Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің несие деректерін алмасуға келіскені белгілі. Аталған шарт бойынша ЕАЭО азаматтары кез келген елден (одақтағы) барып несие рәсімдей алады. Өзара келісілген бұл уағда әлі толыққанды күшіне енген жоқ. Бірақ аталған келісімге жеткізбей-ақ қазақстандықтар Ресей банктерінен несие алуға ықылас таныта бастаған сияқты.
Бұл рас па?
Отандық БАҚ-та осындай ақпарат тараған еді. Қазақстанда базалық пайыздық мөлшерлеме – жылдық 9,0 пайыз болса, Ресейде бұл көрсеткіш 4,50 пайызға тең (Ресей Орталық банкі 2021 жылы 19 наурызда ставканы 4,25-тен 4,50-ге көтерді). Сондай-ақ Ресей банктерінде қаржылық емес ұйымдар үшін орташа пайыздық ставка 8,9 пайыз, ал бізде 11,8 пайыз деңгейінде. Пайыздық ставка арасындағы алшақтық қазақстандықтардың ресейлік несие өнімдеріне деген қызығушылығын арттыруы ықтимал. Бұл расымен тиімді ме? Қазақстан компанияларының Ресейден несие алуы қаншалықты пайдалы әрі қисынды? Осы орайда Қазақстан нарығында жұмыс істейтін ресейлік банк басшыларымен, тәуелсіз сарапшылармен пікірлестік. Сондай-ақ Ресей Орталық банкінің де Egemen Qazaqstan газетіне берген ресми пікірін жарияламақпыз.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов бұл пікірмен келіспейді.
– Бір қарағанда Ресейдің несие ресурсы арзан көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Ресейлік коммерциялық банктердегі орташа мөлшерлеме 2020 жылы 8,9 пайыз болды. Аталған көрсеткіш біздің елде 11,8 пайызға тең. Яғни айырмашылық жоғары емес. Егер валюта тәуекелі, транзакциялық шығын факторларын және Ресей қаржы институттары тарапынан қазақстандық резиденттерге қойылатын аса қатаң талаптарды ескерер болсақ, онда әлгі аздаған айырмашылықтың өзі нөлге айналып шыға келеді, – дейді О.Төлеуов.
Оның айтуынша, банктік емес заңды тұлғалардың шетелде алған займдары мен несиелері 1,4 млрд доллардан асқан. Демек қазақстандық резиденттер былтыр жаңа қарыз алмақ былай тұрсын, бұрынғы алған қарыздарын жабумен әуреге түскен.
Банктер не дейді?
«ВТБ Банк» (Қазақстан) басқарма төрағасы Дмитрий Забеллоның айтуынша, бұл жерде теңгенің рубльге қатысты курсын, әлеуетті қарыз алушылардың валюталық табысын және валюта тәуекелін ескеру керек.
– Аталған мәселеге терең мән берер болсақ, бизнес үшін несиелеудің соңғы ставкаларындағы түпкілікті айырмашылықтың шамалы екенін байқауға болады. Өз кезегінде, «ВТБ Банк» резиденті және бизнес субъектісі ретінде өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, оның ішінде нарық бағасынан төмен шарттармен несиелеу бойынша келісім жасауды талап ететін трансферттік баға белгілеу туралы заңға сәйкес жүргізеді. Осыған байланысты, ВТБ шетел валютасындағы несие үшін де несие мөлшерлемесін нарықтық орташа деңгейден төмен ұсына алмайды, – деді Д.Забелло.
Осы тарапта «Сбербанктің» де ресми көзқарасын білгіміз келді:
– «Сбербанк» Қазақстанда тіркелген заңды тұлға ретінде Қазақстан заңнамасымен жұмыс істейді және оны Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тікелей бақылайды. Қазақстанда несиелеуге берілетін негізгі валюта теңге болғандықтан, Ресей Орталық банкінің базалық мөлшерлемесі теңгемен несиелеу мөлшерлемесіне еш әсер етпейді. «Сбербанк» жергілікті банк болғандықтан, біздің теңге және рубль бойынша несиелеу ставкамыз екінші деңгейлі банктер ұсынатын несиелеу мөлшерлемесі деңгейінде, – делінген банк жауабында.
Сарапшылар пікірі
Қаржыгер Расул Рысмамбетов алдымен ресейлік банктердің қай салада несие беріп жатқанын білу қажет дейді.
– Ресейлік банктерден арзан несие алу табыстылыққа кепіл бола алмайды. Себебі рубльдегі табыстылық базалық ставкаға сәйкес келеді. Яғни рубльдік табыс та төмен болмақ. Әрине, біздің компаниялардың ішкі нарықтан ақша таба алмай, белсенді түрде шетелдік банктерге кетіп жатуы әбден мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның өзінде де қазақстандық клиенттерге ұсыныспен келетін ресейлік банктердің кеңселері мен менеджерлері де аз емес, – дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, мәселе тіпті базалық ставкада да емес. Ресей бірқатар позиция бойынша жаңа нарыққа кіру үшін пайыздық ставканы азайтып, өз өнімдерін белсенді ұсынуға мүдделі. «Өйткені Ресейде де тура біздегідей банктік дағдарыс жүріп жатыр. Банкирлерді тұтқындап жатыр. Банктерді лицензиясынан айырып, оларға деген талапты күшейтуде», дейді.
Бізге жауап берген «Сбербанк» өкілі нақты бір несие ставкасын айту қиын дейді.
– Несиелеу ставкасы көптеген факторға тәуелді – қаржыландыру валютасы, қаржыландыру мерзімі, қамтамасыз ету құрылымы және оның жоқтығы. Қандай да бір нақты ставканы айту қиын. Жалпы алғанда, Қазақстандағы мөлшерлеме шамамен бір дәлізде, – дейді.
«ВТБ Банк» басқарма төрағасы Д.Забелло несиелеу мөлшерлемесі несие өнімінің түріне байланысты екенін айтады.
– Біздің банк жеке және заңды тұлғалар үшін несие мөлшерлемесін анықтауда жеке тәсіл қолданады. Банкте несиелік тәуекел рейтингінің бірегей жүйесі бар. Соның арқасында банк тіпті жеке тұлғаларға да несие бойынша жеке мөлшерлеме ұсыну мүмкіндігіне ие. Банк клиенттері жеке тұлғалар үшін кепілсіз несиені жылдық 15 пайыз мөлшерінде (ЖТСМ 16 пайыздан) ала алады. Шағын және орта бизнес өкілдері ШОБ-ты дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама аясында 6,0 пайыздан (ЖТСМ 6,1 пайыздан) бизнес-займ алады. Егер несие банктің жеке қаржысынан берілсе, онда 15,5 пайыз мөлшерлемемен (ЖТСМ 15,6 пайыздан) алады, – деді Д.Забелло.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарёв шетелден қарыз алу кезінде валюта тәуекелі туындайтынын айтады. Сарапшы мұны 2008 жылдардағы валюталық ипотека (ипотеканы шетел валютасымен рәсімдеу) дағдарысымен салыстырады.
– 2007-2008 жылдары адамдар жаппай валюталық ипотека ала бастады. Бірақ жалақыны теңгемен алады. Ол кезде курс доллары тұрақты болды. Ал валюталық ипотеканың пайыздық ставкасы төмен еді. Сөйтіп, адамдар валюта тәуекеліне тап болды. Өйткені теңге құлдырады, ал адамдар теңгемен жалақы алуды жалғастыра берді, нәтижесінде өз төлемдері бойынша аса жоғары төлемдерге тап болды. Біздің компания Ресейден несие алып, бірақ тауарын Ресей нарығына экспорттайтын болса, сөйтіп табысты рубльмен алса, онда дәл бұлай валюта тәуекеліне ұрына қоймайды. Егер компания Ресейдегі төмен ставкаға қызығып несие алса, бірақ Қазақстанда сауда жасап, табысын теңгемен алса, онда валюта тәуекеліне тап болады. Мысалы, былтыр шілде, тамыз айларында теңгеге қатысты рубль курсы 5,5-тен 6,2-ге дейін көтерілді. Мұндай кезде рубльмен алған несиені қайтару қиындап кетеді, – дейді сарапшы.
Қазір Қазақстанда «Сбербанк», «ВТБ Банк» және «Альфа Банк» секілді ресейлік еншілес банктер белсенді жұмыс істеуде. «ВТБ Банк» басқарма төрағасы соңғы бес жылда банктегі несиелеу көлемі 2 есе (82 пайыз) өсті, соңғы екі жылда депозит портфелі 2 есе артты. Бұл көрсеткіштер банктің отандық нарықта сұранысқа ие екенін аңғартады дейді.
Қазақстанға келген капитал ағыны қанша?
Тақырыпты аша түсу үшін мақаланың географиялық ауқымын да кеңейтуге тура келді. Ресейлік экономистер Мстислав Афанасьев пен Наталья Шаштың «Российские инвестиции в странах Европы: текущее состояние и перспективы» атты мақаласында 2018 жылдың қорытындысы бойынша несие ұйымдарының табысы 20 млрд доллардан асып кеткені айтылады.
«2019 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша 359 ресейлік банктің жалпы табысы 286 млрд рубльді құрады. Көптеген банктік ұйымның кірістерінің өсу қарқыны капитал мен активтердің өсу динамикасынан озып кетті, бұл тұтастай алғанда ресейлік банк секторының кірістілік көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуін білдіреді. Несие циклі ресейлік банк бизнесінің дамуында басты фактор болды. Ал қаржы ағынын қалыптастырудағы басты қозғаушы күш – несиелеу. Оның үлесіне елдің банк жүйесіндегі жиынтық активтердің 69 пайызы тиесілі» делінген мақалада.
Ресей банктерінің шет мемлекеттерге белсенді түрде қаржы таратуынан федерацияның қаржы секторының өсіп-өркендеуіне жол ашып отырғанын байқаймыз. Көрші ел Қазақстан үшін де белсенді қаржы көзіне айнала бастағандай. Ресей Орталық банкінің жауабы да бұл ойымызды растай түседі.
«2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан Республикасы үшін Ресей Федерациясының банк секторында шетелдік активтердің көбейгені байқалады. Ресей Федерациясының қолданыстағы нормасы ресейлік банктердің Қазақстан Республикасының резиденттеріне несие беруін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай несиелеу туралы шешім қабылдау несиелік ұйымның операциялық қызметіне жатады. Ресей Федерациясының №86-ФЗ РФ Орталық банкі туралы федералдық заңының 56-бабына сәйкес «Россия Банкі» федералдық заңдармен қарастырылған жағдайларды есепке алмағанда, несие ұйымдарының операциялық қызметіне араласпайды» делінген жауапта.
Бұдан кейін Ресейдің банк секторындағы міндеттемелер мен шетелдік активтердің географиялық бөлінісі туралы статистикаға зер салдық. Қазақстанға берілген қысқа мерзімді активтер көлемі 190 млн долларды құраса, ұзақ мерзімді активтері 4 млрд 396 млн долларға тең. Бұл ретте Қазақстанның қысқа мерзімді шетелдік міндеттемесі 706 млн доллар болса, ұзақ мерзімді міндеттемесі 451 млн доллар көлемінде. Қазақстанға Ресейден келген ұзақ мерзімді активтер көлемі ЕО-дағы Германия, Бельгия, Дания, Грекия елдерінен де жоғары, ал ТМД елдерінің ішінде екінші көрсеткішке ие (Арменияда 7 млрд 281 млн доллар).