Еліміз тәуелсіздік алған, ескі байланыстар үзіліп, экономика дағдарысқа тап болған өтпелі кезеңде жас мемлекеттің ертеңі үшін қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтау ауадай қажет болды. Осы орайда, Елбасының этносаралық келісім егемендікті нығайтудың іргетасы болатынын ескеріп, ұлт пен ұлыстардың басын біріктіруге күш салған саясаты бірден-бір дұрыс бағыт болғанын уақыт көрсетіп отыр.
Халық бірлігін күшейте түсу мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) еліміздегі этностарды бір шаңырақтың астында топтастырып, рухани бірлік идеяларын қалыптастырып және іске асырып келеді. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі және бар әлемге этносаралық және конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтаудың нақты үлгісі болып отыр.
ҚХА қызметінің бір маңызды бағыты – медиация институтын дамыту. Ассамблеяның XXV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медиацияның маңыздылығы мен дамуы туралы ерекше атап өтіп, ҚХА-ға қоғамдық келісімді нығайту, қайырымдылық және медиация кеңестері жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заң бұған құқықтық негіз болып отыр.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде, әр қалада медиаторлар ұйымдары мен кәсіби медиаторлар жұмыс істейді. Олар сот немесе өзге де құқық қорғау органдарына жүгінбестен, белгілі мәселелер бойынша дау-жанжалдарды шешуде тиісті көмек көрсете алады. Осы орайда, Қазақстан халқы Қарағанды облыстық ассамблеясының, оның ішінде облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің тарапынан бірталай игі іс-шаралар атқарылу үстінде.
«Қоғамдық келісім» ММ-нің медиация кабинеті жергілікті медиаторлар қауымдастығымен және өңірдегі 200-ден астам қоғамдық медиатормен тығыз байланыс орнатқан. Елімізде орын алған эпидемиялық жағдайға қарамастан, өткен жылы да тұрғындарға медиация институтын насихаттауға, қоғамдық медиаторларды оқытуға байланысты түрлі іс-шаралар қашықтықтан өткізіліп, тиісті нәтижесін берді. Халықаралық, облыстық деңгейдегі жаттықтырушы-медиаторлардың қатысуымен Ұлытау ауданында, Сәтбаев, Жезқазған, Теміртау қалаларында болған семинарлар мен онлайн форматта тұрақты түрде өткізілетін кеңес беру отырыстарының тұрғындар үшін маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында соттарда дауларды шешудің балама түрлерін, медиация институтын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі облыс медиаторлары үшін тың серпіліс тудырды. Қазіргі уақытта облыс медиаторлары облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге медиацияны дамытуға байланысты іс-шараларды жүзеге асыруға кірісті. Осы орайда облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі мен волонтер-медиаторлардың алатын орны ерекше. Аймақтағы медиация кабинеттерінде жұмыс істейтін қоғамдық медиаторлар, Аналар кеңесінің мүшелері отбасылық дау-дамайларды шешуде нәтижелі жұмыстар атқарса, волонтер медиаторлар медиацияны насихаттау жұмыстарымен айналысуда.
Биыл алға қойған мақсатымыздың бірі – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларының қатарын көбейту. Өйткені медиация – азаматтарды өзара сыйластық пен кешірімділікке тәрбиелеуге, тұрмыста туындап жататын кикілжіңдерді өркениетті шешуге ықпал ететін бірден-бір құрал. Ұлтымыздың толеранттылығының құпиясы – халқымыздың даналығын, төзімділігі мен сабырлылығын дәріптей отырып, қазақстандықтар санасында ынтымақтастық менталитетін қалыптастыруға атсалыса бермекпіз.
Светлана ШАРДАРБЕКОВА,
Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының басшысы,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіби медиаторы