Эпидемиялық ахуал бойынша Талдықорған қаласы «қызыл» аймаққа кірді. Осы айдың ішінде қалада қауіпті індетті жұқтырғандар саны 433-ке жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz
Талдықорған қаласының бас санитар дәрігері сәуірдің 1-15 аралығында карантин шараларын күшейту жөнінде шешім қабылдады. Бұл күндері облыс орталығындағы жұмысшы саны 20-дан асатын мекемелер мен ұжым қызметкерлерінің 70 пайызы онлайн форматта жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, барлық білім мекемелерінде оқыту қашықтықтан жүргізіледі. Демалыс күндері қатаң карантин жарияланып, азық-түлік пен құрылыс материалдарынан басқа тауар сататын сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары жабылады. Сенбі, жексенбі күндері сауықтыру орындары мен қоғамдық монша, сауналар, театр мен кинотеатрлар жұмыс істемейді.
«Мұғалімдер мен оқушылардың арасында екі айдың ішінде 39 оқушы коронавирус инфекциясымен науқастанды, сондай-ақ 17 мұғалім індет жұқтырды. Сол себепті біз мектептерді онлайн режимге жіберіп жатырмыз», дейді қаланың бас санитар дәрігері Ермек Әсемқұлов.