• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Наурыз, 2021

Домалақ ана (тәуелсіз Қазақстан тарихында жазылған екінші опера)

1065 рет
көрсетілді

Ұшы-қиырына көз жетпейтін ұлан-ғайыр дала. Алыстан керуен көрінеді. Ұзақ жорықтан келе жатқан жауынгерлер. Көш басында Бәйдібек батыр, би, қолбасшы... Алдымен осыншама ауқымды оқиғаны шағын дерлік сахнаға сыйғызған театр мамандарының кәсіби шеберлігіне сүйсінгенбіз.

 

Жуырда Шымкент қалалық опера және балет театры ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өнерсүйер қауымға «Домалақ ана» операсының премьерасын тарту етті. Үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақ­тарына он күн бойы ұсынылған «Домалақ ана» – Тәуелсіз Қазақ­стан жылдарында жазылған екін­ші опера. Жаңа қойылым елімізде алғаш рет сахналанып отыр. Иә, тарихи деректерге, аңыз-әп­са­наға қанық жұрт 2007 жылы Түр­кістан қалалық сазды драма театры Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» атты драмасын сах­налағанынан хабардар. Сон­дай-ақ 1999-2005 жылдар ара­лығында композитор Д.Ботбаев өз шығармашылық жолының шыңында 2 акт, 8 көріністен тұ­ратын «Домалақ ана» операсын жазды, ол алғашқыда «Домалақ-Ене туралы аңыз» деп аталды. Ал шымкенттіктерге ұсынылған туындыны мамандар егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес санауда. Әлемдік опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы театр тіз­гінін алған алғашқы күндері-ақ журналистерге аталған туынды Шымкенттің мәдени бренді болатынын мәлімдеген еді.

– Аз ғана уақыттың ішінде дүниеге келген «Домалақ ана» опера­сында қазақ халқына тән қа­сиетті ана бейнесі те­рең жет­кізілген. Бойжеткен Нұрила­ның ана атанып, өсиет пен рухани құн­дылықтарға және аналық мейірге толы ғұ­мыры, ана махаб­батының қуа­ты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі. Туын­ды тек аналық қайсар жү­рек пен қалың елге тараған кең­пейілділікті айшықтап қана қой­­май, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғау­шысы болған Бәйдібек батырдың халқына деген сүйіс­пен­шілігімен бір арнаға тоғыс­тырып, қазақ елінің тарихи те­рең­­дігін, мәдени көркемдігін қам­­тиды, – деді М.Мұхамедқызы брифингте.

Ал операның алғашқы кө­рер­мендерінің бірі болған Шым­кент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өз пікірі мен жүрекжарды лебізін әлеуметтік желіде білдірді. «Әсілі, тәуелсіз Қазақстан тарихында осы уақытқа дейін жалғыз опера жазылған. Әбіш Кекілбаевтың либреттосына жазылған Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай ханы». 2004 жылы Абай атындағы опера және балет теа­трында премьерасы болған. Оның өзін Еркеғали ағамыз сонау Кеңес заманында бастаған, 7-8 жыл жазған. Шыны керек, Майра Мұхамедқызы аз уақытта сахнаға жаңа опера алып шығады деп күтпедім. Әкіміміз Мұрат Әйтеновке шығарамын деп уәде берді, шығарды. Оның үстіне, өзі басты рөлде. Өзі директор. Мың шаруа. Өткенде жаңбыр жауып шатырынан су кетіп, жөндетіп жатты. Театрдың ауасын тазалап тұратын жүйе ит жылы істен шығыпты. Бір хабарласқанымда демеуші тауып оны істетіп жүрді. Бұрынғы бір зауыттың шұрқ тесік мәдениет үйін паналап отырған театрды қанша жерден жамаса да жыртығы таусылмас. Бір көр­генімде талапқа шыдас бермеген 40 қызметкер Майраны ор­таға алып, салғыласып тұр екен. Сыншыл Шымкент те сүрініп кетсе, қағыта қояды. Оған да үй­­ренген боларсыз. Бюджетке қарап тиын санаған театрдағы тар­шылық, жаңа орта, үйренісіп кете қоймаған тұрмыс-тіршілік қа­жытып жібергенін сезем. Қа­жымаңыз. Бәрі өтеді. Ар­тыңызда істелген жұмысыңыз мен­мұн­далап мұра болып қа­ла­ды. Та­рихт­а асылы өзіңіз сияқты іс қуған адам қалса керек!», депті әлеу­­меттік желідегі парақ­ша­сында Шыңғыс Мұқан опера және балет театрының директоры Май­ра Мұхамедқызына үлкен үміт артып.

