Республика жұртшылығы ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы, КСРО ҒА академигі, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күнін жыл сайын атап өтеді.
Қаныш Сәтбаевтың туған күнін Қазақстанда 12 сәуір – Ғылым күні ретінде атап өтуіміздің үлкен маңызы бар.
Қ.Сәтбаев – аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының жарық жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ол өзінің өте шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды.
Қ.Сәтбаев еліміздің геологиясын, минералдық ресурстарын зерттеуге және барлауға, ғылыми ізденістерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.
Қ.Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері пайдалы қазбалардың қай жерде шоғырлануы мүмкін екенін болжауға және геологтардың іздестіру жұмыстарын жеңілдетіп, болжамдық карталарды құрастыруға мүмкіндік берді.
Орталық Қазақстанның минералдық-шикізат базасы кеңейіп, «Жезқазған мысы – ел ырысы» деген ұранға айналғаны Қ.Сәтбаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Орталық Қазақстанда кезінде Қ.Сәтбаев ашқан Жезқазған, Жаман Айбат, Жыланды тобы (Сарыоба, Қыпшақпай, Қарашошақ, Итауыз, Жартас) кен орындары орналасқан өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Орталық Қазақстанның рудалық кен орындарын ауқымды игеру кезіндегі жер беті деформациялық процестерін кешенді мониторингтеу» атты мемлекеттік гранттық жобаның Сәтбаев университетіне жүктелуі – университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары деңгейінің жоғары екендігінің бір дәлелі.
Жалғыз Жезқазған өңірі ғана емес, республикадағы көптеген кен ошақтарының ашылуы мен пайдаға асырылуы Қаныш Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. Сонау 1940 жылы: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен байлықтың сарқылмас көздері», деп зор шабытпен, әрі көрегендікпен айтқан сөзінің өзінен қасиетті қазақ даласы кен байлығының исі аңқып тұрғандығын сезінеміз және оған бүгінде көзіміз жетіп отыр.
Қ.Сәтбаев Қазақстан Ғылым академиясының ipгетасын қалаушысы, ұйымдастырушысы, тұңғыш президенті бола отырып, еліміз үшін аса маңызды ғылым салаларының қалыптасуына, өсіп-өркендеп, қанат жаюына бар күш-жігерін жұмсап, айтулы нәтижелерге қол жеткізді.
ҰҒА-ның құрамын, академияның зерттеу институттарын тап осы Қазақ тау-кен-металлургия институтының түлектерімен толықтырып отырды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысымен Қазақ ұлттық техникалық университетіне Қ.Сәтбаевтың eciмі берілді. Қазақ елін әлемге танытқан ұлы ғалым, ұлттық мақтанышымыз Қ.Сәтбаевтың eciміне ие болу – біздің ұжым үшін аса зор мәртебе деп білеміз және ерекше қадір тұтамыз. Әрі бұл мәртебе оқу орнының студенттеріне, түлектеріне, ұстаздарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін де терең сезінеміз.
1934 жылы Қазақ тау-кен-металлургия институтының ашылуына тілек білдірген қазақтың нартұлға ұлы Сәкен Сейфуллин оқуға түскен жастарға институт директоры Әшір Бүркітбаев арқылы мынадай аманат артқан еді: «Инженер мамандар қара бастың қамы үшін емес, ұлттың ары үшін, бip күндік шайлығы емес, елдің байлығы үшін, сол байлықты ел игілігіне асыру жолында пайдалану үшін күресуі керек. Жүректеріңдегі жалындаған жігер мен жасампаз рухты жандандырып, ұлттық рухты асқақтатыңдар!». Осы бата, осы аманат бүгінгі таңда, арада 87 жыл өтсе де, еш маңызын жоймаған күйі Сәтбаев университетінің болашағына бағыт сілтеп тұр деуге болады.
