Қазақстанның болашағын ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуынсыз, тиімді аграрлық ғылымсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы елдің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) шамамен 5%-ын құрайды. Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты да анықтайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық таза ауылшаруашылық өндірісін дамыту және заманауи агротехнологиялар мен инновацияларды енгізу, әлемде тұрақты жоғары сұранысқа ие жоғары өнімді дақылдарды өсіруге көшу арқылы еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Президент мал шаруашылығы саласында қой және қозы, құс етін өндіруді, сүтті мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың болашағы бар деп санайды.
Селекция өнімділікті арттырады
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – нарықта сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруді қамтамасыз ету. Соған байланысты бірқатар міндет қойылды, соның ішінде ішкі нарықты толықтыру және экспорттық әлеуетті отандық өніммен дамыту өзекті.
Еліміздің оңтүстік-батыс аймағында Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерінің 37,2% және жайылымдардың 80,6%-ы шоғырланған, соның ішінде 40 млн гектардан астам шөлді және жартылай шөлді жайылымдар бар. Аймақтың қолайлы табиғи-ресурстық әлеуеті ауылшаруашылық жануарларының барлық түрін тиімді өсіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, аймақта ірі қара мал саны Қазақстанның жалпы мал басының – 27,8%, қой – 47,9%, түйе – 87,1% және жылқы 28,5%-ын құрайды. Еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мал және өсімдік шаруашылықтарының дамуын ғылыми қамтамасыз етумен айналысады. Институттың басым бағыттары – қолданыстағы жануарлар тұқымдары мен ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын ұтымды пайдалану және жетілдіру. Соның негізінде халықаралық стандарттардың талаптарына сай келетін жоғары сапалы өнім өндірісін ұлғайту, болашағы бар технологияларды жасау және тарату.
Селекция мен асылдандыру саласындағы ғылыми әзірлемелер, қой шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы бүгінде өнімнің бірлігіне кететін шығындарды 10-12% шамасында төмендете отырып, мал өнімділігін 10-15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Қылшық жүнді қой шаруашылығында институт ғалымдарының селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде шөл, шөлейт және таулы аймақтарда өсіруге жоғары бейімділікпен сипатталатын төзімді және ірі төлді қойлардың жаңа «Ордабасы» тұқымы шығарылды. Қойлардың тірілей салмағы мен тезжетілгіштігі бұрынғы тұқымдармен салыстырғанда 10-15%-ға жоғарылады. Соңғы жылдары жаңа өнімділігі жоғары генотиптер шығарылды: 4 желісімен «Бадамдық» тұқымішілік типі және 2 желісімен «Шәуілдірлік» зауыттық типі. Биязы жүнді қой шаруашылығында «Қазығұрт» зауыттық типі мен оңтүстікқазақстандық қойлардың тұқыл тұқымішілік типі шығарылды. Шығарылған жануарлар тірілей салмағының жоғарылығымен сипатталады және аналықтардың төлшеңдігі 2,5-3,0%-ға, қозылардың енелерінен айырғанға дейінгі өміршеңдік коэффициенті 2,7-3,0%-ға артады. Оңтүстікқазақ мериносының тұқыл тұқымішілік типті қойлары тірілей салмағы, жүн түсімі және оның ұзындығы бойынша оңтүстікқазақ мериносы тұқымы қойларының стандартынан айтарлықтай асып түседі: Яғни қошқарлары бойынша – 20,5; 30,2 және 25,0%, аналықтары бойынша – 4,5; 32 және 15,5%.
Әулиеата ірі қара малын мақсатты селекциямен сақтау және санын арттыру бойынша бағдарламалар әзірленді. Бұл тұқымның тектік қорын сақтап қана қоймай, оңтүстік өңірде осы тұқымды өсірудің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттырады.
Түйе шаруашылығы оңтүстік-батыс аймақтың 5 облысында белсенді дамып келеді, оның саны республикада 236 мыңнан асады, оның 11,1%-ы – асыл тұқымды. Мал басының жылдық өсімі 10,7%-ды құрайды. Сүт өнеркәсібін дамыту мақсатында Маңғыстау түбегінде «Түпқараған-лөк» желісі, Каспий маңы ойпатында қазақтың екі өркешті түйелерінің «Атырау Бура» желісі шығарылды және Сакон «Бура-41» және «Таушық-бура» зауыттық желілерін шығару барысында селекциялық жетістіктерге патенттер алынды.
Қазіргі уақытта етті малды өсіру, азықтандыру және бордақылаудың тиімді технологияларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде; жайылымдарды геоботаникалық зерттеу, оның вегетациялық кезеңдері мен жыл мезгілдері бойынша қоректілігін зерттеу, жайылымдарды пайдаланудың сызбалары мен жоспары құрылды, сонымен қатар жемшөп пен минералды қоспаларды қолданудың тиімділігі анықталды.
Жаңа сұрыптардың тиімділігі мол
Өсімдік шаруашылығы бойынша негізгі азық-түлік дақылдары: арпа, бидай, майлы дақылдар, бұршақ дақылдары, жеміс-жидек, көкөніс және жидек дақылдарын зерттеу жұмыстары жүргізілуде, жақын және алыс шетелдерден әкелінген шарап пен асханалық жүзім сұрыптарын бейімдеу және бейімделу қасиеттері зерттелуде.
Осылайша, селекциялық жолмен күздік жұмсақ бидайдың жаңа өнімділігі жоғары «Шымқала» сұрыпы шығарылды, бұл аурулар мен зиянкестерге және құрғақшылыққа жоғары төзімділігімен ерекшеленеді. Стандартты «Алмалы» сортымен салыстырғанда өнімділігі 3,6 ц/га, желімтігі 16,8%-ға және ақуызы 17,1%-ға жоғары екендігі дәлелденді.
2020 жылы оңтүстік жағдайларда өсіруге тиімді сояның жаңа «Ақ бастау» сорты шығарылды.
Шөлді жемшөп өндірісінде Қазақстанның тау бөктері аймағында жаңбырмен қамтамасыз етілмеген және жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерлері үшін жақсы пішен болатын түйе жоңышқаның «Сарайшық» сорты шығарылды. Шөл дақылдардың құрғақшылыққа төзімділігін арттыру мақсатында изеннің жаңа «Нұр» сорты шығарылды.
Шағын және орта ауылшаруашылық құрылымдары үшін күздік бидайды, мақсары мен жоңышқаны, суармалы және тәлімі егіншілікте қысқа ауыспалы егісте негізгі және себуге дейінгі өңдеусіз тікелей егудің ғылыми негізделген технологиясы жасалды. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарының қысқы-аралық және шабындық мал азықтық дақылдарын өсірудің қосу, үнемдеу технологиясы жасалды.
Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметімен қатар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында Тассай білім тарату орталығы негізінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мамандарына жоғары тиімді заманауи технологиялар мен жабдықтарды қолданудың теориялық және практикалық дағдыларын үйретеді. Ауыл шаруашылығы ғылымының озық жетістіктері, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиясының соңғы үлгілері туралы ақпарат таратады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік-батыс аймағында мал және өсімдік шаруашылығын одан әрі дамыту үшін Үкімет ғылыми іс-шараларға гранттар бөледі және ғылыми әзірлемелер шынымен тұрақты табысты жобаларға айналуы үшін ғылыми қоғамдастық жергілікті атқарушы органдар, ауылшаруашылық және кәсіпкерлік құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Институт ғалымдары көкөністердің, жемістердің, жидектердің дақылдары мен саңырауқұлақтардың ең танымал түрлері мен сорттарын ашық топырақпен бірге жабық топырақта өсіру жобаларын, сондай-ақ, балық шаруашылығын дамытуды кеңейтуге арналған ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыру үшін мамандарға ұсынады. Жинақталған ғылыми жетістіктерді, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ғана емес, оның сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін агроөнеркәсіптік кешенде ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамның әл-ауқатына әсер етеді.
Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,
«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы
ШЫМКЕНТ