• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2021

Қонақжайлық – қазақтың бренді

1514 рет
көрсетілді

Қазақ деген халықтың бір ерекшелігі, қазіргіше айтсақ бренді – қонақжайлық. Ұлтымыздың осынау дарқан пейілімен мақтануымызға да болар. Рас, біреулер оны орынсыз көреді, дарақылыққа да балайды. Сол қонақжайлық тегінге түспейді, әрине. Қонақ келсе, жалғыз атын соя­ды демей-ақ қояйық, қолда барын аямайтыны анық. Есептеулі дүниеде сол қонаққа шығынданатыны біраз қиындық та туғызады. Бірақ біреуге жақсылық жасау, риза ету де тегінге түспейді. Соған барған соң да, басқалар халқымыздың жомарттығын бағалайды.

Оған тарих та куә. Алысқа бармай-ақ кеңестік дәуірде, біраз халыққа зобалаң тиіп, атамекендерінен аластап, біздің елімізге жер аударғанда, олар халқымыздың көңіл жомарттығын көргендіктен, қазірге дейін олардың ұрпақтары ризашылықтарын білдіреді.

Қазақпыз ғой, қайсымыз да осы қонақжайлыққа байланысты әңгіме­лерге назар аударамыз. Атақты адам­дардың сондай жомарттығы туралы естісек, ризашылықпен айтып та жүреміз. Мәселен, ұлы суретшіміз Әбілхан Қастеевтің қонақжайлығы туралы аңыз емес-ау, куәгерлердің әңгімелерінің өзі қаншама?! Соның бірін атақты суретші Үкі Әжиев айтар еді. Оның әлі балғын шәкірт кезі болса керек. Ұлы суретшіден жөн-жосық, ақыл-кеңес сұрайын деп оның үйіне келеді. Әбекең жоқ екен, жас баланы оның бәйбішесі Сақыш апамыз жақсы қарсы алады. Бұл құрмет ұлы суретші келген соң да жалғасады. Батылы жетіп, өзінің кім екенін айта алмай, шәкірт бала қатты қысылады. Үй иелері құдаға лайық құрмет көрсетілген соң ғана баладан жөн сұрайды. Сөйтсе, бұл осы үйдің жалпы тәртібі екен. Өмір бойы мұны ұмытпай кеткен Үкі ғана емес, осындай ғажап ықыласқа бұл әңгімені естіген басқалар да разы болып қана қоймай, рухани нәр де алатыны сөзсіз.

Тағы бір әңгімені ұлы суретшінің қызы Гүлдария айтады. Бірде үйлеріне бір қарт адам келеді. Енді Әбекеңнің сыйлайтын адамы, туыс болар деп, үй-іші жақсылап күтеді. Суретшінің өзі де келген соң, жақсы ықылас білдіреді. Ертесіне ризашылығын білдіріп, әлгі қарт адам кетіп қалады. Туысқан, ағайын болса, біле жүрейік деп Гүлдария әкесінен: «Бұл кісі кім?» деп сұрайды ғой. Сонда Әбекең: «Біл­мей­мін. Қонақ қой», депті. Біреуге күл­­кілі көрінер. Ризашылықпен күлуге де бо­лар. Ал тереңірек ойлағанға, бұл таби­­ғи тазалықтың, адамгершіліктің, жан жо­март­тығының биік үлгісі екені даусыз.

Көп адамды ерекшелеп тұратын, оған деген құрметке жол ашатын оның қонақжайлығы, қолы ашықтығы. Береке де, ынтымақ та, мәнді өмір де сондай адамдардың отбасында. Тәрбиелі де, жайдары да балалар сондай отбасында өсіп жатады. Соларға ықыласымыз да бөлек.

Баспасөзге жақын қауымға аты белгілі фототілші Сиез Бәсібеков аға­мыз «Егемен Қазақстанда» ұзақ жыл қыз­мет істеді және сірә, республикада ол бармаған аймақ жоқ та болар. Сол ағамыздың көп сапарда болып, қонақ­жай­лықтың үлгісін көзімен көріп, жанымен ұққандығынан да шығар, өзінің де қонақжайлығы достары мен таныстары арасында аңызға айналған. Соның біразын атақты Қадыр Мырза Әлі ағамыз жұртты күл­діру үшін айтатын.

Қадекең мен Сиез ағамыздың наға­шылы-жиендік туыстығы да бар. Сонан соң бұл әңгімеге азын-аулақ әзіл де араласады. «Бұл Сәкең қонған үйінің адамдарын Алматыға қонаққа шақырады», дейтін. Содан да іздеп келіп жататындар да баршылық болатын. Бірақ Сиез ағамыз мұнымен шектелмейтін.

Мына бір жайды Кәусария жеңгеміз айтады. Бірде Секең үйіне бір адамды ертіп келеді. Қонақ біраз шаршаған кейіпте. Дереу шай ішіліп, қазанға тамақ салынады. Шөлін басқан соң әлгі адам жуынуға ваннаға кіреді. Онда ол ұзақ кідіреді. «Қонағың неге шықпайды, өзі онда не істеп жатыр, тамақ та дайын», дейді жеңгеміз. Сонда Секең: «Әй, кім! Шықпайсың ба?» дейді. «Қонағыңның атын да біл­мейсің бе?» дейді Кәусария жең­геміз. «Білмеймін. Қонақ қой» деген сөз болыпты ағамыздың жауабы. Әлгі қонақ сөйтсе, өзі ғана жуынып қоймай, үс­тін­дегі киімдерін де жуып үлгеріп, кеп­тіріп киіп алса керек. Бұл адам Сиез ағамызды ана дүниеде де ұмытпас.