Біздің басты мақсатымыз – осы заманғы үздік техника мен технология жетістіктерін еркін меңгеріп, әлемнің озық елдерінің бесаспап мамандарымен үзеңгі қағыстыратын, терезесі тең, ізденімпаз, білімпаз, оның үстіне өз ұлтына, туған топырағына жан-тәнімен еңбек ететін, халқының тарихын, әдебиетін, өнерін терең түсініп, ұлттық рухының асқақтауына бар күш-жігерін жұмсайтын қазақтың инженер-техникалық зиялы қауымының өкілдерін тәрбиелеу бағытында жүйелі іс атқару болмақ.
Бүгінде университет құрылымында әлемдік техника мен технологияларды игеруді және жер қойнауындағы байлығымызды ел игілігіне жаратуды мақсат тұтқан 9 оқу-тәрбиелік институты, 15 зерттеу лабораториясы, 4 ғылыми-оқыту орталығы, сондай-ақ жаңа ғылыми-өндірістік құрылымдар мен еншілес 6 ғылыми-зерттеу институты, технопарк жұмыс атқарады. Бұлардың әрқайсысы жоғары білікті және бәсекеге қабілетті инженерлерді, ғылыми кадрларды, ғылыми-техникалық зерттеуші ғалымдарды даярлауға, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған.
Университет құрамындағы институттар білім беру қызметінен басқа геологиялық барлауға, кен орындарын игеруге және өндірілген пайдалы қазбаларды байытуға, сондай-ақ өндірістік нысандар мен кен орындарын цифрландыруға бағытталған жаңашыл зерттеу жұмыстарын да жүргізеді.
1962 жылы жарыққа шыққан «Түсті металл рудаларын кешенді пайдалану бойынша Қазақстан Ғылым академиясының зерттеулері» атты еңбегінде Қ.Сәтбаев «Қазақстанның негізгі түсті металдар кен орындары дерлік көпкомпонентті болып табылады және олардың құрамында маңызды металл компоненттері бар. Минералды шикізатты толық және кешенді пайдалану – бүкіл ел үшін ең маңызды мәселе. Оның шешімі – минералды шикізат құрамындағы барлық пайдалы компоненттерді толық және кешенді пайдалануға мүмкіндік беретін техногендік қалдықтарды қайта өңдеудің ғылыми негіздерін жасау және тиімді технологиялық әдістерін әзірлеу», деп атап өткен еді.
Қаныш Имантайұлы осынау күрделі мәселені түбегейлі шешуге жақын қалған болатын. Сәтбаевтың аяқталмай қалған осы ұлы ісін – яғни техногендік қалдықтарды қайта өңдеп, бос тау жыныстарынан тиімді құрылыс материалдарын жасау ісін жүзеге асыруды Сәтбаев университетінің ұжымы құлшына қолға алуда.
Ірі өндіріс орындарынан бөлінген зиянды қалдықтардың шектен тыс көбеюі қоршаған орта жағдайының нашарлауына, адам денсаулығының бұзылуына апарып соғуда. Осының барлығы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді және оны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуды, сондай-ақ оның ресурстарын тиімді пайдалануды талап етеді.
Осындай әдіс-әрекеттердің бірі – көп жылдан бері жинақталған техногендік қалдықтарды (техногендік минералдық түзілімдерді – ТМТ) өңдеу. Қазір ірі өркениетті елдер кең аумақтарды алып жатқан, жеңіл үрленетін заттардан тұратын, аймақ үшін экологиялық қауіп төндіретін осы ТМТ-ларды қайта өңдеуге және одан металдарды бөліп алумен қатар, қалған бос тау жыныстарын екінші шикізат ретінде алып, олардан құрылыс материалдарын жасап шығаруға көңіл бөліп отыр.
Ал енді ертеңгі күні қандай керемет жобалар болады? Олардың ең негізгілерін ғана атап өтейік:
Қазақстан Республикасының минералды-шикізат кешені мүдделеріне орай жүргізілетін инновациялық зерттеулер және табиғи ұқсастығы бар жаңа технологиялар мен материалдарды жасау.
Келешегі зор энерготиімді технологияларды цифрландыру жобалары, жылу және салмақ алмастыру үрдістерін жылдамдату, құрылымдарды тәжірибелі зерттеулер мен газ тәрізді, сұйық және қатты денелердің кең көлемде өзара әрекеттесуін суперкомпьютерлік модельдеу негізінде басқару.
Ақпаратты-аналитикалық кешен: көмірсутекті шикізат кен орындарын зерттеу кезінде инновациялық технологиялардың тиімді жұмыс істеуі, оның ішінде геология, ұңғымаларды бұрғылау, байыту, дайындау және тасымалдау үрдістері де бар. Өнеркәсіп нысандары мен машина жасау өндірісін, тау-кен-металлургия кешенін, мұнай-газ өнеркәсібін цифрландыру жобалары.
Металлургия кешені мен мұнай-газ өнеркәсібіндегі минералды және техногенді шикізатты қосымша құны жоғары болатын тауарлы өнім мен рециклингтік технологиялар алу мақсатында кешенді түрде тереңірек қайта өңдеу жөніндегі инновациялық, ресурс үнемдегіш технологиялар.
Жер үсті және жер үстіне жақын нысандарды ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен мониторинг жүргізу және мәліметтерді жинаудың гетерогендік жүйелерін пайдалана отырып классификациялау мен сәйкестендіру негізінде шешім қабылдауды қолдау технологиялары, модельдері мен интеллектуалдық әдістері. Уран өндірісін кешенді түрде толығымен роботтау.
Тау-кен-металлургиялық және мұнай саласындағы технологиялық машиналарда наноматериалдарды қолдану, оларды сандық басқару негізінде пайдалану мен техникалық қызмет көрсетудің тиімді технологиясын зерттеу және әзірлеу.
Қорыта келе айтарымыз, бұдан 60 жыл бұрын минералды шикізатты толық және кешенді пайдалануға арналған еңбегінде Қаныш Имантайұлы Қазақстан жерінің кең байтақ даласына, жерінің қойнауындағы кен байлықтарымызға құрметпен қарау, қорғау, үнемдеу өзіміз үшін, алдағы болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін керектігін жазып, бізге мұра етіп қалдырған. Бұл – байлық көзі, тіршілік нәрі, ұлттық ұғым-түсінігіміздің негізі. Ендеше тіршілігіміздің көзі болып отырған Жерді және оның қойнауын сақтау – біздің ұлттық міндетіміз.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ғылыми саланы қаржыландыру мен басқару жүйесін жаңарту, ғылымды қаржыландыруды арттыру, ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет», деп атап көрсетті. Осыған орай, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылғы 5 мамырдағы «Ғылымның дамуындағы өзекті мәселелер туралы» мақаласында: «Ғылыми ортаны халықаралық деңгейде тану ғалымдардың зерттеу әлеуетіне байланысты, беделді басылымдар саны мен олардың дәйексөздері, ғылыми әсер индексі және т.б. көрсеткіштер арқылы көрсетеді... Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ғылымды басқару жүйесін жаңарту, ғылыми әлеуеттің сапасын арттыру, қаржыландыру және инновацияларды енгізу туралы тапсырмасы біздің экономикамыздың тиімділігін едәуір арттыра алатын түбегейлі жаңа шешімдерді талап етеді», деп атап көрсеткен.
Олай болса, қазақ техникалық интеллигенциясының алтын бесігі, терең тамырлы, мәртебе-мерейдің тұғыры болып отырған, Қ.Сәтбаев ізін салып кеткен қазіргі ҚазҰТЗУ жастарға білім мен ғылымның кілтін ашудан, үйретуден, ғылымды насихаттаудан жалықпаған ұстаздардың ұстазы, ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтан үлгі-өнеге алған университеттің бүгінгі аға буын ақылман ағалары мен батагөй апалары жастарды жоғары біліктілікке шыңдау жолында еңбек ете бермек.
Амандық ТУЛЕШОВ,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүше-корреспонденті
АЛМАТЫ