Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов коллекциялық монеталардың бағасы неге бірдей емес екенін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, монетаның бағасы екі құрамдас бөліктен тұрады. Орташа есеппен алтын монеталардың 85%, күміс монеталардың 52%-ға дейінгі бағасы бағалы металдың бағасына байланысты қалыптасады. Монетаны дайындап, орауға кететін шығындар алтын монета бағасының 15%, күміс монета бағасының 48% құрайды.
«Монеталардың құны күн сайын Лондондағы бағалы металдар нарығы қауымдастығының таңғы фиксингіне (баға белгілеуіне) сәйкес ұлттық валютаның алдыңғы жұмыс күніндегі АҚШ долларының ресми бағамы бойынша теңгемен индекстелетінін атап өткім келеді. Міне, сондықтан да, коллекциялық монеталардың бағасы күн сайын өзгеріп тұрады, бірде қымбаттаса, бірде арзандайды. Ұлттық Банк монеталардың сатылымынан пайда табуды көздемейді», деді ол.
Осы орайда ол коллекциялық монеталарды шығарудағы мақсатты айтып өтті.
«Орталық банк еліміздің мәдени және тарихи мұрасын сақтап, оны дамытуға үлес қосып, маңызды жетістіктер мен айрықша оқиғаларға ғасырлық ғұмыр бере отырып ағартушылық мақсатта коллекциялық монеталарды шығарады», деді департамент директоры.