Жаз айында өрт қаупі өте күшті. Әсіресе, бұл кезде орман, дала алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Өрт шығу себептерін сараптағанда, көбінесе адамдардың кінәсінен болатыны анықталды. Сондықтан өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.
Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, темір жол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады. Сызбада көлік жолдары, тұрғын үйлер, кардондар, өзендер, көлдер, орман шаруашылығының кеңселері, өрт бақылайтын тұрғылар, хабар қабылдайтын пункттер, өрт шығу қаупі бар объектілер белгіленеді. Мұнымен бірге, оған өрт қауіпсіздігі құрылымының жоспарында орманды бақылау қызметін ұйымдастыру, өрт сөндіру-бақылау құрылғыларын салу, телефон байланысының жүйесін жаңартып тұру, радиобайланыс ұйымдастыру, т.б. қызметтер кіреді.
Орман өртінің алдын алуға бағытталған үгіт-насихат тәрбие жұмыстардың түріне мектептерде, клубтарда, сауықтыру орындарында, туристік базаларда және басқа да бұқаралық мәдени орында оқылатын лекциялар, баяндамалар жатады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы орман алқаптарын өрттен қорғау жөнінде жиі айтып отыру керек. Әсіресе, өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып, газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін көпшілікке түсіндірудің маңызы зор. Біздің мекеме орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, фенологиялық алаңдарда, эко-туристік маршруттарда, хабарламалар аншлактар ілу арқылы өрттен сақтандыру шараларын жасады. Алайда осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы – орманды тілсіз жау – өрттен қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз.
Өрттің сыртқы себебі көбінесе сөндірілмеген шылым не сіріңке, аңшылық, механизатордың өрт қауіпсіздігін сақтамауы, тұтануға бейім майланған материалды тастап кету, техника қауіпсіздігін бұзу, көліктің жанында шылым шегу және т.б. орман ішінде болған саяхатшылар, демалушылар, ауыл шаруашылығы жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағу, орман алаңдарына, дала алқабына жақын жерлердегі егістің орнын өртеуден болады. Сондай-ақ күннің сәулесі мол түсетін жерлерге тастап кеткен шынының сынығы жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады. Орманда шаруашылық жұмыстарын (жарылғыш құралмен тамырынан жұлу, қоқысты жағу, жолдарды, электржелілерін, құбырларды жүргізу кезінде сақтық шараларын сақтамау да өртке себеп болады.
Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Орман, дала өртін сөндіретін топқа кірсеңіз, онда сізге өрт сөндіру әдістерін, паналайтын жерді және оған баратын жолды білу керек. Қорғайтын киім (мүмкіндігінше адамдарға арнайы киім, газқағар, каска, түтінге қарсы бетперде) кию керек. Әр топта жерді жақсы білетін жолсерік болуы керек. Егер түтін аймағындағы көз көрерлік жер 10 метрден аз болса, онда оған кіруге болмайды. Егер өртпен күресу мүмкін болмаса, ол жерді тастап шығуға, кетуге тура келеді. Өрт шегіне қарама-қарсы бетке қарай орман жолымен, алаңдармен, өзендердің және жылғалардың жағаларымен жүру керек. Қатты түтіндеуде ауызды және мұрынды сулы байламмен, орамалмен, киімнің бөлшегімен жабу керек. Кейде өрттің ішімен жүгіріп өтуге тура келеді. Мұндайда өкпеңізді күйдіріп алмау үшін демалмай жүгіру керек.
Елді мекенге тақалған өртті тоқтата алмаған жағдайда адамдарды, мүлікті және малды қалай қорғау керектігін, не істеу қажеттігін, ал қажетті жағдайда эвакуациялау туралы жауапты мекеме алдын ала хабарлайды.
Ерлан АҚЖІГІТОВ,
«Тарбағатай» МҰТП РММ-нің еңбек қорғау және техника қауіпсіздік инженері
Шығыс Қазақстан облысы