне жат жерде ешкімнің құшақ жайып күтіп отырмасы анық. Туған елің үшін қызмет еткеннің жөні бөлек. Мұнда сенің туыс-туғаның, достарың бар. Олардың ортасында болу, бірге уақыт өткізу деген үлкен нығмет қой. Түптеп келгенде ақын Несіпбек Айтұлының «Үш жаққа бұра тартса үш туыс­­қан, Ұшпаққа кім шығарар ертең елді?» деген елді бірлікке шақырған жыр жол­­дарын естен шығармауымыз керек, – деп түйіндеді сөзін Еркебұлан.

Келесі кейіпкеріміз – Асылбек Раза­қов Түркия­ның беделді жоғары оқу орын­­дарының бірін тәмамдаған.

– Ыстанбұл Бизнес университетіне халықаралық сауда және экономика мамандығы бойынша оқуға түстім. 2017 жылы оқуымды тәмамдаған соң елге қайту жөнінде ешқандай міндеттемем бол­маса да шетелде қалып жұмыс істеу­ге мүм­кіндігім болса да туған жері­ме орал­­ғанды жөн көрдім. Қазақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді емес пе?! Сондықтан білгенімді ел пайда­сына асыруды ойлап, шетелде алған тео­рия­лық білімімді өз елімде іс жүзінде сынап көруге бел байладым. Содан, елге келіп кәсіп етуге білек сыбана кірістім. Қазір Қазақстан мен Түркия арасындағы бірқатар жобаны жүзеге асыруға атсалысып келемін, – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде Түркия халықаралық қоры­ның Қазақстандағы өкілі саналатын Асылбек қоғамдық жұмыстарға белсенді қа­ты­сады. Оған қоса жас кәсіпкер екі орта­­­лықтың негізін қалап үлгерген.

– Негізгі жұмысыма кедергі келтір­мес­­тен игі істердің басы-қасында болуға тырысамын. Осылайша, ByTurkey консалтинг компаниясын аштым. Түркиямен байланысы бар кәсіпкерлерге білгенімді айтып, сауда және экономика бойынша кеңес беремін. Ол жақтағы ережелерді, Түркияның ішкі құрылысын біршама білгендіктен, басқа да әріптестеріме пайдалы болсам деген ниеттен туған жоба еді бұл. Одан кейін Horizon International Educational Centre оқыту орталығына иелік етемін. Онда балаларға сапалы білім беруге бар күшімізді жұмсаймыз. Қазір алпысқа жуық студентіміз бар. Был­тыр жиырмадан астам талапкерді Түркия университеттеріне оқуға аттан­дыр­дық. Жоғарыда аталған консалтинг компаниямыз арқылы елге инвестиция тарту жолдарын да қарастырудамыз. Менің шетелде оқып, үлкен компа­ния­­ларда қызмет етіп жүрген талай танысым бүгінде елге оралып, өз Отанына ең­бегін сіңіріп жүр. Әркімнің өз тағдыры бар. Адамның арманы қа­рын­ның қамы бол­мауы тиіс. Әрбір азамат ел алдындағы перзенттік парызын ұмытпауы керек. Ел аман, жұрт тыныш болса, барлық арман орындалады, – дейді Асылбек Разақов.

Шетелде алған білімін еліміздің пай­дасына асырып, жемісті еңбек етіп келе жат­қан тағы бір кейіпкеріміз – Мөлдір Діна­сылова. Ол – Калифорния шта­тын­дағы Миддлбери халықаралық зерт­теу­лер институтының түлегі. Бүгін­де Абылай хан атындағы Қазақ халық­ара­лық қатынастар және әлем тілдері уни­вер­ситетінде Ілеспелі аударма кафед­ра­сы­ның меңгерушісі болып қызмет етеді.

– Шыны керек, әуелде шетелден елге оралғанымда үлкен іс тындырамын деген сенімім болмады. Елге келген соң «Қара­шығанақ», «Самұрық-Қазына» сияқты үлкен компанияларға жұмысқа орналасуға ниеттендім. Алайда кезінде өзім білім алған университетте жұмыс істеуге міндетті едім. Содан студенттермен жұмыс істедім. Олардың кері байланысы, білімге деген ынтасы менің оқу орнында қалып, тұрақты жұмыс істеуіме мұрындық болды. Яғни жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін, студенттерге керек екенімді түсіндім, – дейді Мөлдір.

Мөлдірдің өз жұмысына деген ынта-ықыласы, ұжымдағы абырой-беде­лі де оқу орны басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.

– Университетте қызмет етіп жүрге­ні­ме биыл 3 жыл болды. Осы оқу жылының басында мені кафедра меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл күтпеген жаңалық болды. Оқытушылардың орта жасы 40-қа таяу. Ал мен олардың арасындағы ең кішісімін. Дегенмен жасыма қарамастан, бас­шылық қызметті маған сеніп тапсырды. Әрине басында ыңғайсыздандым. Үлкендердің, басшылықтың сенімі мені жігерлі, жауапты болуға итермеледі. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілік. Көп дүние үйрендім. Маған сенгеніне, қысқа уақытқа қарамастан, осындай үміт артқанына ризамын, – дейді кейіпкеріміз.

Мұхиттың арғы бетіндегі іргелі университеттен алған білімін Мөлдір бүгінде отандық білім мен ғылымды дамытуға жұмсап, елдің интеллектуалды жастарын баулуға өз үлесін қосуға белсене кіріс­кен жайы бар.

– Қазір студенттерге пайдалы болатын курстар мен пәндер енгізуге, оқу бағ­дарламасын өзгертуге ұсыныс пен ойымды білдіре аламын. Жұмысқа алғаш кел­­генімде студенттердің өздерінің таң­даған мамандығы арқасында жақсы же­тіс­­тікке жететініне сенбейтінін байқа­дым. Бұл менің көңілімді түсірген еді. Қазір факультет деканы және тағы бір әріптесіммен бірігіп стартап жобаны қолға алдық. Оны АҚШ елшілігі бастаған-ды. Біз де өз идеямызды ұсын­дық. Бұл жоба студенттерге мақсаттарын айқындауға, оқуға деген ынтасын ашуға кө­мек­­те­седі деген сеніміміз бар.

Қанша жерден білікті маман болсаң да студенттерді оқуға ынталандыра алма­саң, біліктіліктен пайда жоқ. Ең жақ­сы ұстаз – оқушыларды шабыттан­ды­­ра алатыны. Мен студенттің жалын­дап тұр­ғанын, өмірден өз орнын тапқа­нын қалаймын. Адамның көзінде от бол­­ғаны абзал, – деген ойын білдірді М.Дінасылова.

Әрине Батыс пен отандық оқу жүйе­сін­дегі айырмашылық бар екені бел­гілі. Еліміз алдыңғы қатарлы мемле­кет­­тердің қатарынан орын алсын десек, оқу жүйе­сіндегі олқылықты тезірек еңсеріп, озық әдістерді меңгеруге күш жұмсау керек-ақ.

– Білім беру саласы – ауқымды, үлкен жүйе. Осы жүйеден өз орнымды тапсам, жетістік деген сол емес пе?! Жоспарларым бар. Мен қызмет ететін жерде жүйе ескі, соны өзгерткім келеді. Ойымды ашық айтуға тырысамын. Бір қызығы, осы мінезім үшін әріптестерім сыйлайды. Ненің ұнамайтынын бі­рін­ші күннен бас­тап айтып келемін. Сон­дық­тан да кафедра меңгерушісі етіп та­ғайындаған шы­ғар. Келешекте тағы да шетелде білі­мімді жетілдірсем деп ойлаймын. Әлбетте, одан кейін де елге қайтып келе­мін. Бірақ айналаң өзгеруі үшін жеке даму маңызды. Еліңе керек еке­ніңді сезіну, тәжірибең мен білі­мің­нің пайдаға асқанын көру ерекше сезім, – деп түйіндеді сөзін Мөлдір.

Иә, шетелде білім алып, тәжірибе жинап, онысын халқымыздың пайдасына жаратуды азаматтық парыз санайтын, осынау ізгі ниетінің жетегінде елімізге пай­дамыз тисін деп жүрген жастар аз емес. Кезінде Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев та «Мен жастарға сенемін!» деп осындай жастарға қарата айтқан болса керек. Біз жоғарыда сөз еткен жастар солар­дың санатынан. Елінің көркеюі, жан-жақты дамыған мемлекеттер ортасынан Қазақстанның ойып тұрып орын алуы жолында күш-жігерін, білімі мен бі­лігін, кәсіби шеберлігін жұмсайтын жас­­тары барда Алаш елінің ертеңі жар­қын болатыны сөзсіз.

«Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ» деп түрік шайыры Назым Хикмет жырлағандай, Алаш жастары елі үшін жалындап жанбаса, мемлекеттің келешегі қалай жарқын болмақ?