• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Сәуір, 2021

ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі өсті

344 рет
көрсетілді

Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тасымалданатын тауар көлемі 9 пайызға өскен. Импорт 2 пайызға қысқарған. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымының құны 3 млрд долларды құрапты. Бұл 2020 жылдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары.

Жалпы, экспорт 9 пайызға, ақшаға шаққанда 892,6 млн дол­ларға өссе, импорт 1,7 па­йызға – 2,1 млрд долларға қыс­қарған. Одақ елдерінің ішінде Ресеймен арадағы тауар айналымы ең жоғары көрсеткішке ие: 2,7 млрд доллар. Одан кейінгі орында 112,4 млн доллар тауар айналымы көрсеткішімен Беларусь тұр. Қазақстанның Беларусь елімен сауда-саттығы былтырмен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Тиісінше, Қыр­ғызстанмен арадағы тауар айналымы 109,8 млн, Армениямен тауар айналымы 2,3 млн долларды құрайды.

Экспорттың да басым бөлі­гі Ресейге жөнелтіледі: 795,9 млн доллар. 2020 жылмен са­лыстырғанда 10,7 пайыз өсім байқалады. Ал импорт 1,9 млрд долларды құрайды. Бұл ретте 2020 жылдың қаңтар-ақ­панымен салыстырғанда им­порт көлемі 2,3 пайызға азай­ған. Беларусьқа экспорт 15,1 млн долларды құраса, Қыр­ғыз­станға жіберілген өнім кө­лемі 80,3 млн доллар мөл­шерінде. Қазақстаннан Арме­ния­ға 1,3 млн доллардың өнімі жеткізілген.

Қазақстан Одақ елдеріне негізінен темір рудасы мен прокатты экспорттаса, бұл елдерден автокөлік, табиғи газ, темір және болат шыбық­тары им­портталған. Сауда және ин­те­грация министрі Бақыт Сұл­тановтың айтуынша, Ресейде ашылған Қазақстанның сауда өкілдігі бизнес-келісім­шарт­тарды жолға қойып, отандық өнімді тасымалдауға, сатуға көмектеседі.

– Өткен жылы тауар ай­н­а­лы­мының жалпы құлды­рауы­­на қарамастан, Ресейге агро­өнер­­кәсіп өнімдерінің үлкен же­лі­сінің экспортын ұл­ғай­­туға мүм­кіндік туды. Негіз­гі өсім қазақ­стандық жет­кізу­­­ші­­лер мен ресейлік сауда желі­­лерінің «тоғысуына» бай­­­ла­нысты. Ресейдің ірі желі­­­­леріне тек 85 265 тонна көкөніс пен жеміс жеткізілді. Дәл осы аг­роөнеркәсіптік кешен өнімі сауда желілерінің сұра­­ны­­сын­дағы импортталатын өнім­нің барлық көлемінің 70 па­­йы­зын құрайтынын нақ­тылай­­мын. Мен өз тауарларын Ресей­­ге экс­порттауға мүд­де­лі бар­­лық қазақ­стандық тауар өндіру­ші­лерді біздің Мәскеу неме­се Қазан қа­л­а­ларындағы сауда өкіл­­дігі бөлімшесімен байланысу­ға шақырамын, – дейді министр.

Соңғы уақытта ЕАЭО аясын­дағы Қазақстанның рөлі туралы жиі сөз болып жүр. Халқының көптігі және экономикалық әлеуетінің беріктігіне байланысты Одақтағы Ресейдің үлес салмағы бәрінен жоғары болып тұрғаны белгілі. Бұған орай Б.Сұлтанов өз пікірін айтады.

– Заманауи халықаралық экономикада жекелеген елдер­дің нарығы үшін емес, жекелеген өңірлік сауда бір­лестіктерінің нарығы үшін белсенді күрес жүріп жатыр. Мен осы салада әлеуетті инвесторлармен жиі кездесемін. Олардың көбі өз бизнесі­нің табыстылығын Қазақ­с­тан нарығына байланыс­тырып емес, Ресейге тауар экс­порт­тау тұрғысынан қарас­ты­рып баға­лайды. Кез келген инте­гра­циялық бірлестікте эко­номикалық лидердің болаты­ны сөзсіз. Экономикалық қуа­ты төмен ел өз әлеуетін өзінен де мықты серіктестер есебінен көтеруге мүмкіндік алады. Мә­се­лен, Еуропалық Одақта 27 мем­л­екет бар. Әрқайсысының эко­номикалық деңгейі әртүрлі. Өзара сауданың басым бөлігі ЕО лидері – Германияға тиесі­лі. Бүкіл Шығыс Еуропа со­ған ұмтылады. Бірлескен жоба­лар, кооперация, білім дең­гейін арттыру, адамдар мен капи­талдың еркін айналымы ар­қылы тәжірибе жинап, деңгей арт­тыруға талпынады, – деп түсін­дірді министр.