Айтқандай-ақ театр жұмы­сы­на тың леп қосқан жаңашыл басшының бастамасын қолдап, үлкен өзгерістер күтушілер көп. Жаңа операны үшінші мега­по­листің өнерсүйер қауымы сол өз­герістердің алғашқы қадамына балауда.

«Домалақ ана» операсының композиторы – Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет саласы­ның үздігі, Халықаралық байқау­лардың лауреаты Тасқын Жар­мұқамет. Либреттосын жазған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров. Идея авторы – Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Майра Мұхамедқызы. Қоюшы-режиссер – ресейлік «Үл­кен театр» режиссерлік тобының мең­герушісі, Ресей және әлем опера театр­ларының опера қоюшысы Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Италиядағы Карло Феличе театрының көркемдік же­текшісі Джузеппе Аквавива, қоюшы-суретші – Бақыт Күзем­баев, костюм бойынша су­рет­ші – Сабира Даулеталиева, қою­шы-балетмейстер Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Шалқыма» би ансамблінің жетекшісі Абдурасул Есекеев, қоюшы-хормейстер – Бағлан Алтаев. Ал басты Домалақ ана (Нұрила) партиясын сопрано – Майра Мұхамедқызы, Мәдениет қайраткері Үралхан Сейлбекова, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты Айгүл Азатова, Бәйдібек биді тенор, Халықаралық бай­қау­лардың лауреаты Мадихан Дуйсеев, Жұмабек Қаңтарбаев орындады. Екі актілі, 160 әртіс рөл сомдаған жаңа қойылымды сахналауға танымал өнер майталмандары қатысты.

Театр сыншысы емеспіз, дегенмен көргеніміз бен көңілге түй­генімізді баяндай кетелік. Сон­дай-ақ жоғары бағалап та, қай­бір тұсымен келіспейтінін айтып жатқан көрермен пікірін де жеткізсек. Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз анала­рымыздың ішінде қасиетті До­ма­лақ ана туралы оқиға аңыз-әпсанадан гөрі тарихи шын­дығы­ның мол­дығымен дараланып тұ­ратын шы­ғарманың бірі екені мәлім. Яғни Домалақ ана жайында тарихи деректер де, аңыз-әңгіме де көп. Шын аты – Нұрила, өзгені де баласындай көрген төңірегіне аналық мейірімін шашқан барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтқан сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай «Домалақ ана», «Домалақ ене» атап кеткен. Оның даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайындағы әңгімелер ел арасында кең тараған. Операда көрермен дүниетанымына жақсы таныс діни-мифологиялық ұғымдар да енгізілген.

Бәйдібек пен Нұриланың ал­­ғаш кездесуінде қыздың қа­сы­на көгілдірлеу құс ұшып ке­ліп, қонады. Бұл Мейір-Пейіл періште еді. Ән кезінде періш­телер Бәй­дібек батыр мен Нұ­ри­ланы айна­лып жүреді. Сондай-ақ Марау ха­нымның нәрестенің басына бармағын батырып жіберетін көрініс бар. Шырылдап жылаған Тілеуберді, сәбиін бауырына басып егілген ана. Сол сәтте, да­уыл тұрып, Рух-Құс келеді. Мис­тикалық музыка ойналады. Рух-Құспен бірге ақ киімдегі жеті пе­ріште қыз да пайда болады. Олар Домалақ ананың қолынан баланы алып, аластайды. Бала жылағанын қояды. Бәйбішенің күндестігі, қысастығы қатар өрі­ліп жататын қойылымда қыз­ғаныш дейтін қызыл иттің жете­гінде кетпеген ақылды әйел ошағының отын сөндірмеуді ойлайды. Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы деректер мен аңыздарды, әсіресе, оңтүстік жұрты жақсы біледі десек қателеспеспіз. Сондықтан да болар, сын айтушылар операдағы Бәйдібек баба мен Домалақ ананың жас айырмашылығы шы­найы деректермен сәйкес емес­тігін алға тартады. Яғни екеуінің жас айырмашылығы 20-25 жыл екенін, сондықтан қо­йылымда көрсетілгендей ро­ман­тика болмағанын айтады. Нұ­риланың ақылы мен дана­лығын мойындағанын Бәйді­бек баба үйленген соң, ауы­лында ұлан-асыр той өтті. Осы бір көріністегі жартылай жа­лаңаш қыздың биін де ерсі сана­ғандар табылуда. Керісінше, ол биді жалықтырып алмас үшін қосылған шоу-элементке балайтын, балет әртісінің Шығыс биі залдағы көрермендерді бір серпілтіп тастағанын айтушы көрермен де баршылық. Сондай-ақ тау тұлғалы батыр, қолбасшы бабамыздың операдағы бейнесін қомсынушылар да бар. Орта бой мен тенорға көңілі толмай, сұң­ғақ та сымбатты баритон дауысты Бәйдібекті көргісі ке­леді. Көрерменнің тағы бірі бәй­бішенің Тілеубердіні жерге лақтырғанын оғаш санайды. Екін­ші көрермен мұны интригаға балайды. Марау ханымның До­малақ ананың сә­биін жерге лақтырып жіберетін кө­рінісінде «Бала тірі ме, әлде өліп қалды ма, деп дегбірің қашып, тыпыршып отырасың», дейді.

Туынды соңында халық ала­қанын жайып, ел анасы атанған Домалақ анадан бата алады. Бұл орайда әйел баласы, қанша данышпан болса да, қазақта бата бермегенін айтушылар бар. Опе­ра өте ықшамдалған нұсқада қо­йылған. ІІ актілі қойылымның ұзақтығы – шамамен 90 минуттай. Жаңа музыкалық форматты, хор орындаушыларының ше­берлігін жоғары бағалап жат­қандар көп. Ең бастысы опера өнерді сағынған үшінші мегаполис тұрғындарын бү­гінгідей көп нәрсе шектеулі сәтте бір серпілтіп тастады. Опе­раның премьерасына қатыс­қан Мəде­ниет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов туындыны жоғары бағалап, театр ұжымына министрдің алғысын жеткізді.

Айта кетелік, Қаратаудың күн­гей бетінде, Балабөген өзе­нінің аңғарында Домалақ ана кесенесі орналасқан. Қазақ хал­қының абыз аналарының бірі Нұрила Әли Сланқызының зира­тының басына тұрғызылған кесе­ненің де өз тарихы бар. Бір­­де Домалақ ананың түсіне ері Бәйдібек ата кіріп, туған ме­­кені Қаратауға көш деп аян береді. Осы жол сілтеумен өмі­рінің соңғы уақыт­тарын Қа­ратауда өткізген аяулы ана на­маз уақытында қайтыс болады. Қазақстан ұлттық энци­клопедиясындағы деректер­ге жүгінсек, 1456 жылы До­ма­лақ ана­ның немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұр­ғызады. Домалақ ана кесенесі бірнеше рет бұ­зы­лып қайта өңделген. ХХ ға­сыр­дың басында қойылған ескерткіш дөңгелек пішінді, сыртынан алты нишалы, ал күм­без негізгі ғимараттың үс­тінде болған. 1957 жылы қайта жаңартылғанымен кесене көп сақ­талмаған. Маңғыстаудан 1996 жылы арнайы әкелінген ақ тас­пен жаңадан өрілген. Жер­­ден 12 метр биіктікте сегіз жапы­рақты етіп өріліп, негізгі бөлігіне күм­без орнатылған. Ал 2000 жылы Домалақ ана кесе­несі айналасын көркейту-көгал­дандыру жұ­мыстары толық аяқ­талған. Ғи­маратта түрлі көне қол­жазбалар сақталған. Кесене көпшілік тәу етер қасиетті орын­ға айналған.

 

Түркістан облысы