Қырғызстанның астанасы – Бішкекте дзюдодан Азия мен Мұхит жағалауы елдерінің біріншілігінің алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстан құрамасы сапында 48 кило салмақта күрескен Әбиба Әбужақынова күміс медальді иеленді. Бастапқы бәсекелерде қырғызстандық Жанар Жолдашева мен үндістандық Деви Шушила Лакмабамды жеңген ол жартылай финалда өзбекстандық Гүлнұр Мұратбаеваны қапы қалдырды. Финалда қытайлық Ли Яннаға есе жіберді.
57 кило салмақтағы Севара Нышанбаева мен 66 кило салмақтағы Елдос Жұмаханов үшінші орын үшін тартысқа түсті. Елдос қырғызстандық Артур Теден айласын асырып қола медальді мойнына ілсе, Севара да дәл нәтижеге қол жеткізді. Шешуші тұста ол Жаңа Зелендия өкілі Джастин Бишоптан басым түсті.
Өкіншке қарай, Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев (60 кило), Ғалия Тынбаева мен Нұрсұлу Ералиева (52 кило) сынды дзюдошыларымызға бұл жарыста жүлде бұйырмады.