Енді осыны кейбіреулер айтатындай, орынсыз қолашықтық (дарақылық деуге ауыз бармайды) дейміз бе, жоқ дарқан көңілдік дейміз бе? Басым көпшілік соңғысына тоқтайтын шығар-ау. Әйтпесе, мұндай адамдарды, олардың әлгіндей іс-әрекеттерін аңыз ғып айтар ма едік?!

Төлеген Айбергеновтей керемет ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Енді өмірден тым ерте кеткен сол азаматтың адамгершілік қасиеттері де сол ақындығымен астасып жатады. Соның бірі – қонақжайлығы. Бір аңызда былай делінеді. Төкең кешкісін үйіне келгенде, қазанға қарайды екен. Жалпы, ер адамның қазанға қарағаны жақ­сы емес дейміз ғой. Бірақ Төкеңнің қара­сы мүлде басқа. Сол қазанда бере­келі дәмділеу ас пісіріліп жатса, «Қой, мұны өзіміз ғана жегеніміз жөн болмас, біреуді тауып келейін», дей­ді екен. Ол заманда қазіргідей ұялы теле­фон жоқ, өзі көшеге шығып, әйт­песе таныстары бар мекемеге барып, біреу­­лерді ертіп келеді екен. Енді мұ­ны әпен­делік дейміз бе? Әй, бірақ сол Әпенде жарықтық та жақсы адам болған ғой.

Қай ауылдан да қонақжайлығымен ауызға ілінген бір емес, талай адамның атын айтуға болар. «Бұл қалай, қонақ кел­мей кетті ғой?», деп айтатын ата­лары­мыздың да көзін көріп қалғанбыз. Ұлт­тың ең бір қастерлі қасиетін қа­лыптас­тырған жарықтықтар еді ғой солар.

1991 жылы Алматыдан 10 журналист Германияға іссапармен бардық. Мақсатымыз – бізден өздерінің тарихи отанына кеткен қазақстандық немістердің қалай орналасқанын көріп қайту. Біраз нәрсені көрдік, білдік. Айрықша әсер қалдырған бір жай болды. Мюнхеннің маңындағы бір жерге барғанымызда бір жігіт: «Ассалаумағалейкүм, көке!» деп сәлем берді. Қазақшалап сәлемін алдық, ішіміз жылып сала берген. Оңашаланыңқырап әңгімелестік. Жағдайын сұрадық. «Жаман емес» деп бір қойды да: «Әлі үйренісе алмай жүрміз», дегенді айтты. «Мұнда біреу мен біреудің жұмысы жоқ сияқты. Ал біз ағайындыққа үйреніп қалғанбыз. Ауылда бір үйде той болса, бәріміз­ге той еді. Ал мұнда көршің үйіне шақы­ра қоймайды. Бұл не өмір?», деді ол. Түсіндік. Сол шетелдегі басқа ұлт өкі­лі­нің сөзінен қазақ халқының қа­сиетін ұққандай болдық.

Әрине, қазір заман басқа. Ешкім бұл күнде үйіңнің тұсына келіп, тере­зеңді қағып: «Сөйлес-ау, құдайы қо­нақ­пыз», демейді. Жұрт баратын жерін біліп барады. Қалаларда кім келер екен деп құшағын жайып отырған қонақ­үйлер жеткілікті. Сөйтсе де...

Иә, сөйтсе де тамыр-таныстардың, дос-жарандардың, ағайын-жегжат­тар­дың бір-біріне қонаққа барып жатқаны қандай жарасымды?! Бұл, ең алдымен, адамдар арасында сыйластық қарым-қатынасты жақсартады. Отбасындағы тәлім-тәрбиеде де оның орны бөлек. Әсіресе жастардың адамдардың бір-бірін жатырқамай, қамқор болу парызын ұғып өсуіне керек.

Қазір қонақ орны қонақүй деген қағида белең алып тұр. Тіпті кейде алыстан келген жақын адамына ас-су берумен шектеліп, содан кейін қонақүйге шығарып салу да әдетке айналған. Осыған орай, бір ауылдас азаматтың қалаға барғанда қиналатынын айтқаны бар: қонақүйде таныс біреу жолықса, мынаның қалада сыйласатын адамы жоқ па екен деп ойлайды-ау деп ыңғайсыздансаң, енді сол жақын адамыңның үйіне барып түссең, бұл өзі қонақүй тұрғанда мұнда несіне келеді деп ойлайды ма деп те қысыласың деген.

Уақыттың, заманның өзгергенін ескермесек болмас, шектен де шық­паған жөн, әрине. Қалай болған­да да, басқалар бағалаған асыл қасиетімізді жоғалтып алмасақ дейсің ғой. Жас­тарымыз соны біліп қана емес, қас­терлеп өссе, кәні?! Жоғалтып алсақ, халқымыздың жаны жүдейді.

Кейде бір шаңырақтың өзінде ондағылар бір-бірімен түсінісе алмай, ырду-дырду болып жатады. Сол үйде көңіл жомарттығы тапшы екені анық. Қонақ келсе, жайраңдап қарсы алатын үйде мұндай болмайды. Кез келген адамға көңілін сыйлауға құштар жандар жақындарымен де дауға бармайды.

Қалада тұрақтаған көбіміздің ауылы­мыз бар. Онда туыстар ғана емес, таныстарымыз да тұрады. Соларға барып тұрсақ, олар келіп тұрса, жанымыз жадырайды, көңіліміз өседі. Оны ақшаға сатып ала алмайсың.

Ауылдағы бір атамыз: «Қонақ келсе – құт, оны тік тұрып күт», деп бел­гілі мақалды өзінше жетілдіргендей болатын. Жақсы адам еді жарықтық.

